Қоғам

Қасат қарды күреп үлгере алмай жатыр

Облыста бірнеше күн бойы толастамай жауған қар мен ұйтқи соққан жел қалалықтардың да, далалықтардың да аяқ-қолын матап тастағандай болды. Ал табиғаттың тосын мінезіне қарсы әрекет қылатын құзырлы мекемелер болса, тәулік бойы жұмыс істеу кестесіне көшкен.

Бәрінен бұрын қалың жауған қар мәселесі қиын болып тұр. Соның салдарынан үлкенді-кішілі елді мекендердегі көліктердің қозғалысы қиындап, көшелерде кептелістер көбейді, бірнеше бағыттағы жолдар жабылып, ауыл-аймақтағы ағайынмен байланыс үзілді.

Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлағандай, қазір аймақтағы жалпы қашықтығы үш мыңнан астам шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдарды «ОблШығысЖол» кәсіпорнының 116 техникасы тазалауда. Бұған республикалық трассаларды қардан арылту жұмыстарына жұмылдырылған ондаған өзге де техниканы қосыңыз.

Сонымен қатар облыс аумағындағы тас жолдардың бойында 12 616 метр стационарлы қар ұстағыш қалқандар орнатылған. Төтенше жағдайда жолаушыларға пана болатын төрт жылыту бекеті де әзір тұр.

Ал «Қазавтожол» мекемесі берген соңғы ақпаратқа сенсек, елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзындығы 4 188 шақырым болатын 34 учаскеде көлік қозғалысына шектеу қойылған. Бұл республикалық маңызы бар жолдардың 16,8 пайызын құрайды. Жол қозғалысы жеті облыста жабық. Оның ішінде Шығыс Қазақстанның Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясы шекарасы, Омбы – Майқапшағай, Өскемен – Семей, Өскемен – Шемонайха – РФ шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Бұғаз сияқты тас жолдары да бар.

Қалалардағы жағдай да мәз емес. Әсіресе облыс орталығы – Өскеменде ауа райының қолайсыздығына байланысты көптеген мәселе туындауда. Қар тазалайтын техниканың жер-жерде тау болып үйілген қасат қарды күреп үлгере алмай жатқан көріністері тағы бір мәрте шаһардағы коммуналдық қызметтің осал тұстарын көрсеткендей.

Қала тұрғындары әсіресе автокөлік жолдарының уақтылы тазаланбайтынына және жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жиегінде қардың күрелмей апталап үйіліп жататынына наразы.

– Жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың маңындағы қар ересек адамның бойынан асады. Тіпті жол бойындағы белгілерге тақап қалған. Көлік жүргізуші жаяу жүргіншілерді, ал жаяу жүргінші көлікті көрмейді. Ал биліктегілер мен мердігер компаниялар болса, қар еріп кетер күнді күтіп жүргендей, – деп күйінді өзін Наталья Очаковских деп таныстырған шаһар тұрғындарының бірі.

Осы ретте тәртіп сақшылары аталған мәселеге қатысты 61 тексеру жүргізіп, жауапты мекемелердің 33 олқылығын анықтағанын айту керек. Осылайша, полиция қызметкерлері төрт лауазымды тұлғаны  әкімшілік жауапкершілікке тартыпты.

«Олардың үшеуі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабы бойынша, үшеуі 462-бабы бойынша айыпталды. Тәртіп бұзғандарға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», деп хабарлады полиция басқармасы.

Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар ақырындап болса да атқарылып жатқанын да жоққа шығаруға болмас. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен хабарлағандай, қазір Өскемендегі Қазақстан, Нұрмағамбетов, Абай, Әуезов, Жеңіс, Назарбаев, Астана, Потанин сияқты орталық көше-даңғылдарымен қатар, шеттегі ықшам аудандардың жолдарын күтіп ұстауға жіті көңіл бөлінуде. Коммуналдық қызметтер әсіресе жолдардың бетіне көктайғаққа қарсы инертті материалдар көптеп себуде.

«Жолдарды шама-шарқымызша қардан арылтудамыз. Аталған шаруаны бұдан да жылдам тындыруға болар еді. Алайда көп жағдайда техникамыздың қар күреуіне көше бойында тұратын автокөліктер кедергі келтіріп жатады», дейді мамандар.

Ал Семей қаласының көшелерінен бүгінге дейін 50 мың текше метрден астам қар шығарылыпты. Соңғы күндері қалада жауған қар мөлшері жарты метрге дейін жеткен. Онымен күресу үшін шаһар көшелеріне 50-ге жуық техника шығарылған-ды.

– Қараша айынан бері қаладан 51 453 текше метр қар шығардық. Қазір көше жолдарын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдымен негізгі көшелер мен даңғылдарға көңіл бөлудеміз. Көп ұзамай кезек қала шетіндегі аудандарға да жетеді, – дейді қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов.

Ал метеорологтардың болжамына сенсек, алдағы күндері облыс аумағында тағы да қар жауып, ауа температурасы 18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button