Мәдениет

Асанәлі Әшімовтің көзіне жас алдырған «Алтай» термесі жайында не білеміз?

Өскемендегі облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында тартымды бір кешке куә болдық. Бұл кеште қойнауына құт дарыған Шығыс өңірі туралы әсерлі әндер шырқалды. Түйсігі бар пенденің тұла бойын шымырлатар сол әндерді тоқсан толғақпен өмірге әкелген сазгерлер бас қосты.

Асанәлі Әшімовтің көзіне жас алдырған «Алтай» термесі жайында не білеміз?Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп жатқан «Дәстүрлі музыканың он күндігі» атты акцияға орайластырған бұл шара «Ән-жырым сенсің – туған жер» деген тақырыпта өтті. Кешке Арыстанбек Кәкеев, Серік Бабаханов, Қайырбек Оразбеков сынды сазгерлермен қатар жас әншілер Әділ Рысбаев, Толқын Сәрсенбина, Дарқан Сәдібаев қатысты.

Тартымды кеш деп бекерге айтып отырғамыз жоқ, мұндай шараны соңғы жылдары Өскемен өңірінен бірінші рет көріп отырмыз. Сазды әуендер сап түзеген салиқалы кешті аталмыш кітапхана қызметкері, белгілі айтыскер ақын Құралай Әлкенбаева қолға алыпты. Нәтижесі жаман болған жоқ, көрермен атаулы көңілін бір серпілтіп қайтты.

Туған жердің құдіретін бойтұмарындай қастерлеп, кіндік қаны тамған киелі өлкені ғұмыр бойы жырлап кеткен ақын-композиторлар аз емес біздің өңірде. Құралай солардың есімдерін ел есіне қайталап бір салып қою үшін Өскемен өңіріндегі көзі тірі сазгерлердің басын қосып, әншілер мен авторларға әндерін орындатты. Көзден кеткендерді де көңілден ұмыт қалдырған жоқ. «Шығыстың Шәмшісі» атанған, нақтырақ айтсақ, күллі қазақтың талантты ұлы Оралхан Көшеровтің да асқақ әндері айтылды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл кештің бұрынғы кештерден өзгешелеу тұстарын айтайық. Кеш бастала салысымен-ақ шараны ұйымдастырушының көп еңбектенгенін аңғардық. Ол бүгінде әр ауданның әнұранындай болып кеткен «Тарбағатай тауларын» Болат Әшірбаевтың, «Күршімнің суларын» Қайырбек Оразбековтың, «Ұланымды» Оралхан Көшеровтің, «Марқакөлімді» Серік Бабахановтың, «Туған жерді» Арыстанбек Кәкеевтің қай кезде, қалай шығарғанын терең зерделеп, зерттепті. Тіпті, сазгерлердің өзімен кездесіп, арамыздан аттанған авторлардың жолдас-жораларымен сырласыпты. Әр ән орындалмас бұрын оның шығу тарихы түсіндіріп отырылды.

Шыны керек, осы әндерді бұрын той-томалақтан талай тыңдап жүрсек те, дәл осы шарадағыдай әсерлі болғанын көргеміз жоқ. Айталық, бүгінде «Алтай» деген атпен ел аузында жүрген терменің сөзін 1930-жылдары қытымыр заманның қырына ілініп, туған жерін шарасыз тастап, қытай асып бара жатқан Арғынбек Апашбайұлы жазыпты. Бірақ, ол «Жер – адамның анасы» деген атпен қалдырып кетсе керек. Зарлы толғау қолына түскен Оралхан Көшеров бұған ән жазып, жерлесі Есен Мәженевке беріпті. Ал талантты әнші оны 1994 жылы республикалық «Жігіт сұлтаны» сайысында орындап, бірінші орын алған. Сол сайыста көрермендер қатарында отырған Асанәлі Әшімов әнді естіп: «Жарайсың ұлым, қайран Алтайымды жеріне жеткізе жырладың-ау» деп көзіне жас алыпты.

Міне, сондай тұлғаларды жылатып жүрген әнді бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті.

Иә:«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта»
деп толғаған Мұқағалидың тұжырымдамасына иек артсақ, әр туындының өз тарихы, өз толғақ-азабы бар. Сол сәттерді көрерменге шеберлікпен жеткізген Құралай Әлкенбаеваға сазгерлер де, көрермендер де алғысын айтты. Бұл шараның көрермендерінің көбі әр ауданнан келген кітапхана қызметкерлері болды. Онсыз да жандары руханиятқа бай жандар өз аудандарының әнұраны орындалғанда қосылып бірге шырқады.

– Біз Өскеменге біліктілік арттыру мақсатында екі апталық оқуға келген едік, міне, бүгін кітапханадағы тамаша бір кештің куәсі болдық. Бұл біз үшін күтпеген жағдай, тосын сый болды, – деп ағынан ақтарылып, алғысын айтты қаладағы №45 мектептің кітапханашысы Бақытжан Дүзікенова. Тіпті, кітапханашылар арасынан алғыстарын білдіріп, ән айтып бергендер де болды.

Кеш соңында көп уақытқа дейін көрген жұрттың көңілінде жүретін ән-күй сыйлаған қонақтарға аталмыш кітапхана тарапынан тамаша кітаптар тарту етіліп, құрмет көрсетілді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button