Асабаның алатыны көп, айтатыны аз

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың жан сала дамытқан ісінің бірі той болды. Кешегі бабалардай ат бәйгесіне адам тікпесе де, аспаннан ұшақпен ақша шашқанға дейін жетті бүгінгі байлар. Байлар ғана емес-ау, қарапайым халық та қарызданып жүріп бір тойын көңілдегідей өткізуге тырысады. Демек, рухани жаңғырудың көкесі ұлттың тойында жатыр деген сөз. Қазақтың қаншама салт-дәстүрі осы той арқылы өмірге қайта келген жоқ па?!
Мейманды мейрамханадан аттандырдық
Сіз келіссеңіз де, келіспесеңіз де, қазіргі ұрпақ салт-дәстүр тәрбиесін тойдан алуда. Ендеше, халықты аузына қарататын асабалар ұлтты қалай тәрбиелеп жатыр?
Өткен тарихымызда біркелкі жорға мініп, сол жоғалармен табақ-табақ ет тартса, қазіргі тойлардың мақтаны – жарыса сөз сөйлеп, жалпылдап билеу. Би болғанда да даңғаза музыкаға елткен дарақы қимыл. Дарақылық емей немене, сақалын араққа малған ата мен жас келін құшақтаса билеп, күйеу жігіт пен ене ортада «жекпе-жек» өткізіп жүрсе. Кім кінәлі? Әрине – асаба. Салт-дәстүр сабақтастығын үзбей, қазақтың қара домбырасының құдіретімен өтетін тойлар да жоқ емес.
Өзге өңірді қайдам, Өскемен маңында екі сөздің басын қоса алатын екінің бірі асаба. «Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, интернеттегі иесіз сөздерді жаттаған әлгілер «тойды басқарып» береді. Бағалары удай. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Белгілі біреуді де күстаналайық деп отырған ойымыз жоқ. Бірақ өмірдегі бір қуанышына бар жиғанын шашып той жасаған соң, есі дұрыс асаба тапқанға не жетсін.
Бүгінгі таңда тойдың дамуына ілесіп, не сияқты ұятсыз қылықтар да дамып келе жатқанын жасырып қайтейік.
Мысалы, ұлттық салт-дәстүрге уызынан жарымаған кейбір асабасымақтар қыз ұзату тойында жастарды ортаға шақырып алып, сұрақтың астына алады. Қандай сұрақ дейсіз ғой. Жаңағы өз босағасынан әлі аттап үлгермеген, бүкіл туыс-туғандары аялап тойына келіп отырған ардақты қызға «неше бала туып бересің?» болмаса «сен жігітіңді шын жақсы көресің бе?» деген сыңайлы жанға батар жайсыз сұрақтарды қарша боратады. Енді ойлаңызшы, әлгі қыз бала тумақ түгілі, күйеуінің босағасын аттамаған. Ол қыздың әлгі жерде әкесі, ағасы, аталары отыр. Қазақтың қыз ұзату тойында күйеу жігіттің «босағаға шапан ілу» деген дәстүрі бар. Жоңғарды қырған ер Жәнібек Бердәулетұлы жалғыз қызы ұзатылып бара жатқанда, қимай қарап тұрып қалыпты. Батырдың мінезін білетін қыздың шешесі күйеу жігітке ақыл айтып, жолда шапанын шештіріп, бір ағашқа ілгізіп кеткен екен. Көзіне қан толған батыр соңдарынан қуып шығып, әлгі шапанды кескілеп ашуын тарқатыпты. Аялаған аққұсын әлдебіреудің әкетіп бара жатқанына жаны шыдамаған ғой батырдың. Сонда деймін ғой, жаңағы асабалар сол батырдың қызын жақындарының алдына сөйтіп бөзек қылып тұрса, қылша мойыны баяғыда-ақ таллша бұралар еді. Бүгінгі еркектердің де көбінде ұлттық намыс бар, бірақ бір тойының тыныштығын бұзғысы келмейтін шығар. Айтпақшы, тура жаңағы ойындарын ойнатып жатқан бір асаба шалдардың шамына тиіп, тойды тастап қашқаны бар…
Содан кейін екі жасты сүйістіретін кембас асабаларды да көріп жүрміз. Сүю дейтін құдіретті сезімді ел алдында қор қылған ондайларға айтар сөзіміз жоқ.
Баяғының қыздары тоғыз атанға жасау жабдығын артып, анасымен, әкесімен, ағасымен, бауырымен, туған жұртымен, босағасымен қимай-қимай қоштасатын. Сыңсу айтатын. Қыз қадірін түсінетін жұрт солай құрметтейтін. Қос жездесі қолтықтап шығарып салатын еді. Көңілге келсе де айтайық, бүгінгі ағайын қызынан құтыла алмай жүргендей, түнгі тойы аяқтала сала, мейрамханадан күйеу жігіттің қолынан ұстатып жібере салады. Міне, бүгін қыз өсірген ұлттың сиқы. Қадірсіз аттандырудың қайыры да аздау болса керек, қазір үй болғандардан ажырасқандардың саны көп.
Ұзатылып бара жатқан қыз гүл лақтыратын бір дәстүрді көріп жүрміз. Гүлге таласқан қаракөздеріміз жұлысқанға дейін жетіп жатады. Көз алдыңда жігітке таласып жатқандай сұрқия көрініс. Бұл да қазақ қызына жат қылық енді. Ұзатылар қыздың аяқ киімін тығып тастаған дәстүрді қазақ тарихынан қарап таппадық. «Қайын жұртқа қызмет етемін» дегізіп, күйеу жігітке ант қабылдататын асабаларды да көріп жүрміз. «Күйеу атымен күл тасы» деген қазақ, еркектің намысын тапта демеп еді. Отанға қызмет ететін еркекті ел алдына, буынсыз жерден пышақ ұрып, ошақ қасына қарай сүйрегені қалай?! Бөріктінің намысы бір демеп пе еді есті бабаларымыз. Жігіттер, намыс қайда?

«Келінің суға кетсін»
Осындай «ойындардың» бәрін ұялмай істетіп жүрген асабалардың әлсіздігі болмақ. Біздің ойымызша, ел алдына шығатын асаба тілінің тазалығымен қатар қазақтың ғұрпына жүйрік болуы керек.
– Қазір тойларда құдаларға төс қағыстыру деген салт шығарып алдық. Негізі, қазақ құдай десіп құда болып, төс қағысып дос болған. Біз осы екі қатынастың орнын алмастырып жүрміз. Содан кейін халық екі жасқа Жаратқан жар болсын деп Жар-жар айтатын еді. Сол дәстүрді де қазір орынсыз шоуға айналдырып жібердік, – дейді белгілі асабалардың бірі Алтай Мүбәрәк.
Ал үйлену тойының ең басты дәстүрі – беташар. Беташар – жас келінге сол әулетті таныстырып, жиналған жұртқа бары мен бағын жыр арқылы жеткізетін жақсы дәстүр. Қазір бұл дәстүрді тамаша дамытып жүрген асабалар жетерлік. Бірақ фонограммамен бет ашатын эстрадашыл жастар да көп. Беті ашылған әйелдердің бет ашқанын да көрдік. Бұл сорақылық енді. Меніңше, тойды кімге басқартса да, беташарды әулетті толық танитын, жеті атасын жеріне жеткізе жырлайтын адамға беру керек. Егер ондай жағдай болмағанда, асабаға әулет тарихын толық білетін бір кісі алдын ала мағлұмат беруі керек. Әйтпегенде, келген жұрт қосылып бірге айтып отыратын жаттанды беташардың әсері солғын шығады.
Тілектің атасы – бата. Батаны сақалға, болмаса жасқа қарап емес, әулеттің дуалы ауыз ақсақалдарына бергізу керек. Жақында Ұлан өңірінен бір апай хабарласты. Өткен аптада қыз ұзатыпты. Жылап тұр… Жігіт жақтың тойында бата берген тоқсанға тақаған орыс тілді ақсақал «келінің суға кетсін» депті батасының арасында. Ниеті дұрыс болса да, сөзі тура шықпаған ғой. Бәлкім, «балдай батып, судай сіңсін» дейтін жаттанды батаны жаттай алмай қалған шығар ақсақал. Қыздың анасы көңіліме қатты келді деп кейіп жүр. Тойда мұндай олқылықтар көптеп кездеседі. Бата сұрасаң, тост көтеретін үлкендер де жоқ емес. Сонда асаба мен ақсақалдарымыз осылай адасып жүрсе, қалған халықта не жосық болмақ.
– Әдепсіз әзілдер қайдан шығады? Асабалар айтып жүрген «заготовкалардың» орынсыз қолданылуынан шығады. Алуан-алуан орта бар. Бір ортада әлгі әзілімен жұртты қарық қылған асаба, келесі бір тойды жаңағы дүниесімен тағы «жарамын» деп ойлауы мүмкін. Ол жердегі деңгей басқа болса ше? Саф алтындай сөз сөйлеп жатқан меймандардың құлағына бұл түрпідей тимей ме? Әрине, әзілді айтқан кезде õалықтың мінезіне, жас ерекшеліктеріне қарай тонын теріс айналдыра өзгертіп, өңдеп айтса жақсы. Асабалардың көбінде ондай ұшқыр ой жоқ. Сосын асабалар «шығармашылығының» қайнар көзі – YouTube. Шымкентте немесе Атыраудағы асабаның айтқанын айна-қатесіз салатындар бар. Енді қараңыз, ол жақтың сөйлеу мәнері мүлдем басқа. Айғайлап, шәңкілдеп, қонақтарға бұйрық райында команда беріп едіреңдеген асаба көрсеңіз, ол – сол, еліміздің оңтүстік-батысынан үлгі алып жүрген біреу, – дейді журналистика мен тойды қатар алып жүрген әріптесіміз Дарын Нұрсапаров.
Шыны керек, құда күтіп бер десең, жұлдызы жарық асабалардың көбі қаймығып қалады. Өйткені ол жер – асабаның асабалығын сынайтын қатал майдан. Эстрадамен есі шығып жүрген әншілер аттап баса алмайды ол жерге.
Қорта айтқанда, біз ешкімге той басқарма деп айта алмаймыз, өйткені той – халықтың қазынасы. Сол себепті ел алдында жүрген асабалар ұлт мүддесін ойсыратпай, өз абыройын да асыра берсін. Ал той жасайтын ағайын, санасына салт-дәстүрді сіңірген салихалы асабаларды іздесе екен.
Осы беттің оспағы: Бір тойда асаба артықтау кетсе керек, той иесінің туысы далаға алып шығып, баспен сүзіп жіберіпті. Той залына ашулы кірген асаба: – Кетемін, мен бұл жерге бас жегелі келген жоқпын, – деп тулап жатса, ештеңеден хабарсыз бір апамыз: – Қарағым, бастан артық не жейсің енді, – деп жұбатыпты.
Мұратхан Кенжеханұлы