Экономика

ҚАРЖЫНЫ ТУЫСТАРДЫҢ КЕПІЛДІГІМЕН АЛУҒА БОЛАДЫ

ҚАРЖЫНЫ ТУЫСТАРДЫҢ КЕПІЛДІГІМЕН   АЛУҒА  БОЛАДЫ


Ауыл тұрғындарының көпшілігіне басқа емес, ауылға бағытталған шағын несиенің өзі бұйырмай, қаржыдан қағылып келеді. Оның басты себебі – несиені алуға қоятын кепілдігінің болмауы, тұрып жатқан баспанасының мүліктік кепілдікке қоюға жарамсыз болып отырғандығы.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Арман Рауылбековтің айтуынша, қазір қордың қаржыландыру талаптарына тұрғындардың несие алу мүмкіндігін арттыратындай оңды өзгерістер енгізіліп, қаржыландыру тетіктері жетілдіріліп жатыр. Бұдан былай несие алушы азаматтың кепілдік мүлкі жетпесе, оған жұмыс істейтін басқа тұлға –туысы немесе танысы кепілдік бере алады. Егер несие ресімдеушінің кепілдік мүлкі аз сомаға бағаланған болса, оған екінші өзге тұлға қосымша кепілдік беруге болады.

– Ауыл тұрғындары шағын несие берудің талаптары мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпараттар алуы үшін қор филиалы өңір журналистерімен брифинг өткізуге ішкі саясат басқармасына ұсыныс білдіріп, бүгінгі шараға өзіміз ұйытқы болып отырмыз. Қор филиалының мамандары да қазіргі күні әрбір ауданға барып, тұрғындардың өтінімдерін жинап жатыр. Ауыл тұрғындары мал өсіру үшін, кәсіп көзін ашып, табыс табу үшін жеңілдікпен беріліп жатқан несиені қалай алуға, қайдан алуға болатынынан нақты хабардар болуы керек. Ал біздің мамандар олардың өтінімдерінің қанағаттандырылып, шағын несиеге қол жеткізуіне барлық жағынан көмектесіп, қолдау көрсетеді, – деді БАҚ өкілдерімен өткен брифингте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Арман Рауылбеков.

Ауылдағыларға несие беруге арналған несие қаржысы республикалық бюджеттен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалдарына 29 сәуір күні аударылған.

Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында биыл біздің облысқа ауылдағыларға шағын несие беруге 3 млрд. 234 млн. теңге бөлініп отыр. Оның 1 млрд. 940 млн. теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы (550 жоба) арқылы, 1 млрд. 293 млн. теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы (255 жоба) арқылы берілмек. Несие қаржысы қазан айына дейін игерілуі тиіс.

Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ШҚФ-ға бөлінген қаражаттан 500 млн. теңге 250 көпбалалы отбасын несиелеуге жұмсалмақ. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян көпбалалы отбасыларға шағын несие бірінші кезекте берілетінін және несие беруде оларға қосымша жеңілдіктер жасалуы мүмкін екендігін айтты. Қазір Үкіметте қосымша жеңілдіктер беру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
17 мамырға дейін облыста ауыл тұрғындарынан шағын несие алуға 175 өтінім келіп түскен, оның 127-сі мақұлданып, әзірге үш адамға 25,5 млн. теңгенің несиесі берілген. Шағын несие алуда Үржар ауданының тұрғындары белсенділік танытып жатса, шемонайхалықтар сылбыр қозғалып жатқан көрінеді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button