Қаржылық бақылау қатаң жүргізіледі
Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Серікқазы Оразалиевпен жолығып, қаржылық бақылау туралы жаңа заңның маңызы және өткен жылы жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындысы жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Серікқазы Биғазыұлы, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы жаңа заңның маңыздылығы турасында айтып берсеңіз. Оның бұрынғы заңнан қандай өзгешеліктері бар?
Өткен жылдың 12-қарашасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы Заңға қол қойғаны өздеріңізге белгілі. Заң 2013 жылы Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасының негізінде, Мемлекет басшысының «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына сәйкес қабылданған еді. Қабылданған Заңның маңыздылығы Жолдауда және Ұлт жоспарында көрсетілген, осыған орай Ұлт жоспарының 93-қадамы шеңберінде түбегейлі өзгерістер енгізіліп, алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибе негізінде елімізде жаңа мемлекеттік аудит жүйесін енгізуге айрыққа мән берілді.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты бюджет қаражаттарын пайдалану және мемлекет активтерін басқару тиімділігін арттыру болып табылады. Бұзушылықтар қаржылық және процедуралық болып бөлінеді. Басқаша айтқанда, бюджет қаражаттарын негізсіз жұмсауға душар еткен немесе душар етпеген бұзушылықтар. Субъектіге байланысты мемлекеттік аудит сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Сыртқы аудиттің негізгі міндеті – халықтың өмір сүру жағдайларының сапасын және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ұлттық ресурстарды тиімді және заңды басқаруды талдау, бағалау және тексеру. Ішкі аудит мемлекеттік аудит объектісінің мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында қарастырылған тура және соңғы нәтижелерге қол жеткізілуді, мемлекеттік органдар қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын, мемлекет активтерінің сақталуын бағалайды. Заң мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу талаптарын қамтиды, бұл бақылау органдарының жұмысын жүйелеу үшін өте маңызды. Аудиторлар бақылау объектілерінің қызметін жетілдіру, құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін кемшіліктерді анықтау жөніндегі ұсыныстарға ерекше назар аударатын болады. Жалпы, мемлекеттік аудит қандай да бір сәйкес келмеушіліктерді көрсетіп қана қоймай, мемлекеттік қаржылық ресурстарды қайтарымды, тиімді пайдалану себептерін, резервтерін және әлеуетін айқындап береді. Заңның 13-бабында баяндалғандай, тексеру комиссиясының сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асырушы орган ретіндегі құзыреті өзгерді. Тексеру комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде тиімділік аудитін, сәйкестік аудитін жүзеге асыратын, ал 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне аудит жүргізетін болады.
Сонымен бірге, тексеру комиссиялары есепті қаржылық жылдың бюджеті туралы заңның (мәслихаттар шешімдерінің) орындалуына мемлекеттік аудит жүргізу барысында бюджет көрсеткіштерінің орындалуын, бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есептердің толықтығын және уақтылығын анықтау үшін, бюджеттердің атқарылу заңдылығын, есепке алу мен есептіліктіліктің анықтығын, бюджет қаражаттарын, мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін анықтау мақсатында бюджетті атқарудың іс жүзіндегі көрсеткіштердің бюджет туралы тиісті заңмен (мәслихаттар шешімдерімен) бекітілген бюджет көрсеткіштерінің сәйкестігіне бағалау жүргізеді. Заң нормаларын тиісті деңгейде іске асыру үшін аудит жүргізуді сертификатталған аудиторлар жүзеге асыратынын атап өту керек.
– Енді өткен жылы жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері туралы баяндап берсеңіз.
Өткен жылы облыстық бойынша тексеру комиссиясы 36 бақылау іс-шарасын жүргізді, қаражат көлемі 91,1 млрд. теңгені құрайтын 430 объектіні қамтыды. Есепті кезеңде анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 30,6 млрд. теңгені немесе қамтылған қаражат көлемінің 33,6% құрады, соның ішінде 22,0 млрд. теңгесі қаржылық, 0,7 млрд. теңгесі қаражаттардың бюджетке түсуі кезіндегі бұзушылықтар болса, процедураларды орындау тәртібін бұзушылықтар 6,2 млрд. теңге, бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалану 1,4 млрд. теңге және өзге бұзушылықтар 0,3 млрд. теңге. Жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша бақылау объектілері анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жойып, 13,1 млрд. теңгені қалпына келтірді (өтеді).
Жергілікті бюджеттің атқарылуын бағалауды бақылаумен Риддер, Курчатов қалалары, Күршім, Абай, Бесқарағай және Үржар аудандары қамтылды, оларда түсімдер және бюджет қаражаттарын пайдалану кезінде тура нәтижелерге қол жеткізу бойынша бюджеттің қанағаттанарлық атқарылғаны, жыл қорытындысы бойынша оңды қаржылық нәтижеге қол жеткізілгені, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және олардың ведомстволық бағынысындағы ұйымдардың қаржылық есептілікті жүргізетіндігі атап көрсетілді. Соған қарамастан, бақылау нәтижелері бойынша бюджеттік және өзге заңнаманы 19,9 млрд. теңгенің бұзушылықтарына алып келген бюджеттік және қаржылық процедураларды жүргізу бойынша шараларды жеткілікті қабылдамау фактілері анықталды.
Бақылау объектілерінде қаражаттарды негізсіз бөлу, мектеп-балабақшаларда және балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын бір балаға шаққандағы мемлекеттік білім беру тапсырысының белгіленген мөлшерінсіз орналастыру, бухгалтерлік есепке алуды және қаржылық есептілікті жүргізуді бұзушылықтар, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар, мемлекеттік заңды тұлғалардың есепке алу объектілерін мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізуді қамтамасыз етпеу, бюджеттік өтінімдердің есептеулерінде толықтықты және анықтықты қамтамасыз етпеу фактілері анықталды.
Квазимемлекеттік сектордың басқару органдары болып табылатын мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын бақылаудың жеткіліксіздігі салдарынан тексерілген 20 мемлекеттік кәсіпорында 1,0 млрд. теңге соманың бюджет қаражаттары заңнаманы бұзып жұмсалған, көп жағдайда мемлекеттік қызметтер және тапсырмалар бойынша соңғы нәтижелерге қол жеткізілмеген.
Бақылау нәтижелері бойынша басқару органдары ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың активтерді пайдалану тиімділігін бақылау жөніндегі жұмысты жеткілікті жүргізбейтіндігі атап көрсетілді. Бақылау барысында ғана 728,0 млн. теңге соманың негізгі құралдары (жабдықтар, мүкәммал, техника және т.б.) пайдаланылмайтындығы анықталды.
Өскемен қаласының, Тарбағатай, Жарма және Зырян аудандарының аумақты дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалау қорытындысы бойынша мақсаттарды, индикаторларды және міндеттерді қалыптастыру және бекітілгендерді орындау бойынша бекітілген нормативтік құқықтық актілер талаптарын сақтамау фактілері анықталды. Бақылау нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 12 бақылау материалы жолданды, 359 лауазымды адам тәртіптік, 60 лауазымды адам 10,3 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бюджет кодексінің 142-бабының 10-тармағына сәйкес тексеру комиссиясы бақылау нәтижелері бойынша қарау және шаралар қабылдау үшін мәслихаттарға 9 ұсыным жолдады.
Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш