Қарызға батқандар жылудан ажыратылды
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қалалық әкімшілікте штаб отырысының жиналысын өткізді. Кездесудің басты тақырыбы жылуға қарыздың қордаланып қалуы болды.
Басты проблема «Теплокоммунэнерго» мекемесінің қарызы болып тұр. «Теплокоммунэнерго» КМК-нің дебиторлық және кредиторлық қарызын азайтуға байланысты атқарылып жатқан жұмыс барысы толығымен талқыланған штаб отырысында жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблема туралы тағы бір мәрте айтылды.
– Бүгінде семейліктердің қарызы, яғни, коммуналдық қызмет алдындағы берешектері облыс әкімі Даниал Ахметовтің басты назарында, – деді Димитрий Гариков. -Жылу тарататын «Теплокоммунэнерго» КМК алдындағы тұрғындар қарызы 1 млрд. 91 мың теңгені құрап отыр. Оның 362 млн. теңгесі сәуір айының ағымдағы төлемдері, ал өткен жылғы қарыздар 16 млн. теңге. Жылуға қарызы барлардың қатарында қарапайым тұрғындардан бастап, ірі кәсіпорындар да бар. Ал қарызға белшеден батқан «Теплокоммунэнерго» өздері пайдаланған су мен электр жарығына берешегін қайтара алмауда. Сондықтан да біз енді БАҚ арқылы халыққа жылудың қарызы қайтарылды ма, жоқ па, соны ашық көрсетіп отыратын боламыз. Жылуға қарыз алдағы 1 маусымға дейін толықтай қайтарылуы керек, әйтпесе, қала облыс бюджетінен көмір алуға 300 млн. теңгені ала алмайды. Ал бұл дегеніміз қыста жылусыз қалуға апаратындығын алдын ала ескертіп отырмыз. Сондықтан борышкерлер өз еріктерімен қарыздарын төлесе екен дейміз. Олай болмаған жағдайда, заң аясында қатаң жаза қолданылатын болады. Алдағы уақытта тұрғын үй инспекциясы арқылы пәтер иелері кооперативтерімен де жұмыс жүргіземіз.
Тұрғындар және кәсіпорындар маусымның 1-іне дейін жылу қарыздарын толық төлеуі керек. Егер төлемесе, біз көппәтерлі үйлерде жылу берілетін құбырларды кесіп тастауға дейін баратын боламыз.
Қалада 200 млн. теңгеден астам қарызы бар ірі кәсіпорындар бар. Штаб тек тұрғындардың берешегімен ғана күресіп қоймай, «Теплокоммунэнерго» КМК-нің әріптес серіктестерімен де жұмыс жүргізбек. 2015-2016 жылдарға жылу қарызы 1 млрд. 91 мың теңге болып жинақталған десек, осыған орай «Теплокоммунэнерго» электр энергиясы үшін «Шығысэнерготрейдке» 408 млн. теңге қарыз. Бұнымен қоса, «Семей водоканал» мен көмір алатын «Қаражыра ЛТД» алдында да жылу мекемесінің қарызы шаш-етектен.
Штаб отырысының жиналысы өткен күні кешке қарай арнайы топ қарызға батқан бірқатар борышкерлердің үйлерін аралап, пайдаланған қызмет түрінің ақысын төлеуді айтты. Берешектері қордаланып қалған тұрғындардың пәтерлерін жылу көзінен ажыратты. Қалада қарызы қордаланып қалған аудандардың бірі – 905-ші ықшам ауданы. Мәселен, бір ғана Кәрменов, 76 мекенжайы тұрғындарының қарызы 2 млн. 700 мың теңгені құрайды.
– Сондықтан біз осы жерден ылғи өз жұмысымызды бастаймыз. Себебі, бұнда жылуға талай жыл төлем жасамағандар бар. Бір пәтерді ғана алып қарасақ, берешегі 200 мың теңге болып тұр, – дейді аранйы топ мүшелері.Жиыннан соң, өте ірі көлемде қарызы бар абоненттерді «Теплокоммунэнерго» КМК қызметкерлері жылу беру көзінен ажыратты. Ендігі уақытта, олар өткен жылу маусымындағы қарыздарын толық қайтармайынша, ғимараттары жылуға қосылмайтын болады.
Раушан Нұғманбекова