Қоғам

Қарғын су көпірлерді шайып, жол қозғалысын тоқтатты

Қарғын су көпірлерді шайып, жол қозғалысын тоқтатты

Өңірімізде күн жылынғалы төтенше жағдайлар қызметінде тыным жоқ. Өткенде хабарлағанымыздай, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша, су деңгейі көтерілу қаупі бар аймақтар қатаң бақылауға алынған болатын. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында арнайы облыстық штаб құрылып, жұмыс істей бастады. Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 250-ден астам құтқарушы маман іріктеліп, алты топқа жасақталды.
Бір сөзбен айтқанда, арнасынан асып-тасыған өзен-көл суларын ауылдық елді мекендерге жеткізбей, тұрғындарды селден қорғау мақсатында айтарлықтай шаруа тындырылған еді.
Осыдан біраз бұрын өткен арнайы брифингте синоптик мамандар 10-12 сәуір аралығында Шығыс Қазақстанда күннің температурасы +22 градусқа дейін көтерілуі ықтимал екенін және соның салдарынан 45 елді мекенді су басу қаупі барын ескерткен болатын. Мамандардың айтқаны дәл келді. Соңғы бірнеше тәулікте күннің күрт жылынуы салдарынан қара су бірқатар елді мекендердің іргесіне дейін жетіп қалды. Әсіресе, Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Жарма және Ұлан аудандарындағы он ауылға төнген қауіп үлкен. Еріген қар суы ауылдардағы бес тұрғын үй мен 240-қа жуық ауланы басып қалған. Қазір әр ауданда су тасқынының зардаптары әртүрлі бағалануда.
Бәрінен де Бородулиха ауданындағы Переменовка ауылы көп зардап шегіпті. 12 сәуір күні ауыл сыртында тұрғызылған арнайы дамбыларды су шаю қаупі туындады. Осының салдарынан елді мекеннің барлық тұрғыны (184 адам, оның 80-і бала) қауіпсіз жерге көшірілді. Тез арада оқиға орнына Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасының және Шығыс Қазақстан аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағының мамандары жетіп, апаттың алдын алу жұмыстарына кірісіп кетті. Қирауға шақ қалған дамбыны қалпына келтіру жұмыстарына 12 арнайы техника жұмылдырылып, бөгеуді бекіту мақсатына құммен толтырылған 2700-ден астам қап пайдаланылды. Соңғы ақпараттарға құлақ ассақ, қазір оқиға орнындағы жағдай қалыпты, су деңгейі біршама төмендеген. Ең негізгісі, тұрғындар өз үйлеріне қайтып оралыпты.
Сол сияқты қарғын су Абай ауданындағы Қарауыл және Саржал ауылдарының бірқатар көшелері мен үйлерін басты деген ақпарат та расталып отыр. Атап айтқанда, Саржал ауылындағы 220-дан астам үйдің ауласы мен бақшасын су басқан. Бұған қоса, 13 тұрғын үй қара судың қамауында қалған.
Қарауыл ауылында да қарғын су біренеше көшені басып, оншақты үйдің ауласына жайылған. Қазір ауданда туындаған табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, күннің күрт жылынуынан облыстың бірнеше жеріндегі кіші-гірім көпірлер де қирапты. Мәселен, арнасынан тасып аққан Шаған өзені Семей қаласы мен Қайнар ауылы арасындағы көпірді шайған.
Сол сияқты, Ұлан ауданындағы Қарасу өзені Өскемен –Семей тас жолының бойындағы көпірді қиратып кеткен. Осыған байланысты аталмыш бағыттағы автокөлік жолының 60-тан 152-ші шақырымына дейінгі аралығы жабылды.
«Қазақавтожол» мекемесінің директоры Серік Ақтановтың айтуынша, Привольное ауылының маңайындағы жасанды су қоймасының бөгені бұзылуы салдарынан мұз араласқан топан су өзен арнасымен қаптай келіп көпірді ұрған. Осының әсерінен көпірдің екі жақ шетіндегі тіреулер опырылып түсіпті. Қазіргі уақытта құтқарушылар қираған өткелді қалпына келтіруде. Көп ұзамай мұндағы көлік қозғалысы қайта реттелмек.
Дәл осындай төтенше жағдай Алматы¬ – Өскемен трассасының бойында да орын алды. Тасыған су республикалық маңыздағы күре жолға жайылып, соның салдарынан Қалбатау ауылының іргесіндегі жол учаскесін жабуға тура келген. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеуде.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button