Бәрекелді

Аружан жеңімпаз атанды

Екі мың бала қатысқан байқаудан жерлесіміз ІІ орын еншілеп қайтты. Бұл Шығыс Қазақстан оқушыларының оқуда озат, білімде алғыр екендігінің дәлелі. Бұл байқаудың, яғни Шәкәрім оқуларының бірінші кезеңі Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтіп, жеңімпаз республикалық байқауға жолдама алған болатын.

Ұлы ғұлама, ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай ұйымдастырылған Шәкәрім оқулары республикалық байқауы Астана қаласында өтті. Байқауға 17 облыс пен үш мегаполистегі 5-7 сынып оқушылары арасынан 2000 бала қатысуға ниет білдірген. Осылайша, облыс орталықтары мен аймақтарда өткен іріктеу кезеңінен 22 оқушы өтіп, оның ішінде 11 оқушы Астанадағы қорытынды байқауға қатысты. Осы аталған озаттардың арасында жерлесіміз, Алтай ауданының оқушысы Аружан Айырбай да бар. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін жатқа оқып, байқаудан ІІ орын еншілеп қайтты.

– Бұл байқауда талайы сүрініп, өлеңнен талайы жаңылды. Ал Аружан көзін жұмып алып кез келген өлеңін оқып берді, жаңылмай. Жалпы, Шәкәрім өлеңдері күрделі, оңайшылықпен жаттала қоймайды. Соған қарамастан біздің Аружан сыннан сүрінбей өтті, – деді байқаудың төрешісі Зиза Мұқтарханқызы.

Осылайша, жерлесіміз Аружан жеңіс тұғырынан көрініп, мерейі өсіп, марапатталып қайтты. Бұл – біздің өңірдің биіктен көрінер білімді оқушыларының көп екендігінің дәлелі.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button