Қарт қаламгер қарашаңырақта болды

Облысымыздағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Дидар» газетінің редакциясына тағы да құтты қонақтар келді. Биылғы желтоқсан айында жазушы, журналист, дінтанушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Уақап Қыдырханұлы 85 жасқа толғалы отыр. Осы бір мерейлі мерейтой қарсаңында кіндік қаны тамған Зайсан өңіріне барып, аунап-қунап келе жатқан қаламгер бір кездері өзі қызмет істеген облыстық газетке де ат басын арнайы тіреді. Редакциядағы іні-қарындастарына ағалық ақылын айтып, ағынан жарылды.
Қалай десек те, газет дегеніңіз – шежіре, газет дегеніңіз – тарих. 86 жылдық тарихы бар «Дидар» газетінің сарғайған парақтарында Уақап Қыдырханұлының да қолтаңбасы бар. Ол кезде газеттің атауы «Коммунизм туы» болатын. Уақап ағаның өзі «Мен «Дидар» газетінің құрдасымын.
Газеттерің 85 жылдығын былтыр тойласа, мен 85 жасқа биыл толып жатырмын» дейді жымиып. Облыстық газетте небәрі бір жарым жыл жұмыс істесе де, сол жылдар Уақап аға үшін үлкен мектеп болғаны анық. Ол кезде орыс ұлтының өкілдері басым болған Шығыс Қазақстан өңірінде қолына қалам ұстаған қазақ журналистері де саусақпен санарлықтай ғана еді. Уақап ағаның сол кезде редакцияның жанынан әдебиетшілер үйірмесін ашуға ұйытқы болып, талай таланттардың талабын ұштауы да үлкен еңбек. Уақап Қыдырханұлы кейіннен Қазақ радиосында, «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, еларалық «Шалқар» газетінде бас редактор қызметтерін атқарады. Бірнеше прозалық кітаптар жазады. Ал 1991 жылы тәуелсіздіктің таңсәрісінде Уақап Қыдырханұлы Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын жасайды. Жалпы, Уақап аға дін мен дәстүрдің егіз екенін айтады. «Дәстүр дегенді дін деп те қабылдауға болады» дейді. Сондай-ақ Уақап Қыдырханұлы жаңа әліпби жайында да өз пікірін ортаға салды.

Уақап Қыдырханұлымен бірге редакциямызға келген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров пен Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Марат Уали де қаламгер туралы өздерінің жылы лебізін білдірді. «Уақап аға қазына» дейді жазушы Әлібек Асқаров.
Қарашаңырақтағы кездесу соңында редакция қызметкерлері құрметті қонақтармен бірге естелік-суретке түсті.
Мейрам Екпін