Қаршадай қыз бауырларына ие болып отыр
Он тоғыз жастағы Жанботаның қазіргі бар арманы –артынан ерген сіңлілері мен бауырларын оқытып, жеткізу. Өзі де әлі жас бойжеткеннің мойнына түскен ауыртпашылықты үлкендердің көтеруінің өзі екіталай. Осыдан бір жыл бұрын анасы бар болатын, дерті жанына қанша батып жатса да, осы тұңғышы Жанбота мен өзінің сіңлісі, балалардың нағашы әпкесі Айгүлге кішкентай бауырларына бас-көз болуын қатты тапсырыпты. Осыдан тура бір жыл бұрын Жанботада әлі де үміт бар еді…
Қазір ата-анасының қамқорлығынан айырылған бес бала Өскемен қаласының іргесіндегі саяжайлардың бірінде 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр. Бір жақсысы – қастарында ес болатын Айгүл әпкелері бар екен. Балалармен танысып жатырмыз. Үлкендері Жанбота, одан кейінгі бауыры Дархан 17 жаста, Семейдегі заң колледжінде сырттай оқиды. «Жұмыс істеп, отбасыма көмектеспекші болғам. Сосын сырттай оқуға түстім. Бірақ жасым кәмелетке толмағандықтан, еш жерге алмайды жұмысқа», – деп налиды жасөспірім. Раушан, Серікбол мен Гүлден Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектепте оқиды.
– Бізде бәрі жақсы. «Қарекет» қайырымдылық қоры берген үйдің құжаттарын толық рәсімдеп алдық. Енді карантиннің бітуін күтіп отырмыз. Содан кейін өз үйімізге көшеміз, – деп әңгімесін қуанышты хабардан бастады Жанбота. Айтысына қарағанда, бауырлары оқитын мектептің басшылығы да бұларды ұмытпай, жәрдемдесіп тұрады екен.
– Сіңілдерім Раушан мен Гүлден, бауырым Серікбол сабақтарын қашықтан оқып жүр. Осы орайда бізге қолдау көрсетіп отырған №1 мектептің ұжымына, директоры Әділ ағай Сайлаубекұлына алғыс айтқым келеді. Бізге ноутбук бөліп, интернеттің ақшасын төлеп берді. Азық-түлікпен де көмектесіп тұрады. Жуықта «Nur Otan» партиясынан да еріктілер азық-түлік әкеліп тастаған, – дейді Жанбота. Ағайынды балаларға қор баспананы осы маңайдағы үйлердің бірінен сатып әперіпті. Соның құжаттарын жөндеу үшін Нұр-Сұлтан қаласына дейін барған. Жол қаражатын да №1 мектептің ұжымы көтеріпті.
– Әке-шешеміз ажырасып кеткен. 2014 жылы қалаға көшіп, әкемізден бөлек, мамаммен тұрдық. Анамыз бізді оқытты, жалғыз асырады. Мен мектеп бітіретін 2018 жылы қатты ауырды, көп жерге барып емделді, болмады, жүре алмай жатып қалды. Мен мамамды қараймын деп оқуымды жалғастыра алмадым. Мамам бір жыл жатып, өткен жылы көктемде 37 жасында қайтыс болды. Қазір мамамның туған сіңлісі Айгүл апаймен осы үйде тұрып жатырмыз, – дейді балалардың үлкені.
Аналары қайтыс болғанда балалардың әкесі келіпті. Қалай дегенмен де өз қаны ғой, бас-көз болар деп қастарына тұрғызғанмен, көп ұзамай кетіп қалған.
– Ер адамдар қиындыққа шыдамайды ғой, – дейді Жанбота ересектерше, – ақша тауып, бізді асырағанға қиналып кетті.
Туыстық парыздан да қымбаттырақ, ананың мейірімі
Әкелері кетіп қалған соң, ағайындыларды балалар үйіне алмақшы болыпты. Айгүл асырап алайын десе, әкелері тірі, ол болса ата-ана құқынан бас тартқысы жоқ. Сонымен, жүгіріп жүріп, әкелеріне сенімхат жаздырып, қамқорлығына алып қалады. Қазір балалар ай сайын алатын 100 мың теңге әлеуметтік атаулы көмекпен күндерін көріп отыр. Айгүлдің өз отбасы бар, оларды да асыру керек. Жолдасы Қанат басқа жақта табыспен жүрсе, үш баласы ауылда енесінің қолында екен. Үлкені 6 сыныпта, екіншісі 3 сыныпта оқиды, кенжесі 5 жаста.
– Шешелері тапсырып кеткен, қалай жетімсіретем мыналарды? Қастарында қалқиып, бас-көз болып отырсам да сеп қой бұларға. Жуықта төртіншімді босансам, жазда балаларды қолыма алам деп отырмын. Олар да мені сағынып жүр. Әсіресе кенжем: «Сенің балаң біз ғой, неге басқаларды қарап жүрсің?» – деп қыңқылдайды, – деп сөзге араласты Айгүл.
Атаулы көмекке құжаттың өзін осы қаңтар айында әрең дегенде рәсімдедік. Оған дейін жағдайымыз тіпті қиын болды. Жанбота кафеде даяшы болып істеді, күніне бір үш мың теңге әкелсе, соны талғажу еткен күндеріміз болды. Жолдасым анда-санда бірдеңе салып жібереді. Кейде жан-жақтан қайырымды адамдардан, мектептен, мешіттен көмек түсіп қалады, әйтеуір, жәрдемақыны жөндегенше аштан өлгеміз жоқ. Серікбол мен Гүлден мектептен бір уақыт ыстық ас ішіп келіп жүрді. Қордың әперген үйі осы маңда, шағындау жер үй, алдында жері бар. Соған картоп, көкөніс салып, тіршілік жасаймыз ғой. Отбасымызбен көшіп келсек, маңайындағы үйлерден бөлек жалдаймын деп отырмын, бұл жерде жалға беретін баспана көп. Әйтеуір, қастарында бас-көз болып отырсам. Шешелері әсіресе әлі кішірек Серікбол мен Гүлденді көп тапсырып кетіп еді.
Айгүлдің айтуынша, іштерінде Гүлден көбінесе жүгіріп келіп, бауырына тығылатын көрінеді. Анасын іздейтін болар. Ондайда апайы маңдайынан иіскеп, құшағына алады. Бөтен емес, нағашы әпкелері болғандықтан, балалар өздерін еркін ұстайды. Кейде бүгін қандай тамақ ішкілері келетініне тапсырыс та береді. Жолдасынан ақша келген кезде дәмханадан суши немесе пиццаға тапсырыс беріп, кішігірім мейрам да жасайды өздеріне. Бірақ жүз мың теңгені киімге де, күнделікті тамаққа да, керек-жарақтарына жеткізу де оңайға түспейді.
– Сәуірдегі жәрдемақы түссе біреуіне күртеше, екіншісіне аяқ киім керек. Алдын ала ақылдасып, жоспарлап отырамыз. Мына үйді жылытуға жеті-сегіз тонна көмір кетеді, – деп жалғастырды апайлары.
– Сіздерге отынға жеңілдік бар шығар?
– Оны ұзақ тосады екенсің. Бір жеріне барып аласың дейді. Сондағы айырмашылығы екі-үш мың теңге. Содан Алматыда тұратын үлкен ағатайым, балалардың нағашысы ғой, биыл қыста өзі сатып берді. Сол ағатайым Жанботаны да оқытам деген. Мамасы марқұм да: «Осы қызымды қайтсем де оқытам, ұл балалар жұмыс істей береді ғой. Гүлден өскенше аяғымыздан тұрып кетеміз», – деп армандаушы еді, – деген Айгүлдің көңілі босап, дауысы дірілдеп кетті.
Мен басу айтқан болдым. Шынында да, өз балаларын енесіне тапсырып, жолдасы болса, табыс тауып жырақта жүр, өзі айы-күні жетіп отырған келіншектің жиендерін бағып отырғанының өзі қаншалықты? Бұл – туыстық парыздан да қымбаттырақ, ананың мейірімі деп түсіндім өз басым.
Жаны сұлулықты қалайды
Жанбота дәл қазір бауырларын тастап, ешқайда кеткісі келмейді. Ол сұлулық салонында істейтін визажист не тырнақ әрлеуші мамандығын меңгерсем деп армандайды екен. Колледж бітіріп алса да, артық болмас еді.
– Жанбота басқаларды әсемдеуді, әшекейлеуді қатты ұнатады. Жаны сұлулықты қалайды, – деп мақтап жатыр әпкесін Раушан. Бәлкім, жас қыздың білім алуына қол ұшын берер жандар табылып қалар?
Әзірге Жанбота Айгүл апайымен таңғы алтыдан тұрып, мектепке кететін бауырларының таңғы асын әзірлеуге көмектеседі. Балалар үйден жетіде шығып кетпесе, сабаққа кешігіп қалады. Бір күні түске дейін Гүлден мен Жанбота үйді жинаса, екінші күні Раушан сабақтан келген соң көмектеседі. Жалпы, балалардың барлығы өзара бауырмал, бір-біріне жандары ашып түрады. Өзін «мінезім ауыр, қырсықпын» деп таныстырған Дархан тезірек жұмыс істеп, отбасына көмектесу үшін оқуға сырттай түскенінің өзі көп нәрсені аңғартпай ма?! Жасөспірімге тән «тікенек» мінезі болғанымен, жүрегі жұмсақ. Әзірге үй жұмысын атқаруға тура келіп тұр.
– Жер үйдің жұмысы бітуші ме еді? – дейді тағы да Жанбота үлкендерше, – қыста қар күрейді, су тасиды, отын кіргізеді, бізге монша жағып береді.
Суды анау жақтан флягамен әкеледі. «Суды көп төкпеңдер» деп ұрыспайды да, «қанша керек десе де, тасып берем» деп қояды. Дархан Алматыға жұмыс іздеп кеткенде су тасудың қиындығын өздері көріпті, оңай емес. Айгүл апайы жүкті болғандықтан, көмірді үйге кішкентай Серікбол кіргізген кез де болыпты. Дархан Алматыдан Гүлденнің туған күніне қарсы қайтқан екен. Құр қол келмей, өзіне берген қаражаттан үнемдеп, қарындасына сыйлық ала келіпті. Спортпен шұғылданады, мектепте оқып жүргенде еркін күреспен айналысқан. Әлі де бір жерге жұмысқа шықсам деп армандайды.
Осы жерде баспана мәселесін мүмкіндігінше шешіп берген «Қарекет» қайырымдылық қорының игі ісіне тек алғысымызды айта отырып, Өскемен қаласының әкіміне өтінішімізді білдіре кеткеніміз дұрыс болар. Балалардың алды – бар болғаны он тоғыз жастағы қыз бала, кенжелері сегіз жаста. Ертең үлкен ұл жұмысқа шықса, ешқандай қолайлылығы жоқ, от жағып, су таситын жер үйде балалар қайтіп күн көрмек? Жанбота да оқу оқып, жұмысқа тұрар. Одан кейін сонау саяжайдан қаланың ортасындағы мектепке қатынау да оңай емес, әсіресе жауын-шашын, боранда. «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл», «Жетім көрсең, жебей жүр» деген, бәлкім, осы балаларға қолайлы бір пәтер табылып қалар?
Қазір карантиндік шектеулер қойылғалы, барлығы үйде.
– Бұл балалардың жағдайымен таныспыз. Демеушілер тауып, азық-түлікпен көмектесіп жатырмыз. Ноутбукпен қамтамасыз етіп, интернетін төлеп бердік. Әлі де назарымызда болады. Бұдан басқа да көмекке мұқтаж ата-аналар бар мектебімізде. Оларға да қолдау көрсету – біздің парызымыз, – деген болатын бізге Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубекұлы.
Сайттардың бірінде біздің осы Жақияновтардың отбасы туралы шағын ақпаратымыз жарияланғаннан кейін оларға хабарласып, көмек ұсынып жатқан жандар көп екен.
– Кешелі-берлі менің телефоныма хабарласып, ақшалай көмектескендер, азық-түлік әкеліп бергендер де бар. «Nur Otan» партиясынан бірреттік көмек ретінде 50 мың теңге түсті. Біздің жағдайымызға бейжай қарамай, жанашырлық танытқан адамдардың барлығына, сіздерге рақмет айтамын, – деді Жанбота телефон шалғанымызда.
Газет беттеліп жатқанда: Балалардың нағашы әпкелері Айгүл аман-есен босанып, шекесі торсықтай ұл келіпті дүниеге. Есімін Ислам деп қойыпты. Жолдасы Қанат карантинге байланысты әзірге жете алмай жатқан көрінеді. Нәрестенің бауы берік болсын дейміз! Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға пана болып отырған Айгүлдің өзі де аман болсын!
Айна Ескенқызы