Қарой новеллалары

Қазақстанда Қарой деген елді мекен аз емес. Cолардың бірі – Алтай қойнауында, Марқа өңірінде бұйығы жатқан біздің ауыл. Қазақтың қайсыбір ауылын алсаң да, тарихы тереңге кетеді. Бұл ауыл да солай.
Ал осы тарих жазылмай, ғасыр қойнауында қалса, сол өкінішті емес пе?! Бұл – үлкен олқылық. Міне, осы олқылықтың орнын толтырайын деп, менің бала кезден құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досым, белгілі журналист Сайлау Төлеуов қолына қалам алыпты. Екеуіміз екі үйдің арасын бір-ақ там бөліп тұрған ескі Қаройда ес білгеннен қатар өсіп едік.
Сайлаудың бұған дейін де үш-төрт кітабы жарық көрген. Олары таза журналистік жазбалардан тұратын жинақтар еді. Сол кітаптарының алғашқы екеуін тарту етіп маған бергенде, оқып шығып қаламының қарымына риза болып едім. Ал енді бұл жинағы ондыққа дөп тиіпті!
Туған жердің қадір-қасиеті жырламасқа қоймайды. Әрине, бұл жырдан жазушы да шет қалмасы керек. «Қаройдың қоңыр самалы» деген самал желдей желпіп өтетін сырбаз атпен шыққан Сайлаудың кітабын оқып көзайым болдық. Автор бұл кітабын туған жері – Қаройына арнапты.
Алтайдың күнгей етегінде жатқан осы ауыл тұрғындарының өмірі, тыныс-тіршілігі, жаныңды жадыратар әзіл-қалжыңы, ауылдың әсем табиғаты мен әріге кетер тарихы, тіпті, еңсесін басқан уайым-қайғысы, – бәрі-бәрі осы кітапта жазушының жүйрік қаламымен тегіс қамтылыпты. Жазушы оқырманды жалықтырмайды, бір әңгімесінде оқырманды терең ойға қалдырса, бір әңгімесінде ауылдың айтқыштарының тілімен күлкіге батырады. Тағы бір бетінде тарих қойнауына көз жүгіртіп, бір мезет шежіреге бет бұрады.
Ауылдас алдыңғы буын ағаларымыздың, ақсақалды аталарымыздың кеңес өкіметінен бұрынғы өмірі, кеше ғана құлаған сол өкіметтің саяси қателіктерінен шеккен қайғы-қасіреті, әр кейіпкердің басынан шеккен тауқыметтері арқылы баяндалады. Мысалы, Қайырхан атамыздың басынан кешкендері шытырман уақиғалы үлкен сериалға лайық. Дап-дайын тұрған сценарий.
Автор әр кейіпкерінің мінезін, көрген қияметтерін детальдарына шейін екшеп, оқырманды сол шытырманның ішінде өзі жүргендей қып сендіреді. Бұлай жазу әр жазушының қолынан келе бермейді. Тек көп ізденген, әр материалға үлкен жауапкершілікпен қарап, тек содан кейін ғана әр шығармасына әдеби-көркемдік әр берген жазушы ғана осыған жетеді.
Кеңес өкіметінің жақсы жағы мен жаман жағының тең түскенін енді оқып біліп жатырмыз. Жазушы өз ауылының кеңес кезіндегі жеткен жетістіктерін де оқырманға таныстырады. Ешқандай боямасыз, цифр-фактілер арқылы дәлел келтіреді. Кейінгі буын іні-қарындастарға бұл кітап таптырмас дерек көзі болары сөзсіз.
Мен Сайлаудың төрт-бес жылдай бұрын Астананың беделді баспаларының бірімен арада жасалған келісім шарт бойынша екі жыл уақытын сарп етіп, он жеті тараудан тұратын аса көлемді «Семей» атты танымдық-зерттеу фолиант-кітабын жазып шыққанын білемін. Ол кітап қазір қаржы шешілуін күтіп сол баспада жатыр дейді.
Бұны айтып отырғаным, ол «Қаройдың қоңыр самалын» жазуға даярлықпен келді. Туған ауылы туралы байсалды кітапты жазуға тағы да екі жылдай уақытын арнапты.
Менің білуімше, бұл осы тәсілмен жазылған өңірдегі алғашқы санаттағы кітаптардың бірі болуы ғажап емес. Кітаптың жанры деректі прозаға келеді. Оның «Қарой новеллалары» деп қосымша айдарлануының өзі тегін емес.
Автордың өзі ойлап, жүйелеп, өмірге әкелген бұл кітап – жаңа көзқарас, тың қадам. Осыған шейін өз басым бір ауылдың шежіресі, тарихы, жеке адамдардың басынан кешкендері, цифрлар мен факілер…., бәрі-бәрі қосылып көркем әдебиет болғанын көрмеп едім. Бұл әдіс автордың тың жаңалығы деуге болатындай нәрсе.
Меніңше, Сайлау Марқа өңірі жайында үлкен бір дүние жазбаққа даярланып жүрген сияқты. Маған солай боп сезіледі.
Бұған дейін біздің өңірден Марқакөл аймағының табиғатын, жағырапиясын, жер мен су әлемін, адамдарын дөп сипаттап жазған қаламгер шықпаған. Сондықтан осы өңірдің жер сыры, табиғаты, пішімі, болмысы ашылмаған күйі жатыр деп батыл айтуымызға болады. Ал досымның осы кітаптың ішіндегі «Марқаның мақпал кеші еді», «Көл. Көктем. Ерланның ерлігі» сияқты салмақты новеллаларын оқып отырып, туған жерім – Марқакөлімнің өзім бүгінгі күнге дейін білмеген, бәлкім, мән бермеген көркем көріністері ап-анық көз алдыма келгеніне қарап отырып, алдағы болашақ терең туындыдан бек үміттімін.
Сайлау жазушы ретінде үлкен іс бітіріп, басқаларға жақсы идея сыйлап отыр. Дәл қазір бұл кітап тек Қарой ауылында ғана емес, бүкіл Марқа өңіріндегі әр үйдің төрінде тұратын энциклопедияға айналары сөзсіз. Оған осы сөзіміз дәлел болуы үшін мына дүниесін оқып көріңіз.
Қабдырахман Отарбай,
суретші, сатирик-жазушы
Алматы.
Қалиолданың «Хатикосы»
Қаройдағы ағайынды қос ақынның бірі Қалиолда жас кезінде жауырыны онша-мұнша жер иіскей қоймайтын балуандығымен де аты шыққан. Ал аңшылығының өзі бір төбе еді.
Қарой бөлімшесінің мал дәрігері Төкен Әлібеков бірде аудан жаққа жолы түскенде, сол жақтан бір күшік алып келді.
Иттің тұқымын жақсы айыратын Қалиолда мына күшіктің тамырында неміс овчаркасының қаны бүлкілдеп соғып тұрғанын бірден байқады. Төкенге жалма-жан ірілігі тайыншадай ісек қой беріп, әлгі күшікті айырбастап алды. Атын «Алик» деп қойды.
Алик ауылдың құйрығын бұтының арасына тығып, бүкең-бүкең жүгіретін сүмеңдеген жасық иттері сияқты емес, қимылы шалт, керемет ақылды ит болып өсті. Овчарка болғанда, аса зор да емес, жатағандау.
Совхоздың гүртшілері Зырянға мал айдағанда Алик бірнеше адамның жұмысын жалғыз өзі атқарады. Алыс жолда алдағы қарадан шашау шығармайды. Бір жолы малды пароммен өткізуге тура келді. Секіріп тұрған семіз қойлар паромға қарай аттап баспай, айдаушыларды әбден әлекке салды. Қал-ағаңның айтақтауымен Алик абалап жүріп, бір отарды паромға әп-сәтте кіргізіп берді.
Келесі кезектегі «Қалжыр» совхозының малы да айдалаға қашып, айдауылдардың діңкесін құртты. Директор Қами Байтөленұлы: «Көршілес, ағайын совхоз ғой, бұлардың да қойын кіргізіп бер, Қалеке!»,-десе, тілі салақтап, көзі алақтап, болдыра бастаған ақылды итіне жаны ашыған Қалиолда ағамыз: «Алик әб-бден шаршады…» – деп қашқақтайды.
Дегенмен, Аликтің күшімен көршілердің малы да паромға тоғытылды.
Кейін Аликтің айтса нанғысыз осы жанкештілігіне аса риза болған Қамаң совхоздың кассасынан 25 сом премия бергізіпті. Әрине, Қалиолда ағама!
Қайыңдыбұлақ жақта қой жайып жүргенде, отар соңынан бір қасқыр неше күн ілесіп, малды үркітіп, мазаны алады. Бір күні әлгі бөрі сумаңдап тағы келгенде, Алик қасқырмен айқаса кетеді. Бұл айқасты біраз тамашалап, Қал-ағаң бір кезде итіне «Алик, жат!» деп айқайласа, иті бұғып жығыла кетеді. Сол кезде мылтығымен көздеп атқанда, қасқырды жалпасынан түсіреді.
Қал-ағаңның үйдегі қарындастарына көрсетпей, анда-санда тығып алып келер шөлмектерін Алик жатқан үйшікке тастайтын «қулығы» бар-тын. Ал Алик ол үйшікке қарай тірі жанды аттап бастырмайды!
Біздер сегізінші класс бітірген 1976 жылдың жазғы каникулында Қабдырахман досым аяқастынан бақташының қара таяғын ұстап, үш ай жекеменшіктің малын бағып шықты. Өйтетіні, үйдің естияры – үлкен ағасы Шәкен жекенің малын жаюды мойнына алғанымен, жаз бойы үйдің шатырын жаңалаудан қолы босамайтын болды да, бұл шаруаға бала кезінен ондай-мұндай жұмысқа пысық Қабылақ жегілді.
Шәкеннің інісіне жасаған бір ересен жақсылығы – Қалиолдадан Аликті сұрап берді. Міне, Қабылақтың Аликтің асқан ақылдылығына осы жазда көзі әбден жетті.
Сол жылғы жаз тым жаңбырлы болды. Он екі жасында Алтай төріндегі жайлауда Сағдолда ағаның қойлы ауылында жүргенде, бірде селдетіп жауын құйып, үйдің маңына жай түсіп, бір ұшқыны үйдегілерге де тие жаздап, құдай сақтап, аман қалған. Содан бері найзағай ойнаса, зәресі ұшатын болған.
Аспанда шатырлап найзағай жарқылдағанда, зәресі қалмай қорыққан Қабаң атпен таудың бөктер-бөктерін жағалап, жайып жүрген сиырын тастап, безіп кетеді. Найзағай ұрса, таудың төбесіне түспейді, тек етекте жүрмесең болғаны дегенді үлкендерден әлденеше рет естіген.
Міне, әлгіндей аспанның түбі тесіліп кеткендей тоқтаусыз нөсер толастамай құйған сәттерде Алик жауыннан ықтап бүрісе қашқан сиырларды шашау шығармай, мұқым табынды ұршықша иіріп, тырп еткізбей ұстаушы еді-ау! Терең сайға түсіп кеткен малды бір-бірлеп қуып, жоғарыға шығаратын жанқиярлығы қандай еді Аликтің! Ал бас асауы бар лақпа, тентек сиырларды тірсегінен тістеп жүріп «тәртіпке» лезде салатын.
Қал-ағаңның асқан ақылды иті Алик кездейсоқ машинаның астына түсіп өлген 1980-ші жылы Қабдырахман әскерде жүрген еді. Сол бір үш ай жазда һас досындай боп кеткен Аликтің қазасын естіп, қатты қапаланды. Егерәки, ауылда болса, Аликті қастерлеп жерлеу рәсімінің алдыңғы қатарында тұратындай алып-ұшпа хәлде еді…
Бүгінде қазақ халқына есімі танымал суретші досым Жапон елінің бүкіл әлемге әйгілі болған «Хатикосына» бағышталып жер-жерде тұрғызылған қилы-қилы ескерткіштерге ұқсас белгі тұрғызбаса да, Аликтің бейнесін күндердің күнінде қағаз бетіне әйбаттап түсіреріне күмәнсізбін.
Ер Кәкімбай
Бердібеков Кәкімбай (1907-1975) Омбы қаласынан «Тау-кен техникумын» бітірген кәсіби маман болған. Бұл ол заман үшін бүгінгі Мәскеудің Жоғарғы-техникалық Бауман училищесін бітіргенмен бірдей дәреже емес пе! Содан Кәкімбай Батпақбұлақ, Ақшоқы артельдерінде лауазымды қызмет істеген. Ауқатты тұрған. Бибіш шешеміз шеттен келген «ымпорт» киімді талғап киген деседі…
1937 жылы кедей-жалшы балаларын оқыту деген кезең жүрді. Сол кезде бұл кісі өзі сауатты адам болғандықтан, барлығы он сегіз қазақ баласының құжаттарын даярлап өткізеді. Солардың ішінде кейін \”Марқакөл\” совхозының азуын айға білеген атақты директоры болған Айтмұханбет Асқаров та бар еді. Әкесі ақтардың қолынан қаза тапқан жетім бала екен.
Ал енді осындай тұл жетім қазақ балаларын оқуға түсіруді ұйымдастырғаны үшін Кәкімбайдың үстінен нақақтан-нақақ «ұлтшыл» деп тергеу жүргізіп, Қарағандының түрмесіне жабады. «Карлагтан» оралып келгені сол, тағы төрт жыл соғыста қан кешкен. Майданнан аға лейтенант шенімен оралған.
Соғыстан соң Кәкімбай Маңқан кенішінде бригадир болып тұрғанында, Алексеевкадағы көпбалалы бір жұрағатына жаны ашып, мынаны өткізіп, ана шиеттей балаларыңның пайдасына жарат деп бір түйір алтын тастап кетеді. Ол туысы бір күні «жүз грамдатып», қызып отырып, Кәкімбай маған мына бір алтынды беріп кетті деп аңғалдықпен айтып қалмай ма. Сөз тасығыш «қызылкөздер» мұны қолма-қол «төрт әріпке» жеткізеді.
Содан Кәкімбайдың үстінен тағы іс қозғалып, бұл жолы Күршімнің Маралиха жағына «жер аударылып» барып қайтқан. Жаңағы жұрағаты ол кісінің оралып келе жатқанын естіп, алдынан тұз-дәмін алып шығып, «Жаздым-жаңылдым, кеш мені!»,-деп кешу сұрап алдынан шықпай ма. Сонда, Кәкімбай да нағыз ер ғой, «Не дейін енді саған, аңқау ағайын?!»,-деп жұмсақ қана кейіпті ғой жарықтық.
Кәкімбай атаның бәйбішесі Бибіш апамыз кесек мінез, бетті кісі еді. Бұл кісінің де сөз құрар ақындығы болған. 1941-ші жылы туған үлкен ұлы Майдан армия қатарында үш-төрт жыл жүріп қалған кезде айтатын мына бір өлең шумақтарының басқы жолдарын ғана үлкендер жағы естерінде сақтапты:
Қаройдағы елім-ай,
Ауырады белім-ай.
Майданбегім келіп-ай,
Алар ма екен, келін-ай?!
Ал енді жекеменшік мал басын шектеп тастаған кеңестік кездің бір қым-қуыт шағында жар дегенде жалғыз қарасы ауру шығып, майдангер-пошташы, соғыста алған жарақатынан бір аяғы кем Шөмшекбаев Әлімжар ауданнан ескертпе қағаз әкеліп тапсырғанда:
Жалғыз малым – құнажын,
Өкіметке бар ма лажым?!
Сойылсын деп қу ақсақ,
Алып келді қағазын,-
деп салыпты.
Бибіш апа кеңес өкіметінің озбыр саясатына күйіп кеткеннен айтып салған ғой. Әйтпесе, Әлімжар-ата жасы келгенде пошта тасуға ауысқанымен, тегінде уездік қала Өскеменнен «приходской школды» бітірген. Әжептәуір белді қызметтер атқарған.
Алпысыншы жылдардың басында Кәкімбайдың «Моряк» атты түз тағысымен талай алысып, өмірі беті қайтпаған, овчарка тектес, бітімі кесек, ақылды, қара-ала иті болған. Қазақта ескіден келе жатқан «Есігі қабаған емес» деген есті сөз бар. Аулада жүрген иті беталбаты абалап жүгірмейтін үйді меңзеген сөз болса керек. «Моряк» та Кәкімбайдың үйінің кәдірін арттырған сондай ақылды ит еді.
Қоңыр күздің басында жеті жүз шақырым жердегі Семейдің ет комбинатына мал айдап барғанда, адасып қап, қапыда айырылып қалады. Мал өткізіп болғаннан кейін де, неше күн айналсоқтап, қарайлағанымен, иттің қарасы көріне қоймайды. Іші қан жылаған Кәкімбай, амал жоқ, ауылға «Моряксыз» қайтады.
Арада үш-төрт ай өтті. Бұл кезде қыс қаһарына әбден мініп, Алтайдың қойнау-қойнауын қалың қар әлдеқашан қасаттап тастаған. Сықырлаған аязды кеште аядай ауыл сынық шамын ерте сөндіріп, жатып қалған.
Түннің бір уағында жоғары ауылда тұратын Кәкем-атаның үйінің сыртқы есігін әлдене тырмалай ма, дүрсілдетіп ұрғылай ма, құдай-ау, әйтеуір белгісіз біреу тынымсыз соққылады. Бибіш-апа әуелде есікке баспалап барғанымен, оны ашуға батылы бармады. «Шал-ау, тұр! Есікті бір пенде тырмалап жұлып барады. Бұл не болды?!»,-деп Кәкемді оятты.
Кәкімбай күбірлеп сөйлей жүріп сырт киімін киіп, білте шамды тұтатып, сақтана басып есікке тақады. Тақағаны сол, жаңағы есікті тырмалаған дыбыс бәсеңдей қалды да, иттің әлде қыңсылаған, әлде ырылдаған үніне ұқсас бір үн шықты. «Кім әй, бұл?!»,-деп дауыстаған Кәкем есікті ептеп қана ашып еді, арғы жағынан таныс танау көрінгендей болды. «Ойпырым-ай, мынау «Моряк» болмаса неғылсын?!»,-деп ойлап үлгергені сол, саңылаудан мұрнын тығып үлгерген жоян ит арсалаңдап, тік тұрған қалпы иесін қапсыра құшақтап, бет-аузын жалап-жұқтай бастады.
Кәкімбай өз көзіне өзі сенбей, итімен құшағын ажырата алмай тұрғанда, іштен бәйбішесі мен ересек болып қалған балалар атып-атып шығысты. Барлығы «Морякты» кезек-кезек құшақтап, мәре-сәре. Кәкем ғана кемсеңдеп: «Апырай, екі арадағы Ертісті қалай ғана кешіп өттің екен?!,-дей береді.
Ертеңінде-ақ алақандай Қаройды «Кәкімбайдың күзде Семейде адасып қалған иті ауылды өзі тауып келіпті!…»,-деген қуанышты хабар кезіп кете барды.
Жүкең қарттың жүрдек «есебі»
Совхозда қанша жыл шопан болғанда, сонша жыл жер ауыстырмай, тек «Жәнібекті» қыстаған Жүнісхан қарт бір күні ауылдың екі-үш қариясымен әңгімелесіп отырып бір «жаңалық» шығарғаны.
Сөйтсе, ерінбей-жалықпай санап шықан екен, осы Қаройдың «күшік күйеулерінің» саны екі жүзге жетіп жығылыпты.
Жаңағы қариялар «Кет-ей!» деп қайран қалысты. Күшік күйеулерді түгендеу бұрын-соңды кімнің ойына кіріп-шыққан?!
Қаройдың балалықтан кетпеген, бойжеткенге жетпеген қызы бар үйге түнде тайлақ боп сүйкенетін өз жігіттері де жетерлік сияқты еді, осыншама «күшіктер» қайдан шыққан?!
Жүкең-қарттың айтуынша, ол «күшіктердің» арасында кімдер жоқ дейсің?! Қақпан торыған қара тазыдай жемсауы бүлкілдеп тұратын жылпостары да, талағының биті бар, арқан бойы-ақ жердің төтелігін тауып алатын пысықтары да; ақ тауды айырып, қара тауды қайырып, берместі тартып әкететін алғырлары да, атыңның бір ащы терін қимадың деп болмашыға өкпелеп жүретін өкпешілдері де, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен иі жұмсақтары да, сөзге батыр, іске пақырлары да, сөзді жүндей сабайтын бөспелері де, түйеқотыр қағытпа сөзге әуестері де, топтан торай бермейтін, тұлпар аттай қунақтары да, сегіз кессе сіркедей қан шықпайтын сараңдары да, қашатын шыбыштың құйрығындай шыбжыңдап бір орнында тұрмайтын жеңілтектері да, иттің артқы аяғындай мінезі қисықтары да, кесір сиырдай кері тартып жүретін қырсықтары да бар көрінеді.
Әрине, Жүкең-қарттыкі жай базына-қалжың, қағытпа-сөз ғой. Әйтпесе, бұлардың барлығы да басқа өңірдің менталитет-мінезін біздің ауылдың болмысына бейімдеп, таңдап алған аруларының икеміне шебер тігіншінің қолындағы ине-жіптей икемделіп, Қаройға тастай батып, судай сіңген азаматтар емес пе еді.
Былтыр Алматыдан келген Әлөш ағамды алып, Қаройға барып қайттық. Ескі Қаройдың әңгімелері түннің бір уағына дейін созылды. Содан Темірбай ағам үшеулеп «күшік күйеулердің» тізімін тізіп байқап едік, өмірі қойлы ауылдан шығып көрмеген Жүкең қарттың жүрдек «математикасына» ілесе алмай, Жүкеңнің есебіне жете алмай, алпыстан аса барып жығылдық. Осы жолдарды оқып отырған қаройлықтардың да қыстың ұзақ түнінде сүбелі соғымның шетін кеміріп жатып, «күйеулерді» түгендейтініне күмәніміз жоқ…