Арнайы кабинетер ашуға атсалысып жатыр

Аягөз ауданы ежелден өзінің ерекше дәстүрімен танылған өңір екені рас. Мұнда білім саласы үнемі алға қадам басып келе жатқаны көңіл қуантады.
Сондықтан ба екен, ауданнан қанат қаққан түлектер туған жерге ат басын бұрып тұрады. Тіпті, қаржылай көмек көрсететін атымтайлар да баршылық.
Биыл облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Менің мектебім» акциясы басталған. Акция аясында Аягөз ауданындағы мектептерде 31 кабинет модификациялық үлгіде жабдықталды. Өзінің туған жеріне, білім ордасына көмек қолын созып жатқан азаматтар бар. Мәселен, № 5 мектепті 1994 жылы бітірген Қанат Қожаев деген кәсіпкер азамат өз анасы Шолпан Іргебаеваның атынан технология (еңбек пәні) сабағынан тігін кабинетін ашып берген. Алты іс тігетін машинамен және арнайы маталармен жабдықтап, кабинеттің ішін толығымен әрледі. Қазір ішкі интерьеріне көз сүйсінеді. Сондай-ақ осы мектепті 90-жылдардың басында бітірген Жұмабек Нашанов математика кабинетін жабдықтады. 15 парта мен мұғалімнің тақтасын құрал-жабдықтармен толықтырған ол алдағы оқу жылының басына дейін интерактивті тақта қойып бермекші. Аягөздегі №5 мектептің тарихы тереңде. Арыға бармай-ақ, тәуелсіздік алған жылдары осы оқу орнынан түлеп ұшқан айтыскер ақын Ринат Зайытов, әйгілі боксшы Рүстем Іргебаев, белгілі әнші Перизат Тұрарова сынды түлектерді айтсақ та жеткілікті.
Ауданда білім саласында атқарылып жатқан істер баршылық. 2016-2017 оқу жылының ҰБТ қорытындысы бойынша Аягөз ауданы облыста екінші орын алды. Жырақта жатқан шағын комплектілі мектептерде бала санының азаюына байланысты, оларды таяу маңайдағы мектептерде оқыту күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі болатын. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен төрт ауылдық округтің орта мектептеріне автокөлік берілді. 17 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 179 608,7 мың теңге қаражат бөлінді.
– Ауданның білім саласында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе – оқу орындарының тапшылығы және үш ауысымды мектептер болатын. Мәселені шешу үшін аудан көлемінде атқарылған нақты шаралар нәтижесі қомақты: «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстары толық аяқталды, жалпы құны 1 013,9 млн. теңге. Биыл пайдалануға беріледі. Осы бағдарлама негізінде оңтүстік қалашықта тағы бір 600 орындық мектептің құрылысы жүруде, жалпы құны – 996 800,0 мың теңге, – дейді аудан әкімі Бақытжан Байахметов. – Жоспарға сәйкес бұл мектеп 2018 жылдың жаңа оқу жылында беріледі деп күтілуде. Тұрғындар саны күн санап өсіп келе жатқан оңтүстік қалашықта балабақша қажеттілігі де көптен көтеріліп жүрген өзекті мәселелер қатарында болатын. Сондай-ақ Сарыарқа ауылының орта мектебі жанынан заман талабына сай жабдықталған спорт залы мен асхана салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Биыл Бозай елді мекені аумағынан балалардың қысқы және жазғы демалысын тиімді өткізу үшін 80 балаға арналған сауықтыру лагерін салуға мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында мердігерлермен келіссөздер жүргізілуде.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.