Мәдениет

Арманы аққумен үндес Арнұр әнші

Арманы аққумен үндес Арнұр әнші

Дүниеде жалғыз қалмау екен ғой,
Аққулардың, ақ-қу-лар-дың ар-ма-ны…
Ән үздігіп барып, баяу тоқтады. Талай майталман деген әншілердің орындауында ести-ести құлаққа сіңісті болып кеткен танымал ән бұл жолы көңілді алай-түлей етті. Қарсы алдымызда баянын қаусыра құшақтап отырған жігіт қол шапалақтап, көрсеткен мадағымызды әлде қысыла, әлде самарқау қабылдады. Оның өз орындауынан қандай әсер алғанын қап-қара көзілдірігі жасырып қала берді. Бұл зағип музыкант Арнұр Әлімханов еді.

Ұлықпан Жолдасов жақсы бір ән жазып бермек болыпты

Өмірінің ең бір әсерлі шақтарын құлағында қалған үндер мен әуендер арқылы еске сақтау – Арнұрға тағдырдан берілген ерекше қабілеттің бірі. Балалық шағындағы анасының мейірлі дауысы, әкенің мәрт мінезге толы биязы үні, тау қойнауындағы жалғыз шопан үйінің кешкі қарбаласы, бәрі-бәрі құлағына бірде талып, бірде жаңғырып жетер дыбыстар арқылы оралады. Әсіресе, ымырт үйіріле транзисторға қосылатын радиодан берілер концерттер қандай еді! Сонда айтылған әрбір әнді беріле тыңдап, бірден әуенін үйреніп алатын қасиетін байқаған әке-шешесі «құдай баламызды құймақұлақ етіп беріпті. Қабілетін қор қылмай, арнайы интернатқа беру керек» деп шешеді. Солайша Катонқарағайдың Ақсу ауылынан Алматыдағы көру қабілетінде ақау бар балаларға арналған интернатқа келіпті. Айтуынша, сондағы музыка мектебін «баян» сыныбы бойынша тәмамдаған ол домбыра, гитара аспаптарымен қоса, ямаханы меңгеріп шығады. Сол кездегі «АБК» тобының продюсері Нұрлан Байгөзов, Батырхан Шүкенов пен Бақыт Шадаеваның ұстазы Люция Төлешева сынды кәсіби мамандар оның музыкалық сауатын ашып, ұштайды. Алайда, қолдың қысқалығы мен қалтаның таяздығы оқуын жалғастырып, маман иесі атануына мүмкіндік бермепті. Тіршілік қамымен Ақсудан Аягөз қаласына қоныс аударады. Бүгінде Аягөздің ықшамауданында күн кешіп жатқан өнерлі жігіт әнші болсам деген бала күнгі арманын тәрк еткен екен.

О баста әнші болсам, өнеріммен жұртты өзіме қаратсам деген арманы оны Алматыға қайта жетелеп апарғанын айтады. Арман қуып Алатауға барған жігіттің өмірге құштарлығын бүкіл қазақ жұрты «Аялы алақан» бағдарламасы арқылы көріп, сүйінеді. Қазақ шоу-бизнесінің шоқтығы биік тұлғасы саналатын Ұлықпан Жолдасовтың да құлағына Арнұр есімді жанары жансыз болса да, әні әсерлі бозбаланың Алматыға келгені туралы ақпарат жетеді. Екеуара әңгімені
Арнұрдың өзі былай еске алады:

«Бірде маған Ұлықпан Жолдасов қоңырау шалды. Өзін қысқаша таныстырғаннан кейін Ұлықпан ағам нақты шаруасына көшті. «Мен дәл қазір Мәскеуде жүрмін. Сен туралы жылы пікірлер естіп жатырмын. Қазір «Сені жұлдыз етіп шығарам деп уәде бермей-ақ қояйын. Әнші болу, болмауың талабыңа байланысты. Саған жақсы бір хит болатындай ән жазып берейін. Менен көмек сол болсын. Осы нөмірді жазып ал. Бір аптадан кейін хабарласып, кездесейік» деді. Бір аптадан кейін мен Алматыдан кетіп қалдым, ал жазып алған телефон нөмірі жоғалып кетті. Өмір ұсынған жақсы бір мүмкіндіктен осылайша айырылдым» дейді.

Өнерге қатысы жоқ мамандықты неге таңдап отыр?

Алматыдан Аягөзге өзегін өкініш өртеп қайтса да, әнге деген махаббатына селкеу түсірмеген еді. Түрлі байқауларға қатысып, облыстық конкурстардың жеңімпазы атанады. Жігіттің жетістігін бағалаған сол кездегі аудан басшылығы, өнерін ұштап, көңілін қанаттандыру үшін «Ямаха» аспабын сыйға тартады. Қазір ол Аягөз мүгедектер қоғамының мүшесі, музыкант. Шығармашылық шабытты да, еңбекақыны да осы қоғамнан алады. Әкімдік 2005 жылы сыйлаған ямаха бүгін сол қоғамның игілігіне жарап жүр. Қазір осы мүгедектер қоғамының бірінші есеп беру концертіне дайындалып жатқандарын айтады.

«Бірінші рет өтіп отырған шара болғандықтан әндеріміз сапалы болсын деп, аудандық мәдениет бөлімінен дыбыс жазуға көмек сұрап, хабарласқан едік. Телефон шалып едік, көтермеді. Мәдениет үйіне қайта-қайта іздеп баруға жағдайымыз келмеді. Ақыры қолда барды қанағат тұтып, өзіміз жазған болдық. Негізі біздің қоғамға жақсы бір музыкалық аппаратура қажет. Бірақ әнімізді жазғыза алмай жүріп, ондай қымбат құрылғыны кімнен сұрамақпыз. Әзірге кезінде өзіме сыйлаған ямаханы аппаратураның орнына пайдалануға мәжбүрміз» дейді Арнұр. Жауапты орындардан көрмеген жақсылықты қарапайым халықтан көріп жүргенін де айтады ол. Шұбартаудың Емелтау елді мекеніне қонаққа барған сапарында өнеріне тәнті болған достары Арнұрға баян сыйлапты. Репертуарындағы он шақты әнін сол баянда орындап, шағын отырыстардың гүлі болып жүрген жиырма сегіз жасар жігіт ән таңдауда аса талғампаз көрінеді.

«Ең әуелі әннің мәтініне көңіл аударам. Мағынасыз болса, әуезіне қызыққаннан не пайда? Бұл тұрғыда «Меломен» «Заман-ай» топтары көңілімнен шығады. Нағыз әнші ретінде Жұбаныш Жексенұлын мойындаймын» деген Арнұр болашаққа өнерге қатысы жоқ мақсат құрып отыр.

«Ойлап отырсам, маған ең оңтайлы мамандық – массажшылық екен. Алматыда осы мамандыққа зағип жандарды дайындайтын колледж бар. Оған түсу үшін орыс әдебиеті мен биология пәндері бойынша емтиханнан өту қажет. Соған түбегейлі дайындалсам деймін. Алматы, Астана сияқты қалаларда массаждың пайдасын түсініп, массажистердің қызметіне жүгінушілердің саны артып келеді. Егер оқуға түсіп жатсам, екі жыл оқып, Аягөзге қайта оралар едім. Қалада екі бірдей аурухана бар ғой. Массаждың пайдалы екені медицинада да мойындалған. Егер мұндағы ақ желеңділер мені жұмысқа алуға дайын болса, осы мақсатқа мықтап бекінер едім» дейді музыкант.
Біз кетер кезде әңгімеге араласқан Арнұрдың анасы жоқтық қол байлау болып отырғанын, егер жасалатын отаның қаражаты табылса, ұлына жанарын беруге дайын екенін айтып қалды. Бұл – енді ананың шарасыздықтан бекінген шешімі. Ал біздің ойымызға Арнұрға деген аяныштан гөрі өнерінің ескерусіз қалып бара жатқанына деген өкініш орала берді. Олай дейтініміз, алға қойған нақты мақсаты бар, көкірегі ояу замандасымыз бір ошақтың сүйеніші бола алатындай қажыр-қайратқа ие. Тек осы мақсатының жолында өз өнерін құрбандыққа қиғаны өкінішті. Бәлкім, бұлақ көрсе көзін ашуға даяр жергілікті атымтайлардың назары осы мақаладан кейін Арнұрға ауар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button