Мәдениет

Арлан әдемі кеш сыйлады

Арлан әдемі кеш сыйлады


Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы музыкалық колледжде осы оқу орнының 3-курс студенті Арлан Қабдоловтың ән өнерінен тұңғыш шығармашылық кеші өтті.

Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын бағдар еткен колледж директоры Альмира Оралбекқызы студентінің шығармашылық кешін өткізуге шешім қабылдайды. Арлан бірнеше музыкалық аспаптарда ойнауымен қатар он шақты ән шығарған, тіпті, әннің сөзін де өзі жазған өнерлі жас. Ол мектеп басшылығының ұйғарымын естісімен өзінің өнер сүйетін достарымен ақылдасып, екі аптадан соң шығармашылық кешін өткізуге дайындалады. Көмекке келген өнерпаз достары Қ.Мәуітқазы, Е.Еркінов, Е.Смагулов, Б.Сайлауханов, А.Советбеков, С.Әлиев, Р.Сләмов, Ж.Жаниязов Арланның әндерін қалың тыңдарманға таныстыру мақсатында барын салды. Шығармашылық кештің репертуары автордың туындыларына негізделеді. Кештің шымылдығы «Шаңырақ» би тобының ғаламат әсем көрінісімен ашылды. Сахнаға кешті жүргізушілер Арланның өнер жолына қалай келгеніне тоқталып, оған сәттілік тілектер айтып, автордың әндерін орындауға әншілерге кезек берді.

Бірінші болып, сахнаға автордың өзі шығып «Баса бер, тек алға!» деген әнін өзі орындады. Содан соң қалған әншілер де кезекпен шырқады. Әнші Нәзигүл «Қазақстан», «Сен қазақсың» әндерін келістіре орындап, қошеметке ие болды. Студенттер Әли, Дастан, Арна «Күткенде» күйін орындап көрушілерді риза етті. Арасында «Қамажай» мен «Селт еткізер» КВН тобы көпшілікті күлкіге бөледі. Концертті Арлан өзінің орындауындағы «Бір сәт» әнімен түйіндеді. Кешке көңілі толған көрермендер өнер иелерін, авторды ұзақ қол соғумен шығарып салды. Арлан негізі Тарбағатай ауданы, Тұғыл кентінде 1998 жылы дүниеге келген. Көпбалалы отбасында 4-ші бала. Әкесі – Мұрат жұмысшы, шешесі – Гүльмира сатушы. Өскемен қаласында тұрады. Үміттері ақталып, мынадай кеш өтуіне қуанып, мектеп ұжымына, достарына алғыс сөздерін білдірді.

Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button