Мәдениет

Қариялардың сыйластығы көпке үлгі

Қариялардың сыйластығы көпке үлгі


Алпыс жылдан астам бір шаңырақ астында бірге жасасып келе жатқан Шыңғыстай ауылының тұрғындары Құмарқан ата мен Сағат апаның сыйласып келе жатқандығы көпке үлгі. Екеуі заманның қиын-қыстауына қарамастан он бір бала өсіріп жеткізді.

Қартайып зейнетке шыққанша малдың соңында жүрген олар өмірдің ауыртпалығын бірге тартты. Бүгінде екеуі де сексеннің сеңгірінде. Осыдан 64 жыл бұрын Жаңаүлгі ауылында бұзау бағып жүрген он алты жасар Сағат Құниязова. Жиенбек Базарбаев ақсақалдың шаңырағына келін болып түседі. Құмарқанның әкесі Жиенбек ақсақал сұңғақ бойлы, қақпақ жауырынды, қарулы адам болған екен. Содан тараған төрт ұлдың бірі – Құмарқан ақсақал.
Басқалары бұл өмірден озған.

– Біз отау құрған жылы Сталин қайтыс болды. Ол тұста ата-енем Көбентауда қой бағатын. Бірде енем жылап отыр екен. Қарны ашып жылап отыр ма десем, Сталин өліпті десті. Онсыз да заманның зар жылатып тұрған кезі еді. Ішіп тамаққа, киіп киімге жарымадық. Қара жерде қардың астында өмір сүрдік. Ол кезде Шыңғыстай кішкентай ғана ауыл еді. «Шекемеде» жеті-сегіз үй мен мектеп қана бар болатын. «Молотов» атындағы колхозда аянбай еңбек еттік. Бірақ қой бағып жүріп, етке жарымадық. Анау таудың бәрінде ізіміз қалды, – деп Сағат апа ақ бас Алтайдың шыңдарына көз тастады.

Ол заманда қойшылардың басында бәлендей баспана да жоқ. Бес сырғауылдың басын біріктіріп, қос жасайды. Үстінен шөп жауып, қалқалап қояды. Бірде тұрғызып қойған қостары өртеніп кетіп, әбігерге салған кездері де болған екен. Қазір бәрі де ұмыт болды. Бастары бір жастықта қартайып келе жатқан қариялар бүгінгі баршылық өмірге тәубе етеді.

Бес ұл, алты қыз өсіп-өніп, немере-шөбере сүйгізді. Өкініштісі, ер жетіп, отбасылы болған бес ұлдың екеуінен айырылып қалды ата-ана. Қабырғалары қайысқанымен ертеңгі күндерінен үміт үзбеді.

– Алғанын құдай қайтармайды. Шарасызбыз. Құдайға тәубе, немере-шөбере бар. Өткенді қусаң, өмірің зая. Халқым аман болып, жастардың алдында садақа болып кете берсек те көрген қызығымыз жетеді, – дейді қариялар.

Көңіл көзайымдары – немере-шөберелері. Алыс-жақыннан келген балаларының бастары қосыла қалса, құрақ-ұшып қарсы алып, мәз болысады. Сағат апа сондай-ақ, құрақ құрап, іс-тігуді ермек етеді. Әңгімесінде де қазақы құндылықтарды жоғалтып алмау үшін әрбіреуімізде ұлтқа деген сүйіспеншілік болу керектігін жиі қайталаумен болды.

Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button