Археологиялық қордың алғашқы каталогы жарық көрді

Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде археологиялық қордың тұңғыш каталогының тұсауы кесілді. Салтанатты шараның лентасын еңбектің жарық көруіне үлкен үлес қосқан профессор, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Амантай Исин мен белгілі шежіреші, этнограф, музейдің экспедициялық жұмысына белсене қатысушы Молдабек Жанболатұлы қиды.
Қазақстандағы ең көне, 1883 жылы құрылған тарихи-өлкетану музейі алғашқы кезеңнен-ақ өз қорын археологиялық материалдармен толықтыруды көздеді. Ұлы Абайдың досы Е.Михаэлис музейдің археологиялық қорын құруға бастамашыл болып, қазба жұмыстары мен кездейсоқ табылмалардан 15 артефакт тапсырыпты. Сонымен қатар, жергілікті өлкетанушылар, лауазымды және шен адамдары музейдің археологиялық қорын толықтыруға белсене қатысқан. Тас және қола ғасырлары артефактарының жеке коллекциясын табыс еткен Ф.Педашенко музей қорын байыта түсуге үлкен үлес қосты. Ірі өлкетанушы Н.Коншин облыстың археологиялық ескерткіштерін тізімге алуға жергілікті қазақ тұрғындарын тартудың бастамашысы болған. Музей археологиялық қорының патша заманында құрастырылған каталогтарының да ғылыми маңызы жоғары. Олардың біріншісі ХІХ ғасырдың 80-жылдарының соңында музей қорын сақтаушысы М.И.Суворцевтың кезінде құрастырылып, облыстық статистикалық комитет каталогты 1888 жылы музей көнеліктерінің сипаттамасы түрінде жариялаған. Патша заманындағы соңғы каталогты музей қорын сақтаушысы Е.Рычков 1914 жылы жариялады.
Тәуелсіздік жылдарында археологиялық материалдарға деген қызығушылық Абай ауданындағы Шыңғыстау, Зайсан ауданындағы Шілікті, Катонқарағай ауданындағы Берел қазба жұмыстарына байланысты арта түсті. Музей жоспарына сәйкес өлкеміздегі археологиялық материалдарды жинап, ескерткіштерді зерттеу бағытында әр жылдары зерттеушілер мен өлкетанушылар экспедицияға шығып тұрды. Соңғы жылдары музейдің археологиялық қорын жүйелеу жұмыстары жандана түсті. Музейдің алғашқы каталогтарының шығуынан кейін жүз жылдан астам уақыттан соң, шығарылған осы каталогқа археологиялық қордың және артефактар сақталуының қазіргі жағдайынан хабардар ететін мыңға жуық жәдігерлер енгізілді. Сонымен қатар ескі және өте сирек басылымдар қатарындағы патша заманы каталогтарының көшірмесі жарияланып отыр.
Шара барысында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Қарпықұлы, Қазақ гуманитарлық инновациялық заң университетінің тарих және география кафедрасының аға оқытушысы Ұлан Құрметқалиұлы, өлкетанушы, зейнеткер Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, Прииртышье өлкетану қоғамының мүшесі Павел Жуков, бұрынғы музей қызметкері, зейнеткер Зере Оразалина каталогқа талдау жасап, өз ойларын ортаға салды.
Шараға қатысқандарға музейдің археологиялық қорының каталогы тарту етілді.
Гүлнұр Шалатайқызы,
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің
жоғары дәрежелі маманы