Білім

«Архаттың алар асулары алда

«Архаттың алар асулары алда


Мақаланың кейіпкері Архат Нұрмұхамет деген жас жігіт. Аягөзде туып-өскен. Жасы 20-ға енді толған бозбаланың қазірдің өзінде қол жеткізген жетістіктері бір төбе.

Қазақ «Талаптыға нұр жауар» деген ғой. Бала жасынан еңбекқорлығымен істің нәтижесіне ұмтылған Архат қазір өз қатарластарының алдында. Сондықтан да университет ұстаздары да оның болашағынан көп үміт күтетінін жасырмайды. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің тарих және педагогика факультетінде психолог мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенті А.Нұрмұхамет қатысқан, баяндама жасаған семинарлар, форумдар мен әрүрлі симпозиумдарда есеп жоқ. Өскеменде өткен «Жаһандық ғылыми кеңістіктегі жастар миссиясы: келелі мәселелер мен мүмкіндіктер көкжиегі» атты жас ғалымдар мен студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Былтыр, Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Яссауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, «Қожа Ахмет Яссауи ілімінің қазіргі қоғамда жеке тұлғаның психикалық дамуын қалыптастыруға тигізетін әсері» атты баяндамасы үшін арнайы сертификатқа ие болды. Сол сияқты, Астана қаласында Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан – Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сертификатқа ие болды. Мәскеуде «МРИКС» қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық пәндік олимпиадада жоғары жетістіктерге жетіп, психология пәні бойынша I дәрежелі дипломға ие болуы жас жігітті қанаттандырды. Көп ұзамай, Мәскеуден В. А. Фроловты еске алуға арналған пленарлық отырыстың құрметті қонағы болу үшін арнайы шақырту қағазы келді. Биыл Түркияның Нийде қаласындағы Өмер Халисдемир университетінде өткен IV халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумына қатысып қайтты. Таяуда ғана «Бейбітшілік әлемі» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Семей қаласында «Мәңгі Ел, Қазақстаным» халықаралық атты ғылыми конференцияда «Гендерлік теңдікке жетудің психологиялық жолдары» атты баяндамасы үшін бас жүлдені жеңіп алуы, анасы Әсия мен әкесі Тоқтарханның ғана емес, барша жерлестерінің қуанышы болғаны рас.

-Баламыздың оза шауып, бәйгеден келуі осы университеттің профессоры, психология ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз Шолпан Сәтиеваның да ерен еңбегі, – дейді олар.

Жалпы, хакім Абай өзінің жетінші қара сөзінде:

«…Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».

Бұған алып-қосар жоқ. Архаттың алға ұмтылып жетістікке жетуіне ата-анасынан алған тәрбиесі мен Аягөздегі қалалық қазақ мектеп-лицейінің берген білімінің ұшан-теңіз пайдасы тиді деуге болады.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button