Білім

Ардақты ұстаздың құрметті арнаулы сынып ашылды

Ардақты ұстаздың құрметті арнаулы сынып ашылды

Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылындағы орта мектепке биыл күзде 80 жыл толды. 1980 жылға дейін білім ордасы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектеп атына ие болып келген. Кезінде білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен атақты ұстаз, Ленин орденінің иегері Фатима Бариева дәріс оқыған.
Көпке үлгі болар мына бастама ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Мерейтой кезінде осы мектепте бастауыш сыныптарда ұзақ жылдар ұстаз болып, шәкірттерін үлкен өмірге қанат қақтырған Бикамал Рахымбаева атындағы арнаулы сынып ашылып, оған ұлағатты ұстаздың өзі, шәкірттері келіп қатысты. Сыныптың ашылу рәсімінде 35 жылдық өтілі бар ардақты ұстаз кейінгі толқын жастарға сәттілік тілеп, батасын берді. Мектепте болған кезде ұстаз атындағы сыныпты көрдік. Сынып ішінде «Ұстаздардың ұстазы болу – даналық» атты стендте Бикамал апайдың өмір жолы, өмірлік қосағы, ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында қызмет етіп, орден-медальдармен марапатталған елге сыйлы Зинабек Зайноллаұлы екеуінің алты баланы тәрбиелеп, бәріне білім бергені, «Күміс алқа», «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңістің 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталғаны, шәкірттері туралы көп мағлұмат бар. Саналы ғұмырын ұстаздаққа арнаған Бикамал апай 1946 жылы Зайсандағы педагогикалық училищені үздік бітіріп, Калинин атындағы ұжымшарда бастауыш сыныптарда сабақ береді. Бұдан кейін Жамбыл, Айнабұлақ ауылдарында қызмет етеді. Апайдың балалары арнаулы сыныпты жақсы жабдықтаған. Бір сүйсінерлігі, Б.Рахымбаева атындағы сыныпта оқитын балалар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады екен.
–80 жылдық тарихы бар Айнабұлақ орта мектебі 2012 жылы «Жылдың үздік мектептері» облыстық байқауының «Жыл дүлділі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл атаққа шығармашылық ізденіс пен іскерліктің нәтижесінде қол жеткіздік. Мектептің оқу кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталған. Физика, биология, химия, басқа пәндер бойынша бес интерактивті тақталар бар. Ең басты жетістігіміз, биылғы бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысқан шәкірттеріміз орта есеппен 100,2 балл жинап, облыста бірінші орынға шықты. Балжан Абдрахманова деген түлегіміз 124 балл жинап, Алматыдағы Асфендияров атындағы ұлттық академияның студенті атанды. Жансая Тетенаева -112, Елназ Сіләмбекова -109 балл жинады. Жансая «Алтын белгі» иегері атанса, Елназ «Үздік аттестатты» иеленді,–деп мектеп директоры Сәуле Зинабекқызы біраз жайдан мағлұмат бере кетті.
Мектеп директоры Сәуле Зайнулдина білімді де білікті басшы, білім ордасының өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан, заман талабына сай ізденіспен жауап беретін жаңашыл ұстаз. Ол осы мектепте оқыды, білім алды, 34 жыл бойы ұстаз. Он жыл оқу ісінің меңгерушісі, соңғы үш жылдан бері аталмыш мектепке жетекшілік етеді. Қазір орта мектепте 38 мұғалімұстаз бар. Олардың 7-і жоғары, 11-і бірінші санатты, 9-ы екінші санатты мұғалімдер. Жаңашыл дегеннен шығады, мектеп директоры ұстаздардың білімін жетілдіріп отыруына жағдай жасайды. Мәселен, биология пәнінің ұстазы Назым Аманжолова «Өрлеу» бағдарламасы бойынша үш айлық курсты тәмамдады. Жоғары санатты ұстаз Әлия Кеңесова да өз пәнінен дәріс оқыған кезде оқушылардың терең түсінуі үшін тыңғылықты әзірленеді. Оқу ісінің меңгерушілері Сайраш Хасенова, Айгүл Еликова, бейнелеу, сызу пәнінің мұғалімі Назгүл Сейітова, әскери –жетекші Манарбек Тоқбаев, тағы басқалар білім ордасының жетістігіне лайықты үлес қосып келе жатқан ардақты ұстаздар.
Осы мектептің түлектері облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Зайсан-құрылыс компаниясының басшысы Болат Нұрасыл, белгілі кәсіпкер Дәулетбек Мықиянов, ауданның елге сыйлы азаматы Талғатбек Семейбаев, тағы басқалар білім ордасымен қарым-қатынасын үзген жоқ, әрдайым қолғабыс жасап тұрады. Мерейтой кезінде аты аталған азаматтар ұстаздарға алғысын айтып, сый-сияпатын алтын ордасына тарту еткен.
«Жыл дүлділі» номинациясының жеңімпазы, биылғы ұлттық тестілеуде облыс бойынша бірінші орынды иеленген Айнабұлақ орта мектебі ұстаздарының алар белестері әлі алда.

Оңдасын Елубай

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button