Ардагерлеріміз Алматыдан олжалы оралды
«Өскемен» ардагерлер командасы республикалық турнирде екінші орын алды.
Бұл турнир «Алмалы» волейбол клубының ұйымдастыруымен Алматыда өтті. Жарыс қазақ елінің заңғар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналды. Волейболдан ардагерлер арасында осымен 17 рет жалауын көтерген дәстүрлі халықаралық турнирге Өзбекстан мен Ресейден және еліміздің облыстарынан 12 ко-манда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, шаршы алаңда сайысқа түсті.
Бірінші топтағы командалар арасында «Алмалы-1» құрамасының волейболшылары топ жарса, екінші топта «Өскемен» командасының ойыншылары үздік өнер көрсетті.
Ақтық бәсекеде осы екі команда-ның волейболшылары кездесіп, бірінші орынға таласты. Аса тартысты өткен ойындарда алаң иелерінің мерейі үстем болып, бір миллион теңгенің бас жүлдесін иеленді. Өскемендіктерге 500 мың теңге тапсырылды. Үшінші орынға шыққан «ҚазҰАУ» командасы үшінші орынды еншілеп, 300 мың теңге алды.