ТағзымТОП

Ардагерлерімізге айырықша құрмет

Дәурен Аллабергенұлы

Санаулы күннен соң Ұлы Жеңіске 78 жыл толмақ. Жыл сайын өңірде сол бір қанқұйлы соғыста жеңіс күнін жақындатқан шығысқазақстандық ардагерлерге көрсетілетін құрмет арта түспесе, кеміген емес. Алайда сол кеше ғана осынау мерекеде қара ормандай болып отыратын кеудесі орден мен медальға толы майдангерлердің бүгінде саусақпен санарлықтай шоғыры қалғаны еріксіз жаныңды жүдетіп, соларға деген сағыныш сезімін үдете түседі…

Жеңіс күніне орай биыл да Шығыста республикада алғашқылардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мемлекет тарапынан бір жарым миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайрғазинов мәлімдеді.

– Биыл 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, облысымыздағы 17 Ұлы Отан соғысының ардагеріне біржолғы материалдық көмек берілді. Олардың барлығы бір жарым миллион теңгеден қаржы алды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға да 100 мың теңгеден көмек берілді, – деді Досхан Қайырғазинов.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталған облыс тұрғындары да бір реттік 100 мың теңге сыйақыға ие болды. Аймақта бұл санаттағы адамдар саны – 113.

Ал наградталмаған 5601 адамға мереке құрметіне 50 мың теңгеден берілген.

Досхан Қайырғазиновтың айтуынша, мерекеге орай бюджеттен төленетін төлемдердің жалпы сомасы 530 миллион теңгеден асады.

Бұл күні өңірдің барлық қалалары мен аудандарында Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты шаралар өтеді. Ал облыс орталығында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай, ауқымды іс-шаралар легі жоспарланып отыр.

– 9 мамыр күні сағат 11.00-де «Жеңіс» мемориалдық кешенінде (Стрелка мөлтек ауданы) ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің қатысуымен салтанатты ресми құттықтау басталады. Қала тұрғындары мен қонақтарын Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шараларға шақырамыз, – деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұл күнгі бағдарламада театрландырылған қойылымдар, концерттер, гүл шоқтарын қою рәсімі жоспарланған. Мәселен, таңертеңгі сағат 9.30-да әскери әндер трамвайы қала ішінде шеру тартса, сағат 11.00-де гүл шоқтарын қою салтанатты шарасы өткізіледі. Сағат 12.00-де соғыс жылдарындағы әндер бейбіт еліміздің аспанында әуелемек. Түс мезетінде майдангерлер мен тыл ардагерлері, қала тұрғындары және қонақтары сарбаз ботқасынан дәм татады.

Кешкі сағат алтыда үлкен мерекелік концерт басталса, жылдағы дәстүр бойынша сағат 21.00-де қала жастарының, еріктілердің, жас сарбаздардың қатысуымен «Шырақ жағу» акциясы ұйымдастырылады. Ал түнгі сағат 22.00-де Өскеменнің бейбітсүйгіш жұлдызды аспанын Жеңістің 78-ші көктемінің мерекелік отшашуы мың сан түрлі шапаққа бөлемек.

– Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесін мерекелеу арқылы біз қазіргі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, ерлікті бағалау сынды сезімдерді қалыптастыра аламыз. Олар бүгінгі бейбіт өмірдің арғы үлкен аталарының ерлігімен, қанымен келгенін біліп, саналарына түйіп өскені дұрыс. Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын! Барша ардагердің және соғыс өртінің қасіреті шалған шығысқазақстандықтардың отбасына, ұрпақтарына амандық, саулық тілеймін, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button