Мәдениет

Ардагерлер ән салып, би биледі

 Ардагерлер ән салып, би биледі

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында ардагерлерден құралған өнер ұжымдарының фестивалі өтті.

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына және қалалық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған фестивальдың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина қариялары жылы лебізін білдірді.

– Сіздерді ерлік пен қайсарлықтың мерекесі – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы Жеңіс – майдангерлер мен тылда қажырлықпен еңбек еткендердің жанқияр ерлігі мен еңселі елдік рухының, қайсарлығының жемісі. Сіздерге мықты денсаулық тілеймін, – деді Ольга Булавкина.

Сахна шымылдығы Үлбі металлургиялық зауытының «Возрождение» ардагерлер хорының орындауындағы «Красная гвоздика» әнімен ашылды. Бұл кеште әртүрлі этнос өкілдерінің халық әндері шырқалып, билері биленді. Атақты сазгерлердің туындыларын көрермен қауым өнерпаздармен бірге шырқап отырды. Сахна төрінде Есмұрат Қыдырмолдин мен Зайра Сүйіндікова әннен шашу шашып, көрермендердің ықыласына бөленіп, концерттің сәнін келтірді. Сондай-ақ, концертте «Ақниет» және «Қазына» вокалдық топтары, «Атамұра» ансамблі мен «Ақ босаға» ардагерлер хорының мүшелері өнер көрсетіп, көрермен қауымның ерекше қошеметіне ие болды.

– Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 72 жыл толады. Бұл көп уақыт болып көрінгенімен, дүниені дүр сілкіндірген осынау дүрбелең кезеңнің қиын-қыстау сәттері күні бүгінге дейін көпшіліктің есінде екені рас. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан біз әрқашан ардагерлерімізді ардақтап, оларға лайықты сый-құрметті көрсетуіміз керек, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сергей Денякин.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button