Ардагерлер ұлағатты әңгіме айтты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Өскеменнің іргесіндегі Меновное ауылдық округінің ардагерлері Меновное орта мектебінде оқушылармен кездесті. Ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәкен Рахимова бастаған қарттар жастарға Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясаты мен ел болашағы, жастардың қоғамдағы орны және олардың ұлт алдындағы парызы жайында әңгімеледі.
Меновное ауылдық округінде қазір екі мыңнан астам еңбек ардагері тұрып жатыр. Ардагерлер кеңесінің он бес мүшесі бар. Олардың барлығы кезінде қоғамның әр саласында қызмет еткен, көрген-түйгендері мол, жас ұрпаққа айтары бар қариялар.
Мәкен Рахимова елу жыл жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаз. Шығыс өңірінде «Алтайский Алтынсарин» атанған алғашқы ұстаздардың бірі – Ғайса Аязбаев Мәкен Рахымқызының туған нағашы атасы. «Шөп шыққан жерге шығады», -деген атамыз қазақ. Мәкен апайдың бойындағы жігерлілік, қайсарлық, білімге құштарлық сияқты толып жатқан жақсы қасиеттер нағашыдан дарыған десек, артық болмас. Өзінің еңбек және өмір жолы туралы жазылған «Шуақты менің жылдарым…» кітабының авторы. Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Меновное ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәкен Рахымқызы бүгінде жетпісті орталап қалса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, егемен елдің жастарын тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.
-Өзім жарты ғасыр ғұмырымды ұрпақ тәрбиесіне арнағандықтан, әлі де оқушылармен жүздесіп тұрғанды қалаймын. Облыс орталығындағы қазақ мектептерінің ұжымдары ардагерлер кеңесінің мүшелерін тәрбие сағаттарына, басқа да әртүрлі шараларға шақырып тұрады. Қарапайым халықпен кездескенде де Елбасының еңбегіне қандай баға беретіндерін сұрастырып жүреміз. Сонда барлықтарының Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғыстары шексіз. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін ризашылықтарын білдіреді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа рухани түлеуге бастайтын бағдаршам іспетті. Біз сол Елбасының салиқалы саясатын жастарымызға түсіндіріп, Қазақстанның лайықты азаматтары болып өсулеріне барынша үлесімізді қосып келеміз, – дейді Мәкен апай.
Мәкен Рахымқызының әріптестері де өзі сияқты белсенді. 80 жастан асқан Елеухан Тоқанов, жетпісті алқымдаған Төлеужан Исин мен Мұрат Үркіншінов, Сағдолла Кәденов ақсақалдар мен тыл ардагері Ефим Курочкин оқушыларға үштілділік туралы, латын ғарпіне көшу саясаты жайында түсіндіріп берді.
– «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді барлықтарыңыз жастайларыңыздан естіп өстіңіздер. Ағылшын тілін меңгеру қажеттілік, ертең жоғарғы сыныптарда көп пәндер сол тілде жүретін болады. Бірақ ана тілдеріңді ұмытпау абзал, – деді Мұрат Үркіншінов ақсақал.
– Сіздердің білім алуларыңызға осындай керемет жағдай жасаған Елбасының еңбегі ерен. Ұлт Көшбасшысының берген мүмкіншіліктерін пайдаланып, дара жолы бар азаматтар болыңыздар, – деген лебіздерін білдірді ардагерлер.
Оқушылар да аянып қалмай, өздерінің үш тілді жетік меңгеріп жатқандарын көрсетті. Ділназ Бекбосынова қазақша, Камила Коханова орысша және Никифорова ағылшын тілінде Елбасы туралы өлеңдерін оқып берді.
Мектептің оқу ісінің меңгерушісі Алтынгүл Батиханқызының айтуынша, оқу орнында соғыс және тыл ардагерлерімен осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Тәрбие сағатында Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Айна Ескенқызы