Мәдениет

Ардагерлер Абай еліне саяхаттап қайтты

Ардагерлер Абай еліне саяхаттап қайтты


Жарма ауданының бір топ ардагерлері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай туристік сапармен Абай еліне саяхаттап қайтты. Сапарды ұйымдастырушылар – Жарма аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Есболов пен облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битенов.

Ардагерлерді Абай ауданы шекарасында аудан әкімінің орынбасары М.Еділбаев, Т.Битенов және бір топ аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері құшақ жая қарсы алып, ақын Төлеген Жанғалиев, әншілер М.Жұмаханов, Н.Орынбекұлы жыр оқып, ән шырқап құрмет көрсетті. Дастарқан жайылып, әжелер шашу шашты. Іс-шара қадірлі қонақтарды Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйімен таныстырудан басталды. Мұражай басшысы Ш.Исабаев Мұхаң туралы тың деректер, қызықты мағлұматтар айтты. Қасқабұлақ ауылының әкімі Асхат Мұқатай қос ғашық «Еңлік-Кебек» басында олар жайында сыр шертіп, фотаға түсіп, құран бағыштауды ұйымдастырды. Түс ауа ардагерлер Еуразия кіндігі – Жидебайдағы қонақүй, халыққа қызмет көрсету орны, конференция залы және жатын орны бар кешенге ат басын тіреді. Танысу ең алдымен Абай және Шәкерім кесенесі мен Зере мен Ұлжан кесенесін аралап көріп, бабалар рухына тағзым етуден басталды. Абай мұражайымен танысудың өзі – бүкіл қазақ елінің өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігімен танысқандай әсер қалдырады. Мұражайда мол мағлұмат бергендер Ә.Мырзақасым мен Т.Боранжанова – ауыл әкімі.

– Ендігі беталыстарыңыз аудан орталығы Қарауыл болмақ, – деді Марат Еділбаев, – «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында аудан орталығында Әнет бабаға, Шәкерім қажыға, Кеңгірбай биге, әнші Жәнібек Кәрменовке, Мамай батырға, ұлы Абайға, Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіштерін тамашалап, гүл шоқтарын қоямыз. Сонан соң сол ұлылар атындағы саябақтарды аралайсыздар.

Іс-шара ұйымдастырушылардың жоспары бойынша өтті. Аудан орталығын аралап, саябақтарды, өлкетану мұражайымен, Шыңғыстау спорт кешенімен танысқанда ерекше таңданыста болдық. Байқағанымыз, ауылда әрбір отбасы өз үйлерін сәндік үлгіде таза ұстауды дәстүрге айналдырған сияқты. Осындай өнегелі істер барлық аудан орталықтарында іске асса, жас ұрпаққа берері мол тәрбие болар еді-ау деген ойда қаласың. Қ.Берлешев, Т.Битенов, С.Нұрпейісов секілді азаматтар бізді аудан орталығымен таныстырып, атқарылып жатқан істер жайында ойларын ортаға салды.

– Бүгін сіздер көріп тамашалаған ескерткіштер, саябақтар, кешендер өткен жылы Абай атамыздың 170 жылдық тойы қарсаңында салынып, ел игілігіне айналды, – деді облыстық мәслихат депутаты Тасболат Битенов. Саяхат соңында аудандық мәдениет үйінде Жарма ауданы Шар қаласының мәдениет үйі жанынан құрылған Ардагерлер хоры (негізі 1995 жылы қаланған) бір жарым сағаттық концерт қойды. Хор құрамында әр ұлт өкілдерінен құралған 30-дан аса әншілер, күйшілер бар. Зейнеткерлер кезінде әр салада қызмет еткендер. Ардагер хорының жетекшісі әрі директоры – Н.Құсайынова. Бұл жолы хор репертуары негізінен Абай әндерінен құралды. Концертке жиналғандар қошемет көрсетіп, қол соғып, өнерпаздарды қолдап отырды. Шымылдық ашыларда ақындар Жұмабақыт Рахметова және осы жолдардың авторы Абай ауданы жұртшылығына арнаған өлеңдерін оқыды. Концертке көңілдері толып, риза болған, Абай ауданының Құрметті азаматтары Құрманғазы, Базарбай, Байбота ақсақалдар кездесуге демеуші болған Тасболат Битеновке сайлаушылар атынан алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев бастаған бір топ мекеме басшылары келген қонақтарға сый-сияпат жасады. Қонақтар атынан Жарма ауданының Құрметті азаматы, ардагер-журналист Әлкиш Сәтбеков сөз сөйлеп, шын ықыласымен қарсы алып, құрмет көрсеткендері үшін алғыс айтты.

Мәуітқазы Зүкенов
Қалбатау – Шар – Қарауыл.

Осы айдарда

Back to top button