Ардагер журналистің айтары көп

Есімі елге танымал ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Болат Салықбаевтың «Тағдыр мен тағылым» атты кітабының тұсауы кесілді.
Бұл – Бөкеңнің соңғы үш жылдағы шығарған екінші кітабы. Мұның алдында «Өсиетпен өскен әулет» атты кітабы қалың оқырманға жол тартқан.
Биыл қарашада Болат Сағдаұлының журналистік шығармашылық жолына елу жыл толғанын, өзінің жетпіс атты асуды бағындырғанын бұған дейін жазғанбыз. Автордың аталған кітабы осынау мерейлі даталарға орай шығарылып отыр.
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада өткен бұл кешті «Шабыт» ақындар мектебінің жетекшісі Қызырбек Дүргінбайұлы ашып, жүргізді. Кездесуге мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері, әр кездерде бірге қызмет еткен замандастары, студент жастар қатысты.
Сұрақ-жауап, ашық пікір алмасу түрінде өрбіген кеште жиналғандар ортаға шығып, Болат Сағдаұлын құттықтап, оның адамгершілік, журналистік қайраткерлік тұлғасы жайлы орамды ойларымен бөлісті.
Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Әбдікәрімов пен аудандық мәдениет үйінің директоры Аслан Ғафуров қазақы дәстүрмен мерейтой иесінің иығына шапан жауып, аудан әкімінің атынан лайықты сый-құрмет көрсетті. Мұнан соң белгілі журналист Оңдасын Елубай, Болат ағаның шәкірті, облыстық «Алтай» телеарнасының басшысы Аида Жабағиева, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Айжан Қартаева, облыстық «Дидар» газетінің бөлім меңгерушісі Ержан Әбішев және басқалары құттықтап, бірге қызмет еткен кездегі қызықты сәттерімен бөлісті. Сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаеваның, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышовтың арнайы жолдаған құттықтауларын ағаның тағы бір шәкірттері Мақсат Әкрамов пен Досжан Омархан оқып берді.
– Қаламгердің жаңа кітабы Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен құндылықтарды қастерлеу, ұлт намысын жоғары ұстау жөнінде оқырманға ой тастайды. Сонымен қатар автор әке-шешеге, отбасына, қазыналы қарттарға, туған жерге деген сүйіспеншілігін қарапайым тілмен жеткізуге тырысқан, – дейді кітапхана директоры Жанар Кенжебекова.
Әсерлі әңгіме арасында «Шабыт» ақындар мектебінің оқушысы Естай Жаңабаев «Жорға» деген жүрекжарды туындысын оқыса, Болат ағаның тағы бір әріптес шәкірті Құмар Зиятхан кеш иесінің қолқалауымен Мұқағали ақынның өлеңіне жазылған Т.Рахимовтың «Аягөз ару» әнін шырқап берді.
Шараның түйіні «Тағдыр мен тағылым» кітабының тұсаукесері болды. Салтанатты рәсімді ардагер журналист Оңдасын Елубай және ғалым Айжан Қартаева атқарып, ішінде алар тағылымы мол жаңа кітап қалалық кітапхана арқылы оқырманына жол тартты.
– Журналист – ең жауапты мамандықтардың бірі. Сондықтан бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Елу жылда барынша адал еңбек етуге тырыстым. Осы кітапқа оқырмандарға қажет-ау дегендерді, соңғы сараптамалық дүниелерімді ғана екшеп алып кіргіздім. Ал елу жылда жазғандарымның бәрін жинақ етуді мақсат қылмадым. Осымен болдым, толдым деп отырмақ емеспін. Денсаулық болып, Алла ғұмыр беріп жатса, алда тағы біраз дүниелерді де кітап ету ойымда бар, оны уақыт көрсетеді, – деген Болат Сағдаұлы өзінің және отбасының атынан кешке жиналған, шығармашылығына қолдау білдірген барша ағайынға ризашылығын білдірді. Тамаша кеш соңы мерейтой иесімен естелік суреттерге түсумен мәресіне жетті.
Дәурен Аллабергенұлы