Ардагер ұстазға арналған кабинет ашылды

№5 Күршім орта мектебінде айтулы бір іс-шара өтіп, мұның өзі көпшіліктің шынайы ризашылығы мен қолдауына ие болды. Осы мектептің негізін қалап, шаңырағын көтерген алғашқы директоры, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Есімхан Қасымхановқа арналған математика кабинеті ашылды.
Кәдімгі мерекеге айналған осы өнегелі іс-шарада бірқатар құрметті қонақтар, еңбек ардагерлері, ұстаздар мен оқушылар, Есімхан Қасымханұлының бір кездегі шәкірттері бас қосты. Аудан әкімі С.Шоқаев пен оның орынбасарлары, мәслихат хатшысы М.Сағанақов бұл кездесуге әдейілеп келген болатын.
Кездесудің салтанатты бөлімінде білім саласына елеулі үлес қосып, еңбегімен елге танымал болған, ауданның бірнеше білім ордасында білікті мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, кейіннен директор болып жұмыс істеп, жүздеген талапты шәкірттерді түлетіп ұшырған ардагер ұстаз Есімхан Қасымхановқа арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Бұл бөлімде қарт ұстаздың замандас, әріптестері, ағаларынан тәлім алып, ізін қуған, бүгінде өздері де зейнеткер атанып отырған мұғалімдер сөз алып, Е.Қасымханов туралы жүрекжарды пікірлерін ортаға салды. Мектептің өнерлі де талапты оқушылары арнайы шақырылған қонақтардың құрметіне шағын концерт қойып берді.
Жаңа кабинеттің лентасын қию құрметі аудан әкімі мен білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ә.Қосанбековке ұсынылды.
Жұрт барынша көркем де жинақы жабдықталған кабинетті тамашалап, танысып шыққан соң, алғашқы сөзді мектеп директоры С.Рахимов алып, кеш иесіне риясыз құттықтауын арнады.
– 1997 жылы бұрынғы кәсіптік-техникалық училищенің штаты қысқарған кезде осы ғимарат бізге тиген болатын, – деді ол. – Алғаш кіргенде асты үстіне шығып, додырап жатқан сынып бөлмелерін көріп, шынымен шошынған едік. «Бұл қалай мектеп болмақ?» – деген сауал әркімді мазалап, кәдімгідей уайым жегенбіз. Сонда осында директор болып тағайындалған Есімхан ағамыз бәрімізді жұдырықтай жұмылдырып, ортақ іске жасқанбай кірісуге шақырған болатын. Ағамыз шынында да, жоқтан бар жасай білді. Ол уақытта оңайлықпен ештеңенің табылмайтыны естеріңізде болар, директор өзі де маза таппай, бізге де тыныштық бермейтынымсыз шапқылап жүріп, қажетті дүниенің барлығының ыңғайын келтірді. Ал бүгін қараңыздар, біздің мектеп аудан түгілі облыстағы таңдаулы 50 мектептің қатарына еніп, жүлдегер атанып отыр. Балаларымыз облыстық, республикалық олимпиадаларда топ жарып, мерейімізді өсіріп келеді. Осы табыс пен жетістіктердің қайнар көзін ашып, бастамасын жолға қойып кеткен Есімхан ағайымыз десем, бұл сөздің ешқандай артықшылығы бола қоймас.
Осылай дей келе, Сейітәшім Қоржынбайұлы бұрынғы ұстазына, оның қосағы ардагер ұстаз Нәзигүл апайға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Қаршадай кезінде ата-анасынан бірдей айырылып, тұлдыр жетім болып қалса да, мойымай бар күш-жігерін білім алуға жұмсап, қайсарлықпен тырыса білген Есімхан Қасымханұлы Құйған орта мектебін бітіріп, соңынан Өскемен пединститутының математика факультетін тәмамдайды. Сол шақтан бастап оның жарты ғасырға созылған ұстаздық еңбегінің жемісті кезеңі басталады. Қатардағы мұғалімнен өсіп, бірнеше мектепте оқу ісінің меңгерушісі міндетін абыроймен атқарған Е.Қасымханов кейіннен сол кездегі іргелі білім ордасы – Шірікаяқ орта мектебінің директорлығына тағайындалды. Одан соңғы еңбек жолы Славянка орта мектебінің, жаңадан ашылған №5 Күршім орта мектебінің директоры қызметінде жалғасты. Бүгінде Өскемен қаласында тұратын Есімхан Қасымханұлы өмірлік серігі Нәзигүл Қайнолдақызымен бірге үш баласынан өрбіген немере-шөберелерінің сарқылмас қызығына бөленіп, бақуатты тірлік кешуде.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.