Мәдениет

Арбадағы биден әлем чемпионы

Ресейдің Петерборында өткен арбадағы би сайысынан дәстүрлі Әлем кубогы және Құрлықтар кубогы байқауларында Үржар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі Алексей Журавлев алтын әрі күміс медальдарды қанжысына байлап, туымызды желбіретті.

Осы мүмкіндігі шектеулі жасөспірімнің жетістігін жұртқа таныстырып, мекеменің жұмысын көрсету ниетте орталық директоры Айжан Аманжоловаға жолықтық.

– Орталықта 56 бала тәлім көруде, отыз алтысы – ер бала, жиырмасы – қыз бала. Мекемеде 94 адам жұмыс істейді. Жауапкершілік жоғары, әркім өз ісін мұқият атқарады. Жеткіншектерді тұрмысқа бейімдеу оңай емес, – дейді Айжан Мұхамәдиқызы.

Орталықта дефектолог, тәрбиеші, психолог, логопед, музыка, денешынықтыру мамандары, медицина қызметкерлері еңбек етеді. Әр баланың диагнозы мен қабілетіне қарай жоспар құрылып, жұмыс жүргізіледі. Орталық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Тіл кемістігі бар балаларға арналған, ой-өрісті арттыратын түрлі тренажер қолданылуда. Дәрімен, сәулемен емдеу, емдік денешынықтыру, массаж қызметтері көрсетіледі.

Десек те, мекемеде көлік мәселесі шешілмеген. Ескі көліктер жөндеуде, сондықтан балаларды мектепке апарып-әкелу қиынға соғып тұр.

– Біздің Алексей жиырма елдің өнерпазы қатысқан «Құрлықтар кубогы» бағдарламасында күміс медальды иеленсе, «Әлем кубогы» бағдарламасында алтын медаль мен кубокты алды. Тәрбиеленушіміз бұл спорттың елімізде дамып келе жатқанын паш етіп, Германиядағы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне  ие болды, – дейді мекеме басшысы.

Жеңіспен елге оралған Алексейді аудан жұрты гүл шоқтарымен қарсы алып, құттықтады. Биші баланың жетекшісі Наталья Анистратованың еңбегі де бағаланып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button