Мәдениет

ҚАРАУЫЛДАН ҚАНАТ ҚАҚҚАН ҚАРШЫҒА…

Мені таңғалдырғаны – оның сахнадан тыс жерде өзін-өзі ұстай білуі, киім киісі мен жүріс-тұрысы, қыл аяғы сөз саптасының өзі жарықтық Жәнібек Кәрменовтен аумай қалғандығы болатын. Арада 20 жыл өткенде екеуіміз тағы да жолықтық. Жылыстап өткен жылдардың жүзіне салған іздері мен самайының сәл қырау шалғаны болмаса, сол биязы қалпы. Ол әңгімесін өзінен емес, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен аталарынан бастауды жөн санады. Сөзін бөлмедім…

Әкесі Құдайберген атамыз шыр етіп дүниеге келген кезде, әкесі Жұмаділ аяқ астынан, ауырмай-сырқамай қайтыс боп кеткен көрінеді. Сонда, қайғыдан аһ ұрып отырған анасы:

– Әкесін жұтып, дүниеге келген баланың маған керегі жоқ! – деп шорт кеткен екен.

Мұны естіген ағайын-жегжаттар күйеуінен айырылып, есі кіресілі-шығасылы боп отырған келіндеріне не деп басу айтарларын да, естіген адамды есінен тандырарлық тосын шешімін неге жорырларын да білмей, аңтарылып тұрып қапты.

Ел ішінде қайтыс боп жатқан атамыздың Омар деген туған інісі бар екен. Өзі аузында Алласы бар діндар, көпке абыройлы адам болса керек. Бірақ кіндігінен бала жоқ екен. Сол кісі көптің арасынан суырылып шығып, «Далада жатқан бала жоқ, саған керек болмаса, өзім-ақ бала қылам» деп, жиналғандарға ағасының баласын өз бауырына басатындығын жариялапты. Осылайша, дүниеге келмей жатып тағдыры талқыға түскен Құдайберген атамыздан бүгінгі кейіпкеріміз – Берік Омаров тараған екен.

    «Қара жорғадан» қуат алған қара бала

Омар атамыз құдайдан сұрап алған жалғызын шолжаңдатып жібермесе де,  бетінен қақпай, мейлінше еркін өсуін қалайды. Өзі де қарулы боп туса керек, уақыт өте келе Құдекең баяғы Алпамыс батыр құсап ауыл балаларына жүріп-жүріп тізесін батыратынды шығарыпты. Алыспаған адамы, күреспеген балуаны қалмайды. Он алты жасқа толғанында ауылды қойып, сол аймақта Құдайбергенмен белдесетін жан қалмаған көрінеді.

– Омар атамның сол заманда елге аты шыққан балуан досы болыпты. Күндердің күнінде әлгі кісі жолаушылап кеп қалса керек, – дейді әңгімесін байыппен бастаған Берік.

– Бұла күші бойына сыймай жүрген әкем әлгі кісімен «Күресем де, күресем!» деп қиғылықты салған ғой. Қой дегенге қояр болмағасын, атам жарықтық есіктің алдына алып шығып, екеуін күрестірген екен. Қанша дегенмен ересек балуанның күш-қуаты да, әдіс-айласы да басым болмай ма. Екеуі сүт пісірім уақыттай алысып, ақыры қонақ балуан сол жердегі дүйім жұрттың көзінше әкемді жамбасқа салып жығады. Жай ғана жығып қоймай, сол белдесуде әкемнің бір қабырғасы сынып кеткен екен. Осы оқиғадан соң, біраз бейнет тартқан әкем тәубесіне түсіп, қайсыбір тентектігін қойып кеткен көрінеді.

– Жалпы, балалығың қайда, қалай өтті?

– Әкем біраз жылдар Абай совхозында тракторист боп істеді де, кейіннен малға ауысып кетті. Кешкілік мал келгеннен кейінгі мамыражай кеште киіз үйдің алдында отырып ас ішеміз. Әкем кешкі астан соң қолына домбырасын алып, шешеме: – Әй, Жамал! Мына балаларыңа би билеп бермейсің бе, үйрене берсін? – дейтін. Сосын өзі ел бертін естіп-біліп жүрген әйгілі «Қара жорға» күйін ойнап, анам буындары былқылдап тұрып билеуші еді. Жарықтық анам өте көрікті жан болатын, бар болғаны 48-ақ жасында дүниеден өтіп кетті, – деп әнші сонау бір балалық бал дәуренін сағынышпен есіне алады.

Жалпы, Беріктің бойына ата-анасының балуандығы да, өнерпаздығы да қонған. Олай дейтініміз, ұзақ жылдар совхоздың малын бағып, еліне адал еңбек еткен Құдекеңнің өзі де, бәйбішесі де өнерге өте жақын адамдар болыпты. Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демейтін бе еді. Шекараның арғы бетінде жүрсе де, туып-өскен елге, ата-қоныс жерге деген сартап сағыныштарын жүрек тербетер әсем әнмен, күмбірлеген күміс күймен баса білген Құдекең мен Жамал анамыздың бойындағы қасиет қаршадай ғана Беріктің де  бойынан қылаң беруі – өмірдің заңдылығы болса керек.

– Сонымен сенің ән өнеріндегі ұстазың әкең болды ғой?

– Иә, солай дегеніміз дұрыс болар. Әкем сол «Қара жорға», «Былқылдақ», «Сылқылдақ» дейтін күйлерімен-ақ менің осы бір қасиетті ұлт аспабына деген қызығушылығымды арттырып, сәбилік құштарлығымды оята білді. Содан да болар «Қара жорға» күйі мен үшін ерекше ыстық. Ал жалпы ұстаздыққа келетін болсақ, мен өзімді «Ұстаздардан жолым болған адаммын» деп есептеймін.

– Ұстаздар демекші, білімді сол өзің өскен ауылдан алған боларсың?

– Жоқ, мен бірінші сыныптан бастап Семейде №5 орта мектепте оқып білім алдым. Ол кез еліміз енді ғана тәуелсіздік алып, Алаш арыстарының халықпен қайта қауышып жатқан шағы. Ерлан деген мектеп директоры тарихтан сабақ беретін. Сол кісі Алаш арыстары жайында мазмұнды да мағыналы сабақ жүргізетін. Жүргізген сабақтарының әсерлілігі сондай, мектеп бітіргесін сол кісілердей мұғалім болуды армандайтын едім. Содан мектеп бітіретін жылы қазақ әдебиетінен «Болашақта кім боламын?» деген тақырыпқа шығарма жаздық. Мен өзімнің мұғалім болғым келетіндігін жазып бергем…

Ән әуелеп, күй шалқыған шаңырақ

 Ертеңгісін Бағила Сайлаубайқызы деген әдебиеттен сабақ беретін апайымыз шақырып ап, «Берік сен өз шығармаңда мұғалім болғым келеді» депсің. Әрине, таңдауың жаман емес, дегенмен менің байқауымда сен өнер адамысың. Менің тілімді алсаң, сен Алматыдағы өнер консерваториясына барғаның дұрыс секілді. Онда Жәнібек Кәрменов деген жерлес ағаң бар, мен ол кісіге хат жазып жіберемін» деді қамқорлық танытып. Мен бұл уақытқа дейін Жәнібек ағамның әндерін тыңдап, соларды домбыраға салып, өзімше орындап жүрсем де, ол кісіні жүзбе-жүз көрмеппін және өнер консерваториясы дейтін оқу орнының бар екендігінен де бейхабар екенмін. Сөйтіп, ұстазымның ақыл-кеңесімен ендігі оқуымды өнер саласында жалғастыруды ұйғардым.

Бірақ өкінішке қарай сол жылы жаз айының басында Жәнібек ағамыз көлік апатынан қайтыс болып кетіпті… Оны кейін естідік… Менің өмірдегі бір өкінішім – Жәнібек ағаның шәкірті болу маңдайыма жазылмағандығы. Олай дейтінім, сол кісінің әнімен өсіп едім.

Алматыға Семейден барған (екі қыз, бір ұл) үш бала едік, біреуі жолы болып оқуға түсіп кетті де, екеуіміз елге қайтып келдік…

– Өзің Бағила апайыңның уәдесі бойынша, пединститутқа түстің бе?

– Мен Алматыдан келгенше пединституттың емтихан қабылдайтын уақыты өтіп кетіпті. Содан бір күні көшеде келе жатып кезінде Жүсіпбек Елебековтен дәріс алған Жұмабек Қамбаров деген ағаммен кездесіп қалдым. Ол кісі сол кезде Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжде дәстүрлі әннен сабақ беретін. Жалпы, Семей өңірінде Елебековтің домбыра шертісі мен ән орындау мәнерін айнытпай ұстап қалған бірден-бір шәкірті сол кісі болатын. Дауысы да құлаққа аса жағымды, баритон мен тенордың ортасындағы барқыт дауыс еді. Жұмабек ағамның араласуымен колледжге қабылданып, келесі жылдың көктеміне дейін сол кісіден дәріс алдым. Ол кісі маған ұшан- теңіз білім берді. Домбыра тартудың түрлі тәсілдерін, ән айтқанда тынысты қалай алу керектігін, қай әннің қалай басталып, қалай аяқталатындығына дейін, т.б. ән әлемінің құпияларын сол кісіден үйрендім.

– Нағыз ұстазың сол кісі болған екен ғой?

– Солайы, солай ғой. Бірақ мен сабақтан қолым бос уақыттарымда қаладағы дүкендерден Ж.Елебековтің, Қ.Бекбосыновтың, тағы да басқа қазақтың атақты әншілерінің күй табақтарын сатып алып, солардан да ән үйренуді әдетіме айналдырдым. Әкем тамағыңа, жүріп-тұрғаныңа деп ақша тастап кететін. Шамамның келгенінше группаластарыммен киноға, вечерлерге бармауға тырысып, ақшамды үнемдеймін. Үнемдеген ақшама күйсандық, күйтабақтар алатынмын. Әлі есімде, бір жолы пластинка сатып алып жүретін «Олимп» дүкеніне барсам, қазақ әндерінің толық анталогиясы түсіпті. Жиыны үлкен-үлкен 12 табақ. Ел таласып алып жатыр. Қырсыққанда қалтамдағы ақшам жетпей қалсын. Әйтеуір, сатушы мені танитын, сонымен келісіп, әлгі анталогияның бір комплектісін қалдыртып қойып, екі күннен кейін алғаным бар.

– Мұндай мұқият дайындықтан соң оқуға түсу аса қиындық тудыра қоймаған болар?

– Рас айтасыз, бұл жолы сынақтан сүрінбей өтіп, консерватория студенті атандым. Жоғарыда айтып кеттім, дәл сол уақытта Жәнібек ағамыз қайтыс болып, ол кісінің класын сол кездегі Жәкеңнің өз шәкірті Бекболат Тілеуханов қабылдап алған. Біз сол Бекболат ағамыздың тұңғыш шәкірттері болдық. Жәкең жайында, ол кісі қандай адам, қандай ұстаз болды, қандай әнші еді, т.б. барлығын Бекболат ұстазымыздан естіп өстік. Бекеңнің әншілігі бір төбе, ұстаздығы да керемет еді. Нені айтса да жан тәнімен түсіндіріп, түрлі мысалдар келтіріп, тіпті болмай жатса қолына домбыраны алып жіберіп түсіндіретін.

– Ұстазы жайында шешіліп сөйлегеніне қарағанда, Бекең әу баста Жаңарқадан Жәкеңді іздеп келген-ау, шамасы?

– Біз де солай ойлағанбыз. Бекболат ағамыздың әуелде оқып жүргені Алматының политехникалық институты болған ғой. Содан 86-ның желтоқсанында орталық алаңда, Ақтамбердінің «Күлдір, күлдір кісінетіп» деп келетін толғауын айтам деп оқудан шығарып тастапты. Сөйтіп, оқудан шығып қалған кезінде ойламаған жерден Жәнібек ағамызбен жолығып қалып, консерваторияға қабылданған көрінеді…

Беріктің зайыбы Меруерт Қалибекқызы да өнер адамы. Қ.Байбосынов, Р.Стамғазиев сынды өнер жұлдыздарынан тәлім алған, Алматыдағы «Эстрада-цирк колледжінің» түлегі. Үлкен ұлдары Дарын күйшілік жолды таңдап, қазір Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің соңғы курсында білім алуда. Қазірдің өзінде жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Үлкен қыздары Бота 11 сыныпта оқыса, кішкентай Айару биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған көрінеді. Бір сөзбен – өнер қонған шаңырақ…

Жалпы, кешегі ән еркесі Әміреден қалған дәстүрлі әннің бүгінге жеткен көзіндей болған Беріктің айтқаны да, айтпағы да көп болатын. Оның бәрін газет көлемі көтермейтін болғасын қысқартып жазуға мәжбүр болдық…

P.S. Әңгіме барысында Өскеменнен Арқаның дәстүрлі ән мектебін ашу мәселесі де айтылып қалған. – Егер бұл мәселені жергілікті басшылық қолдап, қолдарынан келгенше жағдай туғызамыз десе, мен де Өскеменге келуге, шамамның келгенінше халыққа қызмет етуге әзірмін, – дейді кешегі сахара серілерінің бүгінге жеткен сынығы.

 Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button