Мәдениет

Қаратөбедегі мұражай тарихи дүниелерге тұнып тұр

  Қаратөбедегі мұражай тарихи дүниелерге тұнып тұр

Шағын ғана Қаратөбе ауылындағы он жыл бұрын ашылған мұражай құнды жәдігерлерге толы. Жармалық дәрігер Дүйсенбі Қалматайұлы атындағы мектептің ішіндегі бұл мұражайға келушілер қатары да өте көп.
Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында жұмысын бастаған мұражай аядай ғана екі бөлмеден тұрады. Он жыл бойы жинақталған тарихи заттар, суреттер, кітаптар мұражай қорын молайта түскен. Жәдігерлерді жинақтауға ауыл халқы да көп үлестерін қосқан көрінеді. 2007 жылы мектеп оқушысы Адасхан Базаров Балажал кен орнынан ерекше тас тауып әкеліп мұражай қорына өткізген. Ол таңбалы тас қырық метр тереңдіктен табылған екен. Тастың қақ ортасына сол жақ алақанның суреті салынған, ал жан-жағында аң аулап жүрген адамдардың кескіндері бейнеленген. Бірақ бұл тасты жуықта ауылдың мұражайынан алып, аудандық мұражайға апарып қойыпты. Қаратөбедегі мұражайда әзірше суреті ғана сақталған. Мұражай қызметкері Нәзигүл Жақпаеваның айтуынша, тарихи жәдігерлердің ішіндегі ең ерекшесі де, бағалысы да осы көрінеді. Тастағы күректей алақанның таңбасын көрген оқушылар «Бұрынғы адамдар ірі болыпты, біз ұсақталып кетіппіз», – деп таңданыс білдірген екен.

  Қаратөбедегі мұражай тарихи дүниелерге тұнып тұр

Сонымен қатар, мұражай сөрелерінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің киген киімі, қолданған бұйымдары, орден-медальдарі жинақталған. Қабырғаларында ауылдық ардагерлердің суреттері мен қысқаша жазылған өмірбаяндары да көрініс тапқан. Әсіресе, Жарма ауданының тумасы, соғыс ардагері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, филология ғылымдарының докторы Әди Шәріпов туралы деректер кеңінен көрсетілген. Енді бір қабырғада мектеп туралы, ауыл туралы тарихи деректер, фотосуреттер тізіліп тұр.
Құнды жәдігерлердің ішінде XVIII ғасырдың астауы, қазақтың тал бесігі, күміспен күптелген белдік те бар. Мұражай қызметкері Нәзигүл Жақпаеваның сөзіне сүйенсек, ежелде қазақ даласында алтын көп кездескенімен күміс аз болған екен. Сондықтан да күміс бағалы болған. Демек, бұл белдік ауқатты адамның белінде жүрген. Белдікке қарап, сол кездегі адамдардың белі де жуан болғанын байқауға болады. Өткен жылдары бұл белдік аудандық мәдениет үйінің атынан Меккеде өткен көрмеге де қойылған.
Жинақталған жәдігерлердің арасында патша заманындағы мыс самауыр мен жүз жылдық тарихы бар тұскиізді көре аласыз. Бір ғасыр өтсе де қолдан сырылған тұскиіздің шеті де сетінемеген. Шынының астында 1925 жылдан бастап жаңа ақша шыққанға дейінгі банкноттар қаз-қатар тізіліп тұр. Арасында көне бақыр ақшалар да бар. Ал ортаңғы сөреде тұрған құсбегілік құрал-жабдықтар Мәдениет Қапарұлының атасынан қалған мұра.
Мұражай қызметкерлері осы мектептен алтын белгі алып шыққан түлектерді де ұмыт қалдырмаған. Айтпақшы, биылғы оқу жылында осы мектепті тәмамдаған бес түлектің үшеу Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, екеуі «Алтын белгіні» ақтап шықты.

Мерей Қайнарұлы

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button