Экономика

Қарамырзада еліміздегі тұңғыш кешен іске қосылды

Қарамырзада еліміздегі тұңғыш кешен іске қосылды

Қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстары қарқын алатын болды өңірімізде. Бұрын екі-үш жыл бойы өсірілген көшеттер енді жеті-ақ айда жетіліп, «құтты орындарына» қондырылмақ. Бесқарағай ауданының Қарамырза ауылында таяуда іске қосылған еліміздегі жалғыз ағаш тұқымы кешені осыған мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысымен салынған «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының (МОТР) ағаш тұқымын дарялау кешенінің құрылысы 2013 жылдың күзінде басталған. Жобаға қажетті 1 млрд. 300 млн. теңге қаражатты Дүниежүзілік банк бөлген. Бұл ақшаның шамамен 600 млн теңгесі құрылыс жұмыстарына жаратылса, 700 млн. теңгесі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалыпты. Қондырғылардың бәрі Швеция мен Финляндиядан әкелінген озық үлгідегі заманауи құралдар. Жалпы аумағы 16,49 гектарды құрайтын алып кешен жылыжай, орман тұқымы стансасы, әкімшілік ғимарат (кеңсе), бүршік кептіретін орын, жылу қазандығы, су стансасы секілді бірнеше корпустан тұрады. Оған қоса жылыжай қасында бес миллион көшетті ашық тамыр жүйесімен (табиғи тәлімбақ) отырғызуға арналған алқап бар.
– Бұл кешен Дүниежүзілік банктің «Қазақстандағы орман-тоғайлы алқаптарды арттыру және орманды сақтау» жобасымен салынды. Ондағы мақсатымыз – 1997-2006 жылдардағы алапат өрттен зиян шеккен қарағайлы орманды қалпына келтіру. Жалпы осы бағыттағы жұмыстар бұрыннан жүргізіліп келеді. Ал мынау заманауи тәлімбақ біздің бұл ісімізді ілгері бастырып, тиімділігін бірнеше есе арттыра түседі, – дейді «Семей орманы» мемлекеттік мекемесі Канонерка филиалының маманы Нариман Сағындықов.
Елімізде баламасы жоқ тәлімбақтың Бесқарағай өңірінен ірге тебуі заңдылық. Өйткені, бұл аудан аумағының 35 пайызын жасыл желекті алқап, онда да анау-мынау емес, тамаша қарағайлы орман жамылғысы қымтап жатыр. Тоқсаныншы жылдардың соңынан бері қарай осынау табиғат байлығының 130 мыңнан астам гектары өртеніп, отынға жаратылған екен. Ендігі жерде сол өртеңді шведтік технология арқылы қысқа уақытта жасыл желекке айналдырудың мүмкіндігі туып тұр. Мамандардың айтуынша, бұрынғы тәсілмен 2-3 жыл өсірілетін көшеттер жабық тамыр жүйесімен 7-8 айда ғана жетіледі. Нәтижесінде орманшылар өртенген алқапты толығымен 15 жылда қалпына келтіреді. Бұрынғы тәсілмен бұған кем дегенде 30-40 жыл керек болатын. Ал осынша ұзақ уақытта өртең жер жазық далаға айналып кетуі мүмкін екенін айтады мамандар. Сондықтан ағаш отырғызуды жеделдетудің маңызы зор. Қазіргі күні табиғи резерват өкілдері 4158 га аумаққа алғашқы қарағай көшеттерін отырғызып, өсіруде.
– Шведтік машина қарағай бүрлерін өзі іріктеп, сапасына қарай сұрыптайды. Жабық тамыр жүйесімен өсіруге үш миллион тұқым отырғызылған. Бұл арадағы бір артықшылық, көшеттер жерге өзінің топырағымен бірге отырғызылады. Сол себепті жылдам жерсінеді. Ауырмайды. Мұндай кешен Швеция, Норвегия елдерінде 30 жылдан бері жұмыс істеуде. Соның арқасында аталған мемлекеттер өздерінің орманды алқаптарын тез қалпына келтіріп алды. Біз де олардан үйреніп жатырмыз, – дейді ұзақ жылдар бойы орман шаруашылығында еңбек етіп келе жатқан Нариман Сағындықов.
Үйрену демекші, семейлік орманшылар жаңа кешен іске қосылмай тұрып Норвегия, Швеция, Ресей сияқты елдерге барып, ондағы жұмыс жағдайымен танысты, тәжірибе алмасты. Үйренді. Сол көрген-түйгендерін енді мамандарымыз өзіміздің елде кәдеге жаратуда. Бүгінде орман тұқымы кешенінде 15-20 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Маусымдық кезеңде қосымша 50-ден астам адам жұмысқа тартылмақ. Алайда, мекеме басшылығы кадр тапшылығы мәселесі бар екенін жасырмайды. Оған себеп – еңбекақының мардымсыздығы мен кейбір инспекторлардың баспанамен қамтылмауы. Сондықтан орман шаруашылығы саласында қызмет етуге жас мамандардың келгісі жоқ. Түйінді проблеманы шешу үшін облыс әкімі жалдамалы тұрғын үйлер салып, қолданысқа берудің тиімділігін айтқан еді. Бұл ұсынысты «Семей орманының» ұжымы да қолдап, ықласты екендіктерін білдірген-ді.
Заманауи кешен Бесқарағай өңіріндегі баға жетпес байлықты сақтап, қорғауды, ауқымын кеңейтуді қамтамасыз ететін «Семей орманы» мекемесіне қарайтын алты орман шаруашылығына қарағайдың жас өскіндерін өсіріп береді. Аудан көлеміндегі өртеңдерді толық жапқаннан кейін Өскемен, Семей, Павлодар қалаларын қылқан жапырақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз етуді қолға алмақшы мамандар. Қазір «Семей орманының» иелігінде ескі әдіспен жұмыс істейтін сегіз тәлімбақ бар. Олардың шығындары да аз емес көрінеді. Енді міне, жаңа кешен іске қосылғалы олардың біразы жабылып, оңтайланады. Есесіне жұмыс өнімділігі бірнеше есе артпақ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button