Қаракөл. Сапардан кейінгі ой
Қаракөлдің жан жағында ну орманды, ала жаздай аю мекендейтін алып таулар төніп тұр. Алтайдың мәшине жетер биіктерінің ішінде сол тұсынан ғана Мұзтаудың әдемі көрінісін кинотеатрда отырғандай тамашалауға болады. Катонқарағайлық әріптесіміз Тілеубек Шаяхмет аға мақтауын асырған мекенге біржола аңсарымыз ауды. Жұма күні жұмыстан кейін, шаршағанымызға да қарамай, алыс жолға шығып кеткенбіз.
Қараайырықтағы қарауыл
Мәшине жетер жер демекші, мәшиненің мәшинесі ғана жетер биікте екен бұл Қаракөл. Өзіміздің ақбоздарды Берел ауылына доғарып, сол жерден Болат ағаның «Уазына» ауысып міндік. Ауыл сыртында айрандай аппақ болып ағып жатқан таңғажайып Ақбұлқақ өзенінен ескі ағаш көпірмен өткен соң, орман ішімен біраз жүріп, Қараайырық деген ауылға кездестік. Қарағайдан қиюластырған үйлерінің көбі қаңырап тұр. Бізді Ұлттық парктің күзетшісі Лаура ханым қарсы алды. Сұрастырып білгеніміздей, ауылда төрт шаңырақ қана отыр екен. Жолай әңгіме барысында солардың бірінде Лаура ханым бір өзі ғана тұратынын айтты. Ауылдың арғы басындағы бекетке жеткен соң ол құжаттарымызды базаға тіркеді де Ұлттық парктің қақпасын ашып, өтуімізге рұқсат етті.
Болат ағаның төрт аяғы «тағалы» тұлпары (ол көлігінің төрт дөңгелегі тартатын режимін қосты) ауылдан шыға таудың тасына өрмелеп, бар өнерін көрсетті дейсің. Қойдай тастардан, су ырған арықтардан, көлденең жатқан ағаштардан да мөңкіп өтіп, сыр беретін емес. «Негізі қай жақтансыз?», «Бұл екі ортаға «таксабайттап» жүргеніңізге қанша болды?» дейміз біз оның жұмысына қызыға сұрақ қойып. Мына дабыр-дұбырда онымыздың бірі естіліп, келесісі жетпей қалатын сыңайлы. «Жер жаралғалы осындамын» дейді Болат ағамыз да дауыстап. Бірақ жолдан көзін айырмайды. Дәйім «тағалы» тұлпары сыр бермесін! Жолай сарқырамаға тоқтап, суретке түстік. Биіктен құлап аққан күшті өзеннің күрілі жаныңдағы адамның дауысын естіртпейді. Серіктеріміздің бірі тас жағалап барып шомылды да, «сүйегімнен өтіп кетті» деп қалтылдап жағаға шықты. Уақыт озып бара жатқан соң көлікке мініп, ары қарай жылдам жүріп кеттік. Бір қапталдағы меңіреу орман, екінші қапталдағы құлама құз терезеден қараған адамның үрейін ұшырады. Серіктеріміздің тағы бірі «олай да былай қиқаңдаған мына көлігіміз домалап кетсе, сайдың табанына жетпей шашылып қалатын сыңайлы» дейді. Қаладан қашық, ағайыннан алыс, жабайы аңдар ғана жортатын мынадай дүлей табиғаттың ортасында да жүрегі дауалап жалғыз-жалғыздан тұрып жатқан адамдар бар-ау, шіркін! Оларды Қар адамы, Қар ханшайымы көретіндей қыс мезгілі емес, жайнаған жаз! Десе де, дәл осы жерде тұрақтап тұру үшін адамның тауға деген махаббаты қаншалықты болу керек, ә?
Мұзтаудың шымылдығы
Жүктерімізді көтеріп әкеп, тігілген екі ақ отаудың біріне орналастық. Демалыс базасында бұдан өзге тағы екі ағаш үй мен монша бар екен. Олардың үстіңгі қабатына баспалдақпен семіз баршатышқандар шапқылап шығып-түсіп жүр. Осы үйлердің артқы жағындағы шағын алаңды сахна секілдендіріп тақтайлап тастапты. Сондай-ақ оның үстіне шығысқа қарата шатырлығы бар орындық қойыпты. Мұзтауды тамашалауға арналған орын осы болды. Тілеубек ағамыз «сахнаға» үш бұтты фотоаппаратын құрып тастады, алайда Мұзтау әлі ашылған жоқ. Білетіндер «шың ана-оу қою бұлттың арғы жағында», деп аспанды нұсқайды.
Ұлттық парктің мұндағы қызметкерлері бізді жылы шыраймен қарсы алды. Кілең жігіттерден құралған «делегациямызға» дастарқан төңірегінде көп көмектесті. Отын бұтап, от жағып, бұзған етті қазанға салып тастаған соң, «Қарағайдың шайырын алу керек!», «Соңыра мына моншаны тамызып, парланайық!», «Табиғаты тамаша жер, ә! Мұзтау ашылса да, ашылмаса да, келгенімізге өкініш жоқ!» деп әрнені бір айтып, суға беттедік.
– Киесі бар тау ғой, әйтеуір асылық сөйлемеңіздер, – деді осы жердегі апайлардың үлкені.
– Көресіңдер әлі, көкелерің келгенде Мұзтау ашылады!
– Кеше де, арғы күні де жаңбыр жауды ғой.
– Соны айтам, біз жаңбырлы кезде келіп тұрмыз, жаман ырымға бастамаңдар!
– Жоға, ашылады, қарасаңшы, бұлт көшіп барады емес пе?! – Біз алабөтен ойдан ада дабырласып, күлісіп жағалауға жеттік.
Қаракөл – мөлдір көздің қарашығындай әдемі көл екен. Ортасына қарай судың асты қалың балдыр болып келеді. Аяғың оралса, сытылып шығу қиын-ақ. Су бетіне катамаран теуіп шығып, айналадағы алып тауларға, анау түпсіз аспанға қарап қиялға берілуге әбден болады! Тағы бір тамашасы, мұнда дауыстайтын балықтар бар екен. Аққайран! «Оны орыстар «язь» дейді. Мынау көлді де қазір «Язевое» деп жүргендер бар, бірақ мен ес білгелі жергілікті халық Қаракөл атайды», деді Болат аға. Бір әріптесіміз балықшыларға кеткен-тұғын, «Аққайран ұстап едім, өзі кіп-кішкене, бір келідей ғана салмағы бар, жалынғандай болып дауыс салған соң, суға қайтадан қоя бердім. Оны телефонның видеосына да түсірдік, қазір көрсетемін», деп келді.
«Сахнаның» үстінде, шынымен де, өзіңді кинотеатрдағыдай сезінеді екенсің. Күткен «фильміміз» әбден кеш батуға айналғанда, зарықтырып барып, зорға басталды-ай. Мәңгі қыс Мұзтау манағы алып тауларымыздың үстінен асқақтап көрініп тұр! Ол жақта тек қаңтар мен ақпан айы ғана алмасып тұра беретін секілді.
Қорықпайтын қыздар
Орманшылардың біреуі «Ау, журналистер, аудармашы керек!» деп шақырды артқы жақтан. Голландиядан туристер келіп қалыпты, өздері түрік пен ағылшын тілдерін ғана біледі екен. Абырой болғанда, «Алтайньюс» ақпараттық порталының редакторы Дарын Нұрсапар ағамыз ағылшыншаға жүйрік еді, екі араға елшілікке сол кісі жүрді.
Туристер – екі бойжеткен еді, қолдарындағы таяқтарына сүйеніп, жаяу-жалпы қорықты аралап жүргенге ұқсайды. Арқаларында ауыр сөмке мен жинамалы шатырлары бар. Бізден білгілері келетіні – Көккөл мен Рахман қайнарына қанша шақырым жол бары. Дарын аға межелі жерлері 50 шақырымдай қашықта екенін, бірақ арада екі асау өзен ағып жатқанын, оның үстіне олардың қорықта жүруге берілген рұқсат қағаздары үш күннен кейін бітетіндіктерін айтты. Орманшының: «тауда аю көп, далада түнемеңіздер» деген ескертпесін де аударып берді. Дарын ағаның сөзінше, олар «Аю деген ештеңе емес, Африканың Саваннасында арыстан, гиеналармен бірге жүргенбіз» деп жауап беріпті. Содан не керек, ауыр сөмкелерін көтерісіп біраз жерге апарып тастауға да даяр екенін «big bag» деп ілтипатпен жеткізген Дарын ағаға саяхатшы қыздар көп-көп рақмет айтып, орман ішіне еніп кетті. Біреулер жер жаралғалы тіршілік етіп жатқан осынау аймақтағы тағылардың тілін бір-ақ түнде тауып алатындығына анау жатжерліктер сенімді.
Ұлттық парктің қарауындағы Қаракөл демалыс базасына келгенде бірден жекеменшіктегі өркениетті демалыс орындарын еске аласың. Сібе көлдері, Бұқтырма су қоймасы, Алакөл жағалауы… Одан бөлек осы Алтайдың қойнау-қолатындағы шипажайлар… Бірі тазалығынан ақсап тұр, екіншісінің қақпасы қарапайым халыққа тарс жабық. Сайраған жол түссе, бықсыған көл болар деп, жағалауы жекенің меншігіне өтсе, бұрынғыдан зор болар деп, біз мынау Қаракөлді ешкімге де қимадық. Ұлттың ұпайы үшін Ұлттық парктің қарауында тап осы қалпында тұра бергенін тіледік.
Дала дәмі
Қарақат, қызылқат, жылқының суыған еті, қазысы, қаймақ, сарымай… Дала мәзірінен даярланған дастарқаннан дәм татып отырмыз. Мұндайда қияр мен қызанақ, кәмпит пен тәтті нанның бар-жоғы білінбейді екен, әр жер-әр жерде мұрты бұзылмай елеусіз тұр.
Катонқарағайға келіп тұрып үйге қымыз алып бармағанымыз күнә болар деп, Қуат Сақымовтың қожалығына бұрылғанбыз. Бұрынғы аудан орталығына таяу маңда, жолдың бойынан қоныс теуіпті. Асүйдің бір бұрышында автоматтандырылған піспек сартылдап қымыз пісіп тұр. Соған қарап биені де техникамен сауатын шығар деп ойлағанбыз.
– Автомат піспек, адам қолындай емес, міндетін бір қалыпты, мүлтіксіз орындайды. Күбідегі қымыз бұдан кейін бабына әбден келеді. Ал биені техникамен саумаймыз. Себебі техникамен сауылатын биенің желінінен сүтпен бірге қан атқылайды. Мал баласына обал ғой, одан кейін биенің өзі екі-үш жыл ішінде саууға жарамсыз болып қалады. Техниканың да пайдаланылатын жерін білу керек шығар, – деді отағасы.
Шаруа қожалықта сауылатын бие саны 20-дай екен. Қожайынның сөзінше, шілдеде күн ұзарғанда күніне 12-13, ал күзге қарай 7-8 рет сауылады. Қазір бір күнде 120 литрдей сүт жиналады. Айтпақшы, Қуат Сақымов арнайы тапсырыспен қымызды қыста да сақтайтын көрінеді. Айтуынша, темір, пластмасса деп бөліп жатпай, қымызды кез келген ыдысқа құйып сақтай беруге болады. Бастысы, ыдыстың аузын ішіне ауа жібермей жақсылап жабу керек.
Біз қымызымызды алып, қайтқалы тұрғанда көрдік, Қуат Сақымов құлындарды жайылымға енелерімен қосақтап қоя береді екен. Бұл да бір әдіс – құлындардың созған мойыны енелерінің желініне жетпейді.
– Атбұршақтарын жеп, таудан түсіп келеді ғой жануарлар! Жылқымызға аюдан гөрі ит-құс қатты тиеді. Құлынды қойып, бір жарым жасарларға дейін тартып кетеді. Бірақ соған бола іш жимаймыз, бұйырғанын бағамыз да, – дейді ол.
Уақыт оздырмайық деп Қаракөлге асығыс барып, уақыт оздырмайық деп қаламызға жедел қайттық. Бүгін – жексенбі, ертең – жұмыс. Қай жерде де қайнаған тіршілік қой, бірақ ауылдан қалаға жұмыс істеуге, қаладан ауылға демалуға барады адам.
Ат үстінде жүретін баяғы кездеріміздегідей айтар болсақ, көліктің қамшылар жағында аспанмен астасқан Бүркітшың мұнартады. «Тағы бір демалыста бұлтқа оранып тұрған құпиясы мол сол бір шыңға атпен шықсақ, содан соң Аустриялық жолмен Марқакөлге асып түссек» деп тағы бір саяхатқа жоспар құрып, даурығысып келеміз. Үшінші күн ұйықтамағанымызды, таза ауаның әсері болар, мүлде елейтін емеспіз.
Тасқын Болатұлы