Қарағайлыдағы қарбалас сәт
Семейдің іргесінде «Қарағайлы» деп аталатын су жаңа аудан бой көтеріп келе жатыр. Мұнда құрылысшылар күні-түні дамыл таппай еңбек етуде. Қазірдің өзінде ықшам ауданда «Ертіс» ӘКК» АҚ және «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның тұрғын үй бағдарламасы арқылы алғашқы салынған көпқабатты баспаналар халыққа беріле бастаған.
Алдағы жылы мұнда тағы ондаған тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады деп межеленіп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 320 орынға шақталған жаңа балабақша салынып бітті. Ал бұл елді мекеннің басты ажарына «Абай-Арена» мәдени-спорттық кешені айналмақ. Міне, осы жобаның құрылысын мақаламызға арқау болған «Фирма «Азия» ЖШС-нің мамандары қолға алған. Ерекшелігі сол, әмбебап құрылым бір мезетте бірнеше спорттық жарысты өткізуге мүмкіндік бермек. Жобаға сәйкес, мұнда 50 және 25 метрлік жүзу бассейндерін салу қарастырылған. Сол секілді көпсалалы кешен теннис әрі волейбол сынды командалық ойындарға арналған залмен қамтылады. Көрермендердің жалпы сыйымдылығы бес мың адамды құрайтын болады. Жобаның сәулеттік шешімі де ерекше. Ол негізгі үш блоктан тұрады. Қазіргі күні оның металды қаңқалары толықтай тұрғызылып, бірінші блоктың төбесі мен жаны темір құрылымдармен қапталып жатыр.
– Құрылысқа шамамен 250-дей адам тартылған. Жұмыс екі ауысыммен жалғасып келеді. Техника жеткілікті. 11 құрылыс краны, 30-дан аса арнайы техника жұмылдырылған. Жобаға қосалқы мердігер ретінде «Имсталькон» ЖШС қатысып отыр. Металды құрылымдар Қарағанды өңірінен әкелінген. Ал кірпіш және тағы да басқа құрылыс материалдары – жергілікті өнім. Оңай жоба емес. Бір бассейннің өзіне 1 мың текше метрдей бетон жұмсалады. Жүзу бассейнін салудың өзіндік ерекшелігі бар. Түбін бірнеше қабатқа көтеруге тура келеді, себебі суды тазартатын әрі оны ауыстыратын қондырғыларды орнату қажет. Жан-жағына ылғал өтіп кетпеуі тиіс. 50 метрлік бассейн су спорты түрлеріне арналмақ. Бұл ретте барлық халықаралық талаптар ескерілгенін айта кеткен ләзім. Ал 25 метрлік хауз балаларға, коммерциялық бағытта қарастырылған, – деген «Фирма «Азия» ЖШС-нің өкілі, «Абай-Арена» құрылыс жобасының бас инженері Нұрқасым Берімсеков, облыс әкімінің ұсынысы бойынша осы маңнан заманауи әуенді субұрқақ та орнатылатынын атап өтті.
Руслан Тұрғанбаев бастаған құрылыс бригадасы күн-түн демей, алаңда жұмыс істеуде. Нұрқасым Берімсеков дәл осы бригада жоспарды артығымен орындап келе жатқанын мақтана айтты.
– Басшылардың күнделікті беретін тапсырмаларын орындаймыз. Осындай кешенді тұрғызуға үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Бригадамызда 20 шақты адам еңбек етуде. Үш топқа бөлініп, шаруамызды орындап келеміз. Нысан үш бөліктен құралған. Үшінші блоктың екінші қабатындағы еденді салып біттік. Астыңғы қабаттағы бассейннің құрылысы тәмамдалды. Екінші блоктағы бассейнді ретке келтіру жұмыстарын бастадық. Сәтін салса, қыркүйек айына дейін бітірсек деген жоспар қойып отырмыз. Арамызда жас құрылысшылар да жоқ емес. Осы кәсіпке деген ынта-жігерлері жақсы. Бұл салада жаныңды беріп істемесең, нәтиже шықпайды. Адалдықты талап ететін күрделі мамандық қой, – деген ойын білдірді кәнігі шебер Руслан Тұрғанбаев.
Бұдан басқа, аталмыш серіктестік Қарағайлыда 72 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысын бітіріпті. Оны шамамен үстіміздегі айдың соңында тапсыруды көздеуде. Сонымен қоса 108 пәтерлі және тағы да екі 72 пәтерлі көпқабатты баспананың құрылысын бастаған екен. Оларды келер жылы табыстамақ ниетте. Бұл орайда Семейдегі спорт академиясын, Бесқарағайдағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенін, сондай-ақ қаладағы Өтепбаев, Қашаубаев әрі Кәрменов көшесіндегі тұрғын үй кешендерін де дәл осы «Фирма «Азия» ЖШС тұрғызғанын айта кеткен орынды. Қысқа уақытта құрылыс компаниясы халық сенімінен шығып, үлкен беделге ие болды.
Жақсылық Мұратқали
Семей.