Мәдениет

«Қара шекпен» көрермендерге жол тартты

«Қара шекпен» көрермендерге жол тартты


Өскемендегі облыстық драма театрында «Қара шекпен» атты жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Спектакльдің авторы – Георгий Хугаев, қоюшы режиссері – Асыл Қозықанов, қоюшы-суретшісі – Расул Қасымов. Өмірдің ертегідегідей жақсылықтардан ғана емес, зұлымдық пен әділетсіздіктің де басым түсетін сәттері қойылым барысында анық суреттеледі.

Көрермен талғамына кең көлемде философиялық мағынада ұсынылған қойылымның кейіпкерлері – аң-құс пен үй жануарлары. Туындының мақсаты – адам бойындағы түрлі кемшіліктерді жан-жануарлар арқылы ашық көрсету. Қойылымда Шопаннан басқа кейіпкерлердің барлығы аң-құс пен үй жануарлары. Тұзар атты төбеттің айналасында өрбитін оқиғаның кейіпкерлері – қасқыр, қоян, түлкі, есек, қарға, қой және теке. Иттің өз иесіне адалдығын көрсететін қойылым адами қасиеттерге құрылған. Бойында күш-қайраты барда жанкештілікпен еңбек еткен иттің образы арқылы махаббат пен достық, адалдық пен сатқындық сияқты қасиеттер спектакльдің түпкі идеясы болып табылады. Спектакль соңында адалдықты қадірлей алмаған Шопан өзіне қалтқысыз қызмет етіп, малдың шашауын шығармай, Көкжалдан қызғыштай қорғаған Тұзарды еш ойланбастан бір оқпен жайрата салады. Бұл арқылы автор бүгінгі күннің ащы шындығын көрсетуге ұмтылған.

– Түсіне білген адамға бұл пәлсапасы тереңде жатқан, үлкен ой салатын қойылым. Жануарлар бейнесіндегі қазіргі адамдардың мінез-құлқы көрініс тапқан. Әсіресе, Тұзардың, Көкшуланның, Көкжал мен Шопанның образдары шынайылығымен ұнады. Қойылымның соңы тебіреністі болды, тіпті көзге жас келді. Қожайынның қолы қалтырамастан итті ата салуы біздің құлдық санамыздың, соқыр адалдығымыздың берген сыйы. Қойылым бізге өмірдің ащы шындығын меңзеп, жақсылыққа ұмтылуды, адами құндылықтардан ада болмауды үйретеді,-дейді театр көрермені, өскемендік Маратбек Сүлейменов.
Ия, Тұзар айтқандай, адамдар да әртүрлі. Олардың ішінде қасқырдан да жаманы болады. Мәселен, аю аюды жемейді, түлкі түлкіні алдамайды, қасқыр екеш қасқыр да өзіне қастық істемейді. Ал адам ше? Кей адамдар бірін-бірі алдайды, арбайды, сатқындық жасайды, тіпті өлтіреді. Бүгінгі жастардың тұрмыстық жағдайды бірінші кезекке қоятыны да жасырын емес. Режиссер қойылым арқылы бүгінгі қым-қуыт замандағы безбүйрек, сатқын, қорқақ, жағымпаз, екіжүзді адамдардың шынайы бейнесін ашып көрсеткісі келеді әрі сол мақсатына жетті де.

Қыстауға көшкен Шопанның қара шекпенін күзетіп қалған Тұзар:-Онсыз Шопанда күн жоқ. Бұл қара шекпен күндіз күрке, түнде төсек болады,-деп қожайынын күтеді. Аштық пен аяз қатар келсе де үмітін үзбей күтеді. Қойылымдағы әр кейіпкердің өзіндік тағдыры бар. Мәселен, Қоян өмірін көжектерінсіз елестете алмайды. Көжектері Көкшуланға жем болғанда «Сен ашсың ғой. Мені жеші. Көжектерімсіз өмір сүргім келмейді» деп Тұзар төбетке жалынады. Бірақ қыс бойы арып-ашыған, аязға тоңған ит оны жемейді, керісінше қара шекпенмен жылытып, сабырға шақырады. Иттің қожайынына адалдығы соншалық, ол тіпті өз махаббатынан бас тартып, қожайынға жағуды өзіне басты мақсат еткен.

Г.Хугаевтың бұл шығармасы тек қазақ қана емес, орыс, татар, өзбек, тағы да басқа ірі сахналарда қойылып, өнерсүйер жұртшылық тарапынан өзінің жоғары бағасын алып үлгерген. Себебі, «Қара шекпен» жануарлар туралы емес, адами қасиеттер мен құндылықтарды алға тартқан заманауи қойылым. Өскемендік талғампаз көрермендер Тұзарды сомдаған жас актер Ақжол Сақановтың, Көкшулан роліндегі талантты актриса Динара Жанымханованың, Қосүрей кейпіндегі Қазақстанның Мәдениет қайраткері Майра Арғынбекованың актерлік шеберліктеріне тәнті болды. Сондай-ақ, төрт түлік өсірумен айналысатын Шопанның образындағы Сырым Маратбек, Көкжал – Тұрсынбек Дүзбаев, Кико – Ернат Мұхаметханов, Құқар – Сырым Алпысбаев, Сылаң – Мәдина Исина, Бе-бе – Еркебұлан Какимов, Қортық – Назерке Айдынова, Теке рөліндегі Арыстанбек Мұқият сынды актерлердің сахнадағы ойыны шынайылығымен ерекшеленді.

Жеті қазынаның бірі – ит өле-өлгенше иесіне адал қызмет етті. Бірақ сол адалдықты «пенде» шіркін түсіне алды ма? Қойылымнан шыққан әр көрермен «Адам неге адалдықтың тамырына балта шапты?» деген сауалды өз-өзіне қойғаны сөзсіз.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button