Мәдениет

«Қара пима» тұңғыш рет Өскеменде сахналанды

«Қара пима» тұңғыш рет Өскеменде сахналанды

Өскемендегі облыстық Жамбыл атындағы драма театрында «Қара пима» қойылымның тұсаукесері өтті. Спектакльдің премьерасына облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Сондай-ақ, тұңғыш рет сахналанып отырған трагедиялық драманың тұсаукесеріне ақын Ұлықбек Есдәулет, күйші-композитор, Астанадағы «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің жетекшісі Секен Тұрысбек, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Қара пиманы» сахналаған Айдын Салбанов – талантты режиссер, марқұм Рүстем Есдәулеттің тәрбиесін көрген, үлгісін алған жас маман. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» атты поэмасын тоқсаныншы жылдардың соңында белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев толғауға айналдырып, саз жазғаны белгілі. Бұл ән әнші Алма Аманжолованың орындауында халыққа жетіп, тыңдарманның сай-сүйегін сырқыратқан еді.
Әннің танымалдылығынан ба, бұл жолы театрға халық сыймай қалды. Шыны керек, театрдан билет ала алмай, қайтып жатқан халықты көптен бері көргеніміз осы. Сол ұмтылысқа қарай қойылым да елдің ыстық ықыласын суытқан жоқ.
…Ұйтқып соққан өмір бораны айрандай ұйыған берекелі отбасының шаңырағын шайқалтып кетеді. Шаттықты шаңырақ отанасыз қалады. Дәл осындай сүреңсіз көрініспен басталатын қойылым әрі қарай маскүнем әкенің, қамкөңіл баланың өгей өмірін өрнектейді. Өмірдің кезекті бір сынағынан сүрінген әкенің араққа бой алдырып, ақылынан адасқаны, баланың әкесіне: «арақ ішпеші, әке, анам мені тастап кетті, енді сен де тастап кетесің бе?» деген жалынышты үні ет-жүректі пенденің кеуде тұсын шым еткізгені анық. Дәл осы тұста маңымызда отырған аналардың жаулығының ұшымен, қол орамалдарымен көздерін сүртіп отырғанын аңғардық.
Ал қойылымның соңына қарай емханада жатқан баласына ащы суды қойып, түзелген әкенің пима әкелуі, соған орай аяғы кесілген баласының: «енді оның маған керегі жоқ» деген аянышты дауысы көп көрерменнің жанарын боталатып жіберді. Осы орайда кішкентай баланың рөлін сомдаған Рысқұл Қонақбаевтың актерлік шеберлігін айта кеткен ләзім. Ол бақытсыз баланың бейнесін барынша шынайы сомдай білді. Ал маскүнем әкенің бейнесін Хамит Халықұлы сәтті көрсете алды. Сахнаға көтерілген ақсақалдардың бірі актердің шеберлігіне разы болып: «Ащы суды тек осындай қойылымдарда ғана ішіңдер, ал өмір ішкізбесін» деп ақ тілегін арнап жатты. Бір айта кетерлігі, қойылымға поэманың тек оқиға желісін ғана алыпты, ал тілі мүлде бөлек.
Қойылым соңында сахнаға көтерілген режиссер Айдын Салбанов шығарма авторына сөз берді.
– «Қара пима» 25 жасымда жазылған. Осы поэманың кесірінен таяқ та жедім. «Кеңестік қоғамда мұндай маскүнем адамдар болмайды, сен қайдан тауып жүрсің мұндай дүниені?» деп тиісті. Содан көп уақыт жатып қалған бұл туындыма Алтынбек Қоразбаев ән жазып, Алма Аманжолова халыққа жеткізген болатын. Енді Айдын бауырымыз драмаға айналдырып жатыр. Мұны әуелде естігенде қалай болады екен деп, күдіктенген едім, айтары жоқ, жақсы шығыпты, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Ал белгілі журналист Жанболат Аупбаев «Мен театр сыншысы емеспін. Бірақ, қойылымның айтпай кетуге болмайтын артықшылықтары бар екен. Мысалы, қойылымның бас-аяғын бір ғана ақ түстегі лента жалғап тұрды. Бұл – режиссердің шеберлігі. Тағы бір тамаша деталі, баласының кесілген аяғын көрген әкенің қиналысты сәтінде қара пиманың оның басына келіп соғылуы өте тамаша алынған» деп қойылым туралы ағынан ақтарылды.
Бұдан кейін сахнаға көтерілген Секен Тұрысбек қойылымға қатысты оң бағасын айта отырып, Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйін орындап берді. «Қара пимадан» жаны жараланып отырған көрерменнің жарасына тұз сепкендей болды бұл күй. Өйткені, одан панасыз қалған екі жастағы Салтанат атты сәбидің мамалаған үні бебеулейтін еді. Оның үстіне сондай аянышты күйді басқа емес, Секеннің өзі шертіп тұрса…
– Өскеменде үлкен театр салынып жатыр, бұл сол театрдың ашылуында қойылатын негізгі қойылымдардың бірі болары анық. Әрине, театр ұжымы мұнымен тоқталып қалмауы керек. Содан кейінгі тағы бір қуанышымыз, биыл – Ұлықбек ағамыздың 60 жылдығы. Міне, сол мерейтойға орай, осы кісінің шығармасы сахналанып жатыр, бұл Ұлаға тойының бастамасы ғана, – деді жаңа қойылымды қорытындылаған облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button