Қара Ертістен қауіп бар
Өңірде көктемгі су тасқынының үшінші толқыны маусым айының екінші онкүндігінде аяқталды, облыс аумағында жағдай тұрақты. Тек маусым айының соңына дейін Қытай Халық Республикасы жақтан мол су келетін болса, Күршім ауданының Боран ауылы маңында Қара Ертістің деңгейі көтерілуі мүмкін.
Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында ағымдағы жылы аймақтағы су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов мәлім етті.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, осы жылдың 27 қаңтарынан бастап, Азаматтық қорғаудың облыстық кіші жүйесі «жоғары дайындық» режиміне көшіріліп, су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды болдырмау шаралары қабылданған.
– Ағымдағы жылғы 8 сәуірде Бұқтырма өзеніндегі мұз кептелісі салдарынан Катонқарағай ауданы, Коробиха ауылында үш аулаға су жайылды, биыл одан басқа елді мекендерді су басу тіркелген жоқ. Коробиха ауылында сол күні су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақтанды. Тұрақты негізде күн сайынғы мониторинг, оның ішінде ғарыштық мониторинг және су тасқыны жағдайын бақылау жүзеге асырылды. Аймақ басшысының төрағалығымен су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысы туралы кеңес өтіп, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға апта сайынғы ауа райы болжамы негізінде нақты іс-шаралар көрсетілген ұсынымдар таратылды. Су тасқынына қарсы жұмыстар жайлы мәліметтер күн сайын жиналып отырды, – деді Бақытжан Байахметов.
Оның айтуынша, облыстық резервтен бөлінген қаржы қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық игерілген. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге барлығы 1,6 млрд. теңге жұмсалған. Тасқынға тосқын жұмыстары наурыз айында толық көлемде атқарылып, қар шығару, каналдар мен арықтарды, су өткізу құрылыстары мен жол учаскелерін тазалау жүз пайызға орындалған. Өңірдің тоғыз ауданында облыс әкімінің резервінен 255 млн. теңге көлемінде қосымша қаражат қар шығаруға бөлініп, игерілді.
Сондай-ақ облыс әкімінің резервінен бөлінген 100 млн. теңгеге қуаты сағатына 500 текше метр болатын бес мотопомпа және Өскемен қаласы, Алтай, Бородулиха, Глубокое, Шемонайха аудандары үшін арынды су сорғыштар сатып алынған.
Байахметов баяндағандай, табиғатты қорғау мақсатында су жіберу бекітілген кестеге сәйкес өтіп, 13 мамырда аяқталған. Өзендерде гидрологиялық жағдай тұрақты. Су тасқыны кезінде бөгеттердің құйылуы мен жарылуына жол берілмеген.
Осылайша, дер кезінде қабылданған алдын алу шараларының арқасында биылғы су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтті. 3 маусымнан бастап жағдайдың тұрақтануына байланысты облыс аумағында күнделікті қызмет режимі орнатылды.
Дәурен Аллабергенұлы