Оқиғалар

Қар көшкінінің қаупі сақталады

Қаңтардың 28-і күні облыс аумағында өздігінен 9 қар көшкіні болған. Табиғат апатының салдарынан жеңіл көлік және тауға жақын орналасқан ауылдағы бір тұрғын үй зардап шеккен. Көшкіннің жүруіне қатты соққан желдің екпіні мен бұған дейінгі жылымық ауа райы әсер етсе керек.

Қар көшкінінің қаупі сақталадыТөтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, Өскемен – Зырян бағытындағы автокөлік жолының 61-64 шақырымында желдің кесірінен көлемі 9850 текше метрді құрайтын алты қар көшкіні түсіп, жолдың белгілі бір бөлігін толық жауып тастаған. Тазалау жұмыстарына «Қазавтожол» мемлекеттік кәсіпорнының екі техникасы жұмылдырылған. Абырой болғанда зардап шеккен адамдар жоқ.

Сонымен қатар, Зырян – Зубовка жолындағы №9 және №10 қар тоқтату орындарында көлемі 3800 және 3500 текше метр болатын екі көшкін жүрген. Оның бірі Зубовка елді мекеніндегі бір тұрғын үйдің үстіне құлап, әйнектерін сындырып кеткен. Бір бөлмені түгел қар басып қалған. Мұнымен қоймай Железнодорожная көшесінің бойындағы электр желілерінің тіректерін қиратқан. Соған байланысты аталған ауылдың мектебінде сабақ тоқтатылып, қауіпті аймақ оқшауланған.

– Қар көшкіні кейбір жолдарды бітеп, нысандарға залалын тигізгенімен Құдай сақтап адам шығыны болған жоқ. Апат кезінде мектептегі оқушыларды қауіпсіз орынға жайғастырып, қауіп тудырған жерлермен жүруді тоқтаттық, – дейді Зырян ауданы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Вадим Пигарев.

Маманның айтуынша, Зубовка маңындағы тауларда қардың қалыңдығы 135 сантиметрге дейін жетеді. Дәл осындай қар жамылғысы Богатырев пен Путинцев тау жоталарында жатыр, ал Столбуха, Лаптиха және Үлкен өзен тауларында 155 сантиметрден асады. Жамылғы астындағы температура 5 градус нөлден төмен. Бір көңіл аударатын жайт, қаңтардың 25-сі күні ғана түскен қардың мөлшері 40 сантиметрге жетіпті.

Өскемен – Зырян бағытындағы күре жолдың үстін жотаға айналдырған қар көшкінінің бірі қозғалып бара жатқан жеңіл көлікті жолдың шетіне бірақ сырғытқан. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының мәліметіне сенсек, мәшинедегі адамдар еш зардап шекпеген. Сондықтан құтқарушылардың көмегіне жүгінбепті. Қазір ол маңда төрт техника жолды аршу жұмыстарымен айналысып жатыр.

Естеріңізге салсақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты Өскемен – Зырян бағытындағы жолдар бірнеше тәулік бойы жабық тұрған. Сол себепті арлы-берлі қатынайтын жолаушылар қатары көбейіп, Өскеменде біраз келеңсіздік туындады. Мәшинемен жете алмайтындарын түсінген жұрттың бәрі пойызға қарай ағылған. Дегенмен теміржол көлігінің де сыйымдылығы шексіз емес қой, бірнеше тәулік жиналған жолаушылардың бәрін мінгізіп кете алмайтыны рас. Міне, осы арада шу шыққан. Облыс орталығындағы Өскемен вокзалынан Зырянға аттанатын пойыздың алдына кесе көлденең тұрып алған жолаушылар тобы жібермей қойды. Жүздеген адам шойын жолдың үстіне шығып, жолды бөгеп қалды. Теміржол қызметкерлері қаумалаған бұқараны өз күштерімен тарата алмағандықтан тәртіп сақшыларын шақыртуға мәжбүр болған.

– Автокөлік жолдары жабылып қалғандықтан қазір пойыздарда жолаушылар саны күрт артып кетті. Алайда, вагондарда олардың бәріне орын табыла бермейді ғой. Сыйғанынша тасымалдаймыз, – дейді «Защита» стансасының бастығы Елена Лорионова.

Бүгінгі таңда кейбір бағыттардағы жолдар ашылып, көліктер қозғалысы қалыпты жағдайға түскен. Дей тұрғанмен мамандар таулы аймақтарда қар көшкінінің қауіптілігі әлі де болса сақталып отырғанын айтып, сақ жүруге шақырады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button