Қоғам

Қар, боран, көшкін…

    Соңғы аптада облыс аумағында қатты боран соғып, дабылды ескерту жарияланып, барлық бағыттар бойынша тас жолдар бірнеше рет жабылды. Соған қарамастан жолда қалған көлік пен адамдар аз емес.  

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, 17-19 қаңтар аралығында 206 адам құтқарылып, батып қалған 150 автокөлік  шығарылды.

Шемонайха ауданында жолда қалған жеті, Бородулиха ауданында 32 адам, Семей-Өскемен тас жолында қар құрсауында қалған 16 адам құтқарылды. Олардың денсаулығына нұқсан келтірілген жоқ. Биыл алғаш рет құтқару операциясына жуықта өңірге әкелінген бірегей «Шерп» техникасы қатысты. Оның көмегімен Верх-Уба ауылының жолында қалған 13 ересек және екі бала құтқарылды.

Семей өңірінің Көкентау ауылдық округінде бір отар қой бағып жүрген шопан боранда қалып, далада адасып кеткен. Құтқарушылардың іздестіру жұмыстарының нәтижесіне шопан үйіне аман-есен оралды. Мал шығыны да жоқ.

Биыл өңірде қар қалың. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, әсіресе Көкпекті, Шемонайха, Алтай, Глубокое аудандарында қар көп түскен. Мәселен, Глубокое ауданы Секисовка ауылындағы қар жабындысының қалыңдығы 1 метр 20 см жеткен. Облыс орталығындағы жағдай да мәз емес. Сондықтан шаһарда қаланы қардан тазарту шаралары атқарылуда. Дегенмен бұған жұрттың көңілі толмай жатқаны тағы рас.

Биылғы толассыз жауған қар өңір жұртын, шынымен, алаңдатып отыр. Осыдан екі жыл бұрынғы қатты тасқын елдің есінде. Ол кезде 1400 үйді су басып, үш мыңға жуық адам эвакуацияланған еді. Төрт  аудан мен үш шаһар қарғын судың астында қалып, әбігерге түскен болатын. Соның ішінде  Өскемен қаласы да бар, ол кезде 100-ге жуық аулаға су кірген еді. Дегенмен жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметі биыл жағдай толық бақылауда деп отыр. Қыс басталғалы бері қаладан 70 мың текше метр қар шығарылған екен. Синоптиктер әлі де қарлы күндер көп деп болжап отыр, осыған байланысты елді мекендерді тасқын қаупінен сақтау шаралары осы бастан қолға алынып жатыр деп хабарлайды ТЖД мамандары.

Қазіргі күні облыстың 100 елді мекенін су басу қаупі бар. Жергілікті жерлердің әкімдіктеріне өзен бойында бекіту жұмыстарын жүргізу, қауіпті аймақтардағы қарды шығару жұмыстары тапсырылды.

ТЖД басқармасы басшысының орынбасары Алексей Штыкельдің айтуынша, Алтай ауданы, Парыгино ауылындағы Тұрғысын өзеніне дамбы көтерілді. Глубокое ауданындағы Прапорщиково, Уваров және аудан орталығындағы өзендердің арнасы  тазартылды.

Сондай-ақ, департамент мамандары 20-26 қаңтар аралығында тұрғындарға тауға шықпауға кеңес береді. Қардың қалың түсуіне облыс бойынша жылы атмосфералық фронттың әсерінен осы аралықта көшкін жүру қаупі жоғары. Өңірде көшкін жүру қатері жоғары аумақтар көп. Олардың қатарында Өскемен – Таулы Үлбі – Северный тас жолының 31-37 шақырымы, Самар – Өскемен (101-109 шақырымы), Өскемен – Алтай  (58-65 шақырымы) жолдарының бойы бар.

«Қазгидромет» мамандары қаңтардың соңғы екі аптасында қарлы боран соғу ықтималдығы басым деп болжап отыр. Ауа температурасы -15 градустан төмендемейді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алыс жолға шығарда ауа райы болжамы мен дабылды ескертуге мән беруге шақырады. 112 нөмір бұл хабарламаны ұялы байланыс операторларының барлық абоненттеріне жолдайды. Сондай-ақ бұл туралы ақпаратты ұялы телефонға «Play Market»-тен «ТЖД ШҚО хабарлайды» және «Дармен» қосымшасын жүктеп алу арқылы танысып отыруға болады. Сондай-ақ департаменттің облыс орталығындағы 26-28-08, 57-42-52 нөмірлеріне қоңырау шалуға болады.

Қатты аязда немесе боранда жолда қалсаңыз, 112 нөміріне хабарласу қажет.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button