Ұлттық рухани жаңғыру

АҚҚОЖА БИ – КІМ БОЛҒАН, ҚАЙДА ТУҒАН?

Кезінде ел көзінен тасада қалып, айтылмай қалған дала алыптарының бірі – аягөздік Аққожа би Қалыбайұлы.  Оның   басты себебі қазақ даласының  болашағын ойлап, ұлты үшін мол рухани  азығын сыйлаған ұлтжандылығы мен семсер сөзге  шеберлігі,  ескіше сауатты болып, ислам іліміне ден қоюы мен ұлтты ұйыстыра отырып болашақта тәуелсіз ел болуына  үлгі көрсете білуі. 

Сондықтан да ақ патша отаршылдарына да жаға қоймаған. Ал қызыл коммунистер өзге ұлы тұлғалармен бірге оның да есімін мәңгілік өшіруге  күш салған. «Саф алтын қап түбінде жатпайды»  деген.  Оның ұрпақтарын қанша қудаласа да, бойдағы қанмен берілген рух  уақыты келгенде  жарып шықты.

Ұрпақтары мен ел азаматтары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін асыл аталарының игі қасиеттерін жарыққа шығара бастады. Асаубаевтар әулеті ұлы баба  бейнесін қайта сомдап, жарыққа шығарды. Тоза бастаған ескерткіш күмбезінің сыртынан үлкен  күмбез тұрғызды, атына көше бергізді. Аққожаның Байділдәдан тарайтын Асаубай баласы Шайханның  төрт ұлы – төрт тірегіне айналды. Әсіресе,  күндіз-түні  ізденудің арқасында  ғылым мен білімнің шыңына шыға білген  Шайхан атаның  үлкен ұлы Қанат пен оның жары Маруся апай ата бейнесін ұлықтауға көп күш жұмсады. Марқұм, Аягөздің асыл келіні бола білген Маруся Маралқызының ұсынысымен би атаны мен де зерттеп 1996 жылы  «Аққожа би»  атты кітап шығардым.  Ол Аягөзден гөрі өзге өңірлерге, шетелге көбірек таратылды. Маруся апай өмірден өтерінің алдында Алматыдағы үйіне кітапты басуды Қанат ағамен бірге  талқылап, оның нақтыланбаған біраз дүниесі мен өздері туралы жазылған деректердің  көбін алғызып тастады.  Мен келістім. Өйткені әлі де нақты айғақталмаған фактілер баршылық болатын.

– Осыны бір жариялап алайық, кейін тағы да толықтырып шығарамыз.  Сын айтқыш та, мін түзейтін де сырт көз баршылық. Бұл кітапты кемі екі мың данамен бастырамын.  Өзіңе де біразын беріп жіберемін. Сенен «даланың иісі» шығады деп мақтаған атыраулық қаламгерлер мен өзгелерінікі рас екен. Үш-төрт айдан соң  кітап қолына тиеді, – деп Қанат аға екеуі  жылы шығарып салып еді. Амал қанша, ол күнге жете алмадық.  Қыркүйекке қарсы «Маруся Маралқызы  шетелде іссапарда жүргенде жүрек талмасынан кенеттен өмірден озды» деген қаралы хабар алдық. Бұл менің қазақтың   аяулы келінімен соңғы рет жолығуым болды. Кім біледі, қайран жүрек өзінен біраз уақыт бұрын ғана жол апатынан қазаға ұшыраған Бауыржандай тұңғышының  қайғысын көтере алмады ма?

Шартарапқа шуағын төккен бабам

…Содан бері талай су ағып, жылдар жылжыды. Мен Маруся  Маралқызы сияқты  аяулы ана мен ол кісі көтерген  Аққожа баба, Асаубаевтар әулетін бір сәт те көкейімнен шығарған емеспін.  Ол кісінің шарапатын көргендер аз емес. Ал Аққожа баба барлық ұрпағы мен еліне шапағат шуағын төгіп тұрғандай. Өткен күндері  Шайхан атаның кенжесі  Серік хабарласты. Жай-күйімді сұрады.  Мен оған Аққожа баба кесенесін қоршау керектігін айттым.  Мұны Қанат аға қолға алып, Нұржан бауырымыздың басшылығымен қоршау жасалды.  Аққожа баба туралы тағы да біраз мәлімет жинадым.  Басына барып құран оқыдым. Осы жерге жиі келетінімді көріп жүрген бәз біреулер «Сен Аққожа бабаның тікелей ұрпағысың ба?» деп сұрайды.

– Жоқ, тікелей ұрпағы болмасам да, Аққожа атамды кие тұтамын.  Ата-баба қасиетін ұлықтау үшін тікелей ұрпағы болу міндет емес, – дедім.

Міне, соңғы жылдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты керемет мақаласының мәні санаға сіңе бастады.  Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев мырза да тарихымызды жаңа тұрпатта түгендеу қажеттігін қайта-қайта айтуда. Міне, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында би ата мен ұрпақтары туралы  оқырманға  сол кездегі кітабынан үзінділер мен Маруся апай туралы  жазбаларды ұсынуды жөн көрдім.

…Әсем Тарбағатай тауының солтүстік-шығысына қарай сансыз өзен-бұлақтар ағады. Солардың бірі – Талды-Борлы өзені. Сол өзеннің Аягөз өзеніне қосылар тұсына таяу төбешікте бір киелі адамның кесене-күмбезі тұратын-ды. Кеңес заманындағы қудалаудан, қуғын-сүргіннен әбден қорқып, тосырқаса да сол төңіректі мекендеген халық әлгі күмбез-кесенеге барып тәу ететін. Ол адамды білетін көнекөз шежіреші қариялар: «Бұл кезінде Орта жүзге аты мәлім болған, қазақтың рухани қорғаны, киелі Аққожа бидің басына тұрғызылған кесене еді. Қасындағы көп зират сол кісінің жақындарынікі. Кеңес заманында Аққожа бидің де есімін өшірудің сан алуан амалы қолданылды ғой. Қасиетін қарашы, осы өңірдегі көптеген мешіт, медресе, кесене қиратылғанда бұның аман қалғаны соның дәлелі емес пе!?», деген сияқты әңгімелер айтылып жүрді.  Қиын кезеңдерде осы кесене талай адамға қорған болыпты. Өзегі талып, ашыққандар кесенені паналап, алдындағы өзен суы мен балығын қорек етіп жан сақтапты. Аққожа бидің аруағы аян беріп, талай адам аман қалған, сырқатынан айыққан… Айта берсе, мұндай әңгімелер толып жатыр.

Тәуелсіздік алып, ес жинап, етек жаба бастаған кездері ұлт азаматтары кешегі ата-баба рухын ұлықтай бастады. Аягөз тарихи тұлғаларға аса бай өңір. Содан да «аңыздар, абыздар, батырлар елі, махаббат бесігі» деп бағаланады.  Қалың ұйқыдан оянғандай болған тәуелсіз қазақ елінің азаматтары өткенін түгендеп, ұрпаққа үлгі етуді қолға алуына Ұлт көшбасшысы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың: «Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, іргелі ел болу үшін әркім өз мүмкіндігінше күресуі керек. Сонда ғана іргесі берік ел боламыз» деп елге ұран етіп тастаған жалынды сөздері де түрткі болды. Енді ешкімге жалтақтамай, еңсемізді тіктеуге кірістік. Тек, бір Аягөз өңірінде ғана тәуелсіздік жылдары ондаған тарихи жәдігерлер зерттеліп, көптеген аты аталмай қалған арыстар есімі тарихқа алтын әріппен жазылды. Көне түркі заманындағы махаббат мұрасы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпостық жырының 1500 жылдығы тойланды. Қабірі тіптен жермен-жексен болып кеткен Дулат Бабатайұлының басына кесене орнатылды. Ақтамберді, Әріп, Шақантай, Ақтайлақ, Байғара сияқты қазақ арыстары зерттеліп, басына кесене орнатылып, еңбектері мен олар туралы зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты. Олардың бәрі қайтадан тарихтан өз орнын тапты. Өз заманында тек турашыл, әділ, салиқалы би болып қана қоймай, бойында көріпкелдік, шипагерлік қасиеттері де мол Аққожа би бейнесі сомдала басталды. Тылсымы көп дүниені кім біледі, ұрпағын ғана желеп-жебемей, кез келген қаймана қазаққа да игі тілек тілеп жүрген Аққожа би атамыздың аруағы да болар, біздің бақытты өмір сүріп жүргеніміз?! Ал бидің басына барып, ол жөнінде шама-шарқынша білгендерін жариялап, оны ұрпағына жеткізіп жүрген аягөздік Қайыртай Қажығұлов, Балтабек Оразбаев, Күлпан Мағзымбайқызы, Нүрила Рақымбайқызы (Дүкебай апа) бастаған ақылмандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

             Ұлттық рухын жоғалтпаған халықпыз

 Бүгінгінің бәрі – кешегінің еншісі. Сол еншіні езуінен жырып берген аталар қандай болған? Осы сұрақ төңірегінде кім де болса ойланары хақ. Содан да түп қазықты, даналық арналарын іздейсің. Табасың. Оны ұрпаққа үлгі етіп, ісін жаңғыртсаң, бейнесін қайта көз алдыңа әкелсең ғана ұлттық рухың оянып, елге деген сүйіспеншілігің арта түседі.

Иә, кезінде қазақ халқының тарихын келте қайырып, халық болып қалыптасуын көзден бұлбұл ұшыра жаздаған да кезеңдер болды. Әрине, ұлан-ғайыр даланың бостандығын, елдігін ұстап тұру оңайға түскен жоқ. Еркін өскен дала бөрісіндей қазақ халқы талай рет таланды да. Әлсіреп, қансыраған кезеңдерді бастан өткерді. «Мың өліп, мың тірілді». Соның бәрінде ұлттық рухын, елдігін жоғалтқан емес. Сонау бір көне замандағы Әз Жәнібек ханның «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін, руға бөлінгеннің тұқымы құрысын» деген қағидасын қасиетті ұран етіп ұстанды. Империялық іштен іріту саясатына да осы идея тосқауыл бола білді. Сөйтіп, ғасырлар бойы бодандықта болса да, орыс, қытай, қоқан, хиуа сияқты елдер өкіметіне бағынса да, ішкі билерге бас ию қасиетін ұстап қалды. Қазақ даласында елдіктің тізгінін ғасырлар бойы билер ұстап келді. Билер – елдік пен ұлттың түпқазығы, ұйытқысы болды. Батырлардың ақылшысы да билері. Сол билер тектілік пен тәрбие бағдаршамы сияқты еді. Содан да біз тәуелсіздік алғаннан кейін кешегі тарихымыздың олқылығын толтыруға күш салдық. Ал ұлттық рухымыз шындап келгенде сол билер мен батырлардың, ақындардың қанымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқаны бәрімізге аян.

Қазақ билерінің тарихы тереңде. Әзірге біздің жақсы білетініміз – жүзжылдық жоңғар-қалмақ, қытай-қырғыз және өзгелерінің шапқыншылығы кезінде халқымыздың елдігін сақтауға ұйытқы болған үш жүздің төбе билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Одан кейін әр елдің, ру-тайпаның бас билері, білгір саясаткерлері аз болған жоқ. Сонау Алтайдан Атырауға, Еренқабырға-Алатаудан Оралға, Батыс Сібірге дейінгі созылып жатқан мыңдаған шақырымдық ұлан-ғайыр кең даланы тарыдай шашырап өскен жауынгер қазақ халқы мекендеген. Оның басқару жүйесі әр замандарда әртүрлі болса да ақылды, көреген билердің арқасында елдік сақталған. Мұны бүгінгі ұрпаққа айғайлап айту керек. Осы қағиданы ұстанған шежірешілер, тарихшылар мен әдебиетшілер санамызда көмескілене бастаған талай тұлғаны тірілтіп, көз алдымызға әкелді. Сол жолда өздерін құрбан еткен боздақтарымыз қаншама? Әсіресе, Кеңес заманында ел тарихын, ұлттық құндылықтарды насихаттауды «ескілік», «байшылдық», «діншілдік» деп әшкерелеп жоймақ та болғанын көбіміз жақсы білеміз. Содан да орыстың түкке тұрмайтын бір жорығын дәріптейтін «Слово о полку Игореве» дастанын жаттап өстік. Қазақтың Жалаңтөс, Бұқа, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ер Жәнібек (бергі замандағы) сияқты батырларының орнына Суворов, Нахимов, Кутузов, Багратион, Баркалай дегендерге «ұлы қолбасшылар» деп табындық. Кеңеске дейін де, Кеңес қыспағында да рухымызды сақтап қалу үшін қазақ арыстары жанталасты. Ал егеменді ел болғаннан кейін түгендеп, тәуелсіздігімізбен рухани тұтастығымызды қалыптастыра бастадық.

Иә, қазақ даласы ұлты, елі үшін тер төккен, елдіктің ұйытқысы бола білген ұлдарына кенде емес. Соның ішінде қалың Найман елінің күре тамыры, жүрегі болып табылатын Аягөз жері тектен тек «ақындар мен абыздар, батырлар елі, махаббаттың бесігі» деп аталмаса керек. Өзгесін былай қойғанда Найманнан тарайтын Төлегетайдың үлкені – қара ормандай Қара Керей атанған бір бөлігінің өзінен жүздеп ел ағалары мен батырлар, ақындар шығып, ел қорғаны бола білген. Солардың ішінен Сыбанқұлдан (Сыбан) тарайтын Жанкөбектің өзінен бір кездерде көптеген билер, ақындар шыққан. Бұл туралы кезінде біраз зерттеліп, жазылды. Соның нәтижесінде Ташкентті билеген ер Нарынбай би мен оның ұрпақтарын көпшілікке жақсы таныстырдық. Мысалға, атақты Ақтайлақ би жөнінде кемеңгер жазушымыз Қабдеш Жұмсділов «Прометей алауы» деген тарихи-деректі роман жазып, бидің өшпес бейнесін сомдап шықты. Ақтайлақ би жөнінде өзге де көптеген құнды еңбектер жазылып, шежіресі жарияланды, өлеңдері мен нақыл сөздері, биліктерінің кей кезеңдері жарыққа шықты. Сөйтіп, Ақтайлақтың өз заманындағы халқы үшін еткен еңбегі сомдалды.

Аягөздің аяулы келіні еді…

Өкінішке қарай, біздің зерттеушілеріміз бен тарихшыларымызда, әдебиетшілерімізде бір жаңсақ үрдіс бар. «Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, бір зерттелген тұлға, не шежіре төңірегінен шыға алмай шиырлап қалады, белгілі бір деректерді айналсоқтап, келсін-келмесін сілтеме жасап көшіріп, сәл өзгертіп алып жерден жеті қоян тапқандай жалпақ жұртқа жар салады. Тың дерек, таза сүрлеу іздемейді. Содан келіп, жұрт шатасады. Әрине, әр тұлғаның өзінің тарихи орны бар. Оны ұмытпау керек. Сондай-ақ шежіре жазғанда да кейбір орашолақтар бір атаны асыра мақтап, бір атаны төмендетіп те жіберіп, эпостық, аңыздық қисынсыз сүрлеуге түсіп алып шықпай қояды. Өкініштісі – сол жаңсақ сүрлеуге өзгелер де түсіп кетіп, адасып жатады. Сондықтан әлі де терең зерттелмей жатқан ұлттық рухымызды ұрпаққа үндегенде сақ болған жөн. Жоғарыда айтқанымыздай – елдіктің өзегі – билер болған, ол жалғыз емес, әр заманның оза туған, өз елінің береке-бірлігінің ұйытқысы болып, сол елдің көсемі бола білген билері аз болмаған. Халқының, ұрпағының өсіп-өнуіне қарай ауыл-ауылға айналып, рулық-тайпалық бірлестік негізінде ел басқару жүйесін құрған. Батырлық қалып, ел жуасып, жасып, бодандыққа түскен замандарда – елдікті билер сақтап қалған. Содан да дала даналары артына: «Білекті – бірді жығар, білімді – мыңды жығар» деген аталы сөз қалдырған.

Өз басым тарихи шығармаларды, шежірелерді көп оқып, талай тың дерек іздеуге талпындым. Мынау көсіліп жатқан далада сыр бүгіп жатқан құпиялардың молдығын сезіндім. Өткен тарих беттерін парақтап, ата-баба өмірін білуге талпындым. Аягөз өңірінің тұнып жатқан табиғи байлығын да, рухани байлығын да бүгіннің адамдарына барынша насихаттау қажеттігін түсіндім. Осылай ой қорытып жүргенімде заманында Ақтайлақ биден кейін сөз ұстаған, халқына көп еңбек сіңірген Сыбанның Байкөбек атасынан тараған Аққожа би жөнінде аягөздік ақылман-шежіреші ақсақалымыз Қайыртай Қажығұловтың осы аттас көлемді мақаласы жарық көрді. Одан кейін бидің аталас туысы Балтабек қажы Оразбаевтың бабасы жөніндегі естеліктері естіліп жатты. Артынан: «Аққожа бидің тікелей ұрпағы Мамырсу (Сергиополь) ауылының тумасы Қанат Шайханұлы Асаубаев деген ғалым әрі ірі кәсіпкер би атасының атына көше беруді сұрапты» деген дерек тарады. Бұл адамдарды төңірегі жақсы білер, бірақ, былайғы жұрт жете білмейтін. Әртүрлі алыпқашпа әңгімелер туды. «Асаубаев кім? Ол қайдан пайда болған миллионер? Арғы атасы Аққожа би бұрын неге аталмаған?» – деген сұрақтар бізге де қойылып жатты. Аққожа биден бұрын іскерлігімен, білімділігімен кәсіпкерліктің шыңына шыға білген Қанат Шайханұлы Асаубаев пен оның отбасын еліміз түгілі шетел біле бастады. Оның өсу жолы, қиындық пен қызыққа толы өмірі, отбасы жөніндегі деректерді бірнеше тілде шыққан көптиражды кітаптардан көрдім. Бірақ аягөздіктердің көбі оны да білмейді. Бұл өңірге аз таралған.

Аққожа би – Дулат ақын жырына өзек еткен, Әріп, Сараның аузына сөз салған, әр жердегі деректерге аты кірген, көпшіліктің санасында «шыншыл, әділ би болыпты» деп аты қалған атамыз. Осы би өмірі мен оның ұрпақтарының бүгінгі тірлігіне деген ынта, тарихи тұлға туралы еңбек жазу қажеттілігін туындатты.

– Аққожа би туралы кеңірек жазылса. Аққожа кім болған, қай кезде өмір сүрген? Қандай еңбегі бар? Қай жерді мекендеген? Елі кім екен? Міне, көше басына әдемілеп ескерткіш тас қойдық. Мына жиналған жұрт Аққожа би мен ұрпақтары жөнінде білгісі келеді. Бір кітап жазсаң қайтеді, жұртқа таратып, бойларына баба рухын сіңірейік. Газет-жорналыңа да бас, – деді Төлеубек тағы да.

Оны сол жерде біраз адам қолдап кетті. Ал басты қолдаушым – Атырау сияқты киелі өңірден Қанат ағамызға өмірлік серік болып «Аягөздің аяулы келіні» атанған Маруся Маралқызы болды.

Бақытөмір Шалғынбай

 

                                                                                 

 

                2021-11-16. «Аққожа би»

 

                                                                                          

 

Осы айдарда

Back to top button