Аппақ арманға жол ашады

Мынау жарық дүние есігін ашқан әрбір баланың бақытты да сұлу ғұмыр кешкісі келетіні сөзсіз. Айтыңызшы, қай баланың аспандағы жұлдыздай жарқырағысы келмейді дейсіз. Бірақ олардың кейбіреулері қатыгез де қатал тағдырдың кесірінен тасада қалып қояды. Ал бойдағы таланттың жарыққа шықпай, тұншығуы бала үшін де, ата-ана үшін де үлкен өкініш. Осы орайда Өскемендегі «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде ерекше білімдік қажеттіліктері бар балалар шығармашылығына арналған ХІІІ республикалыќ «Жұлдызай» фестивалінің өңірлік іріктеу кезеңі өтті. Бұл жолғы фестиваль Астананың 20 жылдығына арналып отыр.
400-ге жуық бүлдіршін қатысты
Шынын айту керек, осынау шараны жыл сайын қаншама бала асыға күтеді десеңізші. Фестиваль жақындаған сайын ерекше білімдік қажеттіліктері бар бүлдіршіндердің жүректері лүпілдей соғып, шаттанатыны әркімге де аян. Иә, олардың осынау сәтті ұзақ күтетіні шындық. Олардың арманына бір табан жақындағандай күйді бастан кешетінін де жақсы сеземін. Жалпы, 2005 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатќан республикалыќ «Жұлдызай» фестивалінің негізгі алға қойған мақсаты да осы – мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылыќ ќабілеттерін шыңдап, әлеуметтік белсенділігін дамыту. Осымен он үшінші рет өтіп отырған өнер додасы қаншама бүлдіршіннің талабын шыңдап, қиялына қанат бітіріп келеді. Тіпті олардың ішінде үздік деп табылғандары Елорданың ең үлкен концерт залдарында өнер көрсетуге мүмкіндік алып жүр.
Фестивальдің бұл жолғы өңірлік іріктеу сайысына облыстың қалалары мен аудандарынан 400-ге жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты. Олар вокал, аспаптыќ орындау, ыммен ән салу, би, бейнелеу және декоративті-ќолданбалы өнер секілді алты аталым бойынша баќтарын сынады.
Фестивальге жиналғандар ең алдымен «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінің фойесіне қойылған балалар шығармашылығы көрмесін тамашалады. Бүлдіршіндердің өз қолымен жасаған бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер туындыларын көргенде, ешқандай дарынсыз баланың болмайтынына көз жеткізе түскендей боласыз. Тек баланың қызығушылығын дер кезінде тап басып танып, дұрыс бағыт-бағдар бере алсаңыз болды. Мынау дүниеде бала қиялына жетер жүйрік ештеңе жоқ. Мысалы, Зайсан ауданы Жаңатұрмыс ауылында тұратын Ерлан Мұқанов дейтін тоғыз жастағы бүлдіршін өзінің бір картинасын «Астанаға тарту» деп атапты. Жай ғана гүл толы құмыра… Бірақ қарап тұрып, бала жүрегінің кеңдігі мен тазалығына іштей сүйсінесіз. Бала жанының кіршіксіздігі, мөлдірлігі жүрегіңізді тербейді.
Әлидің «Әтешіне» құда түскендер көп
Ал Семей қаласындағы №4 құлағы нашар еститін балалардың мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Әлиакпар Сейтов кәдімгідей шеберлік-сыныбын өткізді. Оның ағаштан түрлі дүние жасауға машықтанып, шебер болып алғаны қимыл-әрекетінен-ақ көрініп тұр. Тіпті Әлиакпардың қолынан шыққан «Қанатты барс», «Әтеш», «Домбыра» секілді бұйымдарына, ет салатын астауларына «құда» түсіп, «сатпайсыздар ма?» деп, қиылып сұрап жатқандар да бар.
– Әлидің менің қасымда жүргеніне екі жарым жылдай уақыт болды. Басында жайлап ағаш жонуды үйреттім, содан кейін шағын кәдесыйлар жасай бастадық. Құлағы нашар естиді демесең, өте ұғымтал. Айтқаныңды қағып алады. Жұмыс істеген кезде техникалық қауіпсіздікті сақтауды да жақсы біледі, дейді Әлидің ұстазы Кенжебек Болғанбаев.
– Біздің мектепте қазіргі күні 81 бала білім алып жатыр. Біз олардың барлығының болашақта өзінің өміріне пайдалы бірнәрсе біліп, үйреніп шыққанын қалаймыз. Мысалы, Әлиіміз ертең мектепті бітіріп кетсе, далада қалмайтынына сенеміз. Бұл – өнер ғана емес, әрі кәсіп. Ертең біреуге бірдеңе жасап берсе де, тамағын тауып жейді ғой, – дейді Семей қаласындағы №4 құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Индира Қабдылқақова.

Сонымен, «Жұлдызай» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі де келіп жетті. Осымен 13 рет өткізіліп отырған шара облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Байжанованың құттықтау сөзімен ашылды.
– «Жұлдызай» фестивалі тек шығармашылық алаңы ғана емес, бұл – жаңа достар тауып, ескі таныстарды кездестіретін жер. Қымбатты балалар, мен сіздерге бақыт тілеймін. Қашан да дендеріңіз сау болып, армандарыңызға жетіңіздер. Тек қана жеңіс тұғырынан көрініңіздер, – деді ол.
Содан кейін сөз кезегін «Жұлдызай» қоры директорының орынбасары Алмагүл Сәлімбаева алып, өзінің ыстық лебізін білдірді.
– Еліміздің әдемі де киелі жері Өскеменге Астанадағы ұйымдастырушылардың атынан жалынды сәлем! Біздің биылғы фестиваліміз ашылып, қазір әр өңірде іріктеу кезеңі өтіп жатыр. сегіз мыңнан астам бала қатысып, өнерлерін көрсетуде. Бүгін біз сіздердің өңірлеріңіздің жаңа жұлдыздарын жағамыз, – деген Алмагүл Сәлімбаева қатысушылардың барлығына сәттілік тіледі.
Иә, осылайша «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінің сахнасы балғын өнерпаздардың иелігіне өтті. Шырқалған ән мен күмбірлеген күйдің, мың бұралған бидің ешқайсысы да көрерменін бейжай қалдырған жоқ. Бала жүрегінен шымырлап шыққан әнде оның қайғысы мен қуанышы бар, арманы мен сағынышы бар. Көрермен қауым да аямай шапалақ соғып, олардың әрқайсысына үміт отын сыйлағысы келетіндей.
Облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған еліміздегі тұңғыш «Ақ ниет» мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Алдияр Абдылдаев пен 9-сынып оқушысы Меруерт Газраилованың өнеріне де көрермен қауым ерекше қошемет көрсетті. Алдияр гитарада «Кубинский танецті» нақышына келтіре орындаса, Меруерт Құрманғазының күйі «Балбырауынды» домбырамен күмбірлетті. Шәкірттерінің өнеріне Гүлмира Мәулетханқызының ерекше риза болғанын жүзінен байқадық.
– Мен бұл фестивальге өткен жылы да қатысқанмын, – дейді Меруерт жымиып. Өзін еркін ұстайды екен. Сол еркіндігін, сол еркелігін сахнаға шыққанда да жоғалтқан жоқ.
Ал шемонайхалық Дулат Смаиловтың сахнада сәл қобалжығанын біз байқап қойдық. Оны музыка пәнінен сабақ беретін ұстазы Сара Қайыпова да жоққа шығармады.
– Дулатымыз мынадай үлкен сахнаға бірінші рет шығып тұр ғой. Ондай болады. Өз басым бұл баланың этюдті ұмытпай, сахнада толық орындағанына қуанып тұрмын. Бұл дегеніңіз үлкен жетістік. Басында біз қатты қиналдық қой. Есте сақтау қабілетіміз өте нашар болғандықтан, қазір үйренген күйімізді қазір ұмытып қалатын едік. Бүгін осындай деңгейге жеттік. Дулат өте еңбекқор. Бір сабақты босатпайды. Өнерге деген талпынысы керемет. Қазір «Кеңес» күйін үйреніп жатырмыз, – дейді ұстаз Сара Жуандыққызы.
– Бізге керемет әсер сыйлап жатқан бүлдіршіндерге дән ризамын. Бұл өнерпаздарға баға берудің өзі артық. Мен барлығына бес деген баға бердім. Барлығы жеңіске лайықты, – деді фестиваль соңында сөз алған қазылар алқасының мүшесі, танымал әнші Ернар Айдар.
Қазіргі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ернар Айдар өзінің репертуарындағы «Күнім сен сөнбеші», «Жарайсың» әндерін бүлдіршіндермен қосыла орындап, керемет көңіл-күй сыйлады.
Астанаға кімдер барады
Осы күні Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында ерекше білімдік қажеттіліктері бар балалардың арасында «Жұлдызай» республикалық спартакиадасының да облыстық іріктеу кезеңі өтті. Осымен екінші рет өтіп отырған спартакиадаға арнайы білім беру ұйымдарының 10-15 жас аралығындағы оқушылары асық ату, бес тас, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шағын футбол секілді спорт түрлері бойынша бәсекеге түсті.
– Дені сау балаларға қарағанда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу үш есе, төрт есе қиын. Неге десеңіз, олардың төрт құбыласы түгел емес қой. Біздің мектепте көздері нашар көретін балалар білім алады. Ал оларды спортқа тарту оңай шаруа емес. Үнемі қасына барып жаттығуларды түсіндіріп, үйретуің керек. Бір айтқаныңды бірнеше рет айтып, бір көрсеткеніңді бірнеше рет қайталауың керек. Биыл біздің мектепте шаңғы үйірмесі ашылды. Ал тоғызқұмалақ, шахмат біздің мектепте өте жақсы дамыған. Түлектеріміздің екеуі тоғызқұмалақтан спорт шебері болса, бесеуі спорт шеберіне үміткер. Таяуда ғана Шымкент қаласына барып, Қазақстан чемпионатына қатысып қайттық. Бір баламыз тоғызқұмалақтан екінші орын, бір баламыз үшінші орын алды. Тағы бір қызымыз шахматтан екінші орын алды. Бүгінде тоғызқұмалақтан Қазақстан құрама командасының мүшесі болып жүрген Дамир Самарханов пен Эльвира Рахымжанова біздің мектептің түлектері. Осы «Жұлдызай» спартакиадасына ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты енгізсе, жақсы болар еді. Біз бірнеше рет хат жаздық, әзірше нақты шешім жоқ. Көру мүшесі зақымданғандарға арналған голбол деген ойын бар. Голболдан арнайы командамыз бар. Бірақ бүгін голболдан команда жиналмағандықтан, бірден Астанаға жолдаманы ұтып алдық, – дейді Семей қаласындағы №3 көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаттың денешынықтыру мұғалімі Арай Солтабаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік командалардың барлығы қыркүйек айында Астанада өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Мейрамтай Иманғали