Білім

Апатты жағдайдағы мектептер азайып келеді

Апатты жағдайдағы мектептер азайып келеді

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға, оның ішінде бірінші кезекте апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуге ерекше көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тапсырма берген-ді.
Апатты жағдайдағы мектептерде білім алу, әрине, оқушылар өміріне қауіп төндіретіні сөзсіз. Қабырғасы қақырап, төбесі опырылып түскелі тұрған мектеп ғимараттарын тіпті көзге елестетудің өзі қиын-ақ. Бауыр еті баласын ондай мектептерге жіберу ата-аналар үшін де үлкен уайым. Десек те, елімізде көптеген оқушылардың апатты жағдайдағы мектептерде тәуекелге бел буып, білім алып жатқаны да шындық. Қолдағы дерекке сүйенсек, 2014 жылдың басында Қазақстанда 182 апатты жағдайдағы мектеп тіркеліпті. Ал өткен жылы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Қазақстанда апатты жағдайдағы 176 мектептің бар екенін, олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында орналасқанын мәлім еткен.
Десе де өткен жыл соңындағы деректер елімізде апаттық мектептердің біршама қысқарғанын көрсетеді. Қазіргі күні республикамызда 135 апаттық жағдайдағы мектеп бар көрінеді. Апаттық мектептердің саны жөнінен бұрынғысынша көш бастап тұрған Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары қатарында Шығыс Қазақстанның да аты аталып жүр. Ал үш ауысымды білім беретін мектептер еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында екен.
Рас, апатты жағдайдағы мектептер біздің өңір үшін де әлі күнге түбегейлі шешімін таппай келе жатқан өткір мәселелердің бірі. 2012 жылы Шемонайхадағы жалғыз қазақ мектебі апатты деп танылып, күтпеген жерден жабылып қалғаны есімізде. Мамандар 60-жылдары пайдалануға берілген мектептің қабырғаларында жарық пайда болғанын, аз уақыт ішінде оның 7 сантиметрге дейін ұлғайып кеткенін анықтаған-ды. Арнайы комиссия \”үш қабатты ғимараттың төбесі кез келген уақытта ортасына опырылып тусуі мүмкін\” деген тұжырымға келіп, жылдам шешім қабылдаған-ды. Сөйтіп, 350 оқушы оқу жылын орыс мектебінде аяқтағаны бар.
Жалпы, білім сапасын жақсартамыз десек, мектеп ғимараттары да сол талапқа сай болуы тиіс. Апатты мектептерде алаңдап отырып алған білімнің баланың миына қонбайтыны да анық.
Енді қанша білім ордасы іске қосылады?
Бір қызығы, 2009 жылдары өңірімізде бірде-бір апатты жағдайдағы мектеп болмаған екен. 2011 жылы тиісті орындар өңірлердегі мектептердің хал-ахуалымен жіті танысып, апатты жағдайдағы мектептерді анықтағаннан соң, 2011 жылы облыс бойынша 27 апатты жағдайдағы мектеп тіркелген. Ал 2012 жылы оның саны 43-ке, 2013 жылы 61-ге жетіпті. Айналасы екі үш жылдың ішінде апатты жағдайдағы мектептердің саны қалайша саңырауқұлақша қаптап кетті? Тағы да комиссия құрылып, 2013 жылдың тамыз айында аймақтағы 17 мектепке тексеру жүргізіліп, оның бесеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге болатыны анықталады. Кейіннен облыстық мәслихаттың кезекті ХІV сессиясында облыстық білім басқармасының басшысы А.Нұрғазиев аймақтағы апатты білім ошақтары қатарынан 11 мектептің сызылып тасталғанын, облыста 46 апатты жағдайдағы мектеп бар екені туралы дерек келтіреді.
Содан бері де біраз уақыт өтті. Жыл сайын жаңадан салынған мектептер пайдалануға берілуде. Тек өткен жылы ғана облыста 21 мектеп бой көтерсе, оның 18-і апаттық жағдайдағы мектептердің орнына салыныпты.
Десе де аймағымыз апатты жағдайдағы мектептерден әлі де толық арылған жоқ. Облыстық білім басқармасының таяуда келтірген дерегі бойынша, бүгінгі күні аймақ бойынша 18 апаттық жағдайдағы мектеп бар көрінеді. Ал үш ауысыммен оқитын екі мектеп мәселесі әлі күн тәртібінде тұр. Оның бірі Курчатов қаласында болса, екіншісі Семей қаласының іргесіндегі Бобровка ауылында орналасқан мектеп.
Таяуда облыстық білім басқармасының алқа отырысында 2014 жылы өңірдің білім саласында атқарылған шаруалар мен алдағы уақытта қолға алынатын міндеттер туралы есеп берген облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев Елбасының Жолдауына сәйкес, 2015-2016 жылдары Ұлттық қор шеңберінде өңірімізде 5 жаңа мектептің құрылысы басталатынын мәлімдеді. Олардың үшеуі (Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылы, Ұлан ауданы, Таврия ауылы, Шемонайха ауданы, Верх-Уба ауылы) апатты мектептердің орнына салынса, екеуі Семей мен Курчатов қаласындағы үш ауысымды мектептердің орнына салынбақ. Облыстық білім басшысының айтуынша, өңірдегі күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселенің түйінін толық тарқату үшін 2017 жылға қарай тағы да 8 мектептің құрылысын бастау қажет екен. Көкпекті ауданындағы Бастаушы және Күршім ауданындағы Жолнұсқау мен Ұрынхай ауылдарындағы апатты жағдайдағы мектептердің жағдайын жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен де шешуге болатын көрінеді.
Үш ауысыммен оқытып жатыр
Үш ауысымды білім беретін мектептер де бүгінгі күні биліктің бас ауруына айналып отыр. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, еліміздің он аймағында 87 үш ауысымды мектеп бар көрінеді. Біздің өңірде осындай екі мектеп бар. Жоғарыда айтқанымыздай, оның бірі Семейге қарасты Бобровка ауылында болса, екіншісі – Курчатов қаласында. Елбасы Жолдауына сәйкес, екі мектептің құрылысы биыл басталады деп жоспарланғанымен, әлі қаражат бөлінбеген.
– Семей қаласының іргесіндегі Бобровка мектебі 2004 жылы ашылған. Негізінен 64 балаға ғана лайықталып салынған бұл мектепте бүгінгі күні 316 бала білім алуда. Екі ауысымның ортасында екі даярлық тобы мен бір шағын орталық бар. Топтардың барлығы ата-аналардың сұрауымен, білім бөлімінің рұқсатымен ашылған болатын. Жалпы, баласын біздің мектепте оқытқысы келетін ата-аналар саны өте көп. Кейбір ата-аналар ренжіп кетеді, тіпті, қалалық білім бөліміне барып шағым айтатындар да көп. Бірақ бізде орын жоқ. Оқу кабинеттерінің өзі бесеу ғана. Биыл жаңа мектептің құрылысы басталса, халық қуанып қалар еді, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Баян Абышева.
Әрине, жұртшылық көңілінде жыл сайын жаңа мектептер салынып жатыр, неліктен апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектеп саны азаймайды деген сауалдың да туындайтыны сөзсіз. Дегенмен, бұл арада еліміздегі көптеген мектептердің өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынғанын да естен шығармауымыз керек. Төтенше жағдайлар министрлігінің санитарлық нормалары мен талаптарына сай келмейтін мектептердің апатты деп танылуы да сондықтан. Десе де Елбасының Жолдауы апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесінің оңтайлы шешілуіне ықпал ететіні сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button