Білім

АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛАТЫН ҚҰРАЛ

Өскеменде «Жастар Синергиясы ҚХА» жас ІТ мамандарының  форумы өтті. Қазақстан жастарының конгресі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған  форум аясында өткен байқауға облыстағы ЖОО студенттері мен мамандары  және мектеп оқушылары  қатысып, барлығы 20 жоба ұсынды.

«Жастар Синергиясы (грек тілінен аударғанда  бірлескен күш-қуат, іс деген мағына береді )  ҚХА» форумы қорытындысында еліміздің барлық аймағынан 80 жоба іріктеліп алынып, олардың ішінен жеңіп шыққан үздіктерге 1000 000, 700 000, 500 мың теңге көлемінде  грант бөлінбек. Гранттардың кімге бұйырғаны  5 қараша күні өтетін ақтық іріктеуде белгілі болады.

Қазақстан Жастар конгресі орталығының жобалық менеджері Мәулен Молдабековтің түсіндіргеніндей, «Жастар Синергиясы ҚХА» форумы – Қазақстанның қазіргі ІТ мамандары, ақпараттық технологиялар факультеттері студенттерін, сондай-ақ стартап жобалар, бағдарламалау, веб-дизайн, киберқауіпсіздік, smart-технологиялар және сайт/мобильдік қосымшалар құрастыруға қызығушылық танытып жүрген басқа да жастарды ІТ саласының қыр-сырына үйрететін, үйретіп қана қоймай қолдау көрсететін ерекше жоба.

Үш айға созылатын форум жобасына 16-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жоба: сайттағы ашық форманы толтыру арқылы қатысушы ретінде тіркелу, алты бағыт бойынша онлайн оқыту кезеңі, оқыту соңынан тапсырмаларды қабылдау кезеңі, аймақтық ІТ жобалар форумы кезінде жобаларды таныстырып, іріктеу және Нұр-Сұлтан қаласында өтетін қорытындылау кезеңінен тұрады.

Жастардың аймақтық байқауға ұсынған ІТ жобаларының бәрі де қызықты, өміршең, қоғамға, елге керекті. Олардың  ішінде  С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың жас мамандары Меруерт Қайдарова мен Алтынай  Жұртпаеваның  «Jailay» логопедиялық  тренажер бағдарламасы жаңашылдығымен және маңыздылығымен қызықтырды. Кішкентай балалардың тілін түзеуге арналған бағдарлама кешені балаларды таза сөйлеуге машықтандырумен бірге олардың тіліне логопедиялық диагностика жасауға да қабілетті екен. Жас мамандардың қолға алған  бағдарламасы қағаз жүзінде қалмай жүзеге асырылып жатқаны қуантты. Бағдарлама қазір Өскемендегі №46 мектептің коррекциялық кабинетінде, Қасым  Қайсенов кентіндегі балабақшада сәтті қолданылып жатыр.

Өскемендегі мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Руслан Тоқаевтың ІТ жобасы  су қоймаларынан, су бөгеттерінен  келетін қауіптің алдын  алуға арналыпты.  Русланның ойлап тапқан құрылғысының баламасы көп болғанымен  олардың бағасы тым қымбат. Оқушының су қоймасының ішіне қойып  судың белгіленген  мөлшерден асып көтерілгені, су басу қаупі төнгені туралы дабыл қағатын құрылғысын орнатуға 120 мың теңге көлемінде ғана қаржы кетеді. Құрылғыны қыста да, жазда да қолдануға болады, әрі 12 вольттық энергия қуатын ғана қажет етеді. Русланның осындай өзгеше жобасы  аймақтық бюджеттен қаржыландырылатын облыс оқушылары ІТ жобаларының үздік ондығына еніпті.

Байқауға Семейдегі Шәкәрім атындағы көпбейінді гимназия оқушылары да белсене қатысып, сандық бағдарламалы станоктар  және «Майнкрафт» сияқты толып жатқан шетелдік ойындардың орнын басатындай «Теңге алу» тәрізді ұлттық ойындар бағдарламаларының жобаларын ұсынды.

Форум барысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың доценті Александр Бакланов «Smart city» технологиялары бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button