Мәдениет

Қансонарда бүркітші шығады аңға

«Қансонарда бүркітші шығады аңға»… Иә, бұл – хакім Абайдың, ақын Абайдың ең бір толысқан кезінде, шабытты шағында жазған жыр қоржынындағы шоқтықты өлеңдерінің бірегейі. Тұнып тұрған сурет. Аңшылық өнердің тіл жеткісіз құдіретін жырмен жеткізген.  

Сол құдіретті жыр туған құба далада ғұлама ақын қолына қалам алса, қарашығына ілінер Қарауыл төбеде қаршыға салып, қаз ілдірген Оспан көлінің жағасында ұлы ақынның биылғы дүбірлі тойына орай тағы бір салтанатты шара өтті.

Иә, салтанатты шара. Абай туған далада, Абай сүйген өнер хандық құрса, бұдан артық салтанат бола ма?! Оның үстіне, Абай ғана емес, бүкіл қазақ ардақ тұтып, киелі туынан қастерлеп орын берген қасиетті құс қой бұл.

«Бүркіт бір сілкінсе, мың пәле кетеді» деп түсінетін халықпыз ғой. Осы ырымды берік ұстанған аталмыш ауданның атқамінерлері үш күн бойы Шыңғыстау аясын құстың шаңқылымен сілкіндірген  қонақтарының көңілінен шығуы үшін барын салды. Мұны біз қазақтың қонақжайлығынан бөлек, тектілігі үзілмеген елдің құсқа құрметі деп білдік.

Ұлт руханиятының темірқазығына айналған данышпан туған абыз далаға құсбегілер биыл ерекше дайындықпен һәм махаббатпен келгені көзге бірден көрінеді. Бұл дәл осы сайыскерлердің соңғы төрт жылдағы қансонарына үзбей қатысып келе жатқаны бізге аян. Томағасын тартқан құстың жанары қандай отты болса, құс иелері де киелі мекенге солай шүйіле, құмарлана қарайды. Өздері пір тұтатын баба жайлы әр төбеден сыр сабақтайды…

Осындай махаббатпен 13 облыс, екі қаладан 50-ден астам құсбегі келді. Оның 40 құсы болат топшы, жез тегеурінді аспан серісі болса, он шақтысы қаршыға мен ителгі.

Әр өңірдің намысын қорғап келген Абайдың ізбасарларын аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров киелі Қарауыл төбенің бауырында құттықтап, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

– Кеше ғана елорда төрінде Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған тойды бастап бергені баршаға аян. Бүгін, міне,  киелі Шыңғыстау баурайында, Абай елінде «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген республикалық бүркітшілер сайысымен жалғасты. Бұл –бізде өтетін айшықты шаралардың бастамасы. Ұлы Абайды ардақ тұтып келген барша қатысушыларға сәттілік тілеймін,  –  деді аудан әкімі.

Елордалық ең жас құсбегі

 Атадан балаға желісін үзбей жеткен ұлттық өнеріміздің бүгінгі сапында да әртүрлі буын өкілдері бары қуантты бізді. Жердегі түз тағысы мен аспан серісінің әр қимылынан алда болар айқастың қай деңгейде өтетінін аңғара алатын жетпістен асқан кәнігі қарт та, балалық дәуірін баба мұрасына айырбастаған жетелі жеткіншек те бар мұнда. Айталық, арғы атасынан бері құс көтерген Ерасыл Серікбекұлы 11 жаста. Әкесі Серікбек Күнтуғанұлы да – осы сайыстағы дәмелі құстардың иесінің бірі. Ол аз десең, Серікбектің аға-бауырлары да осы сайыстың бел ортасында жүр. Бірі сайысқа қатысса, екіншісі – осы байқаудың бас төрешілерінің бірі. Ұлттық өнерге әулетімен атсалысқан азаматтарға қалай сүйінбеске?!

Сонымен, сайыстың бірінші күні қырық қыран аспанға көтерілді. Бірінші кезең – «Қолға шақыру». Жарты шақырым жерге барған иесіне басқа біреу құсты қоя береді. Құс иесінің қолына барып қонуы керек. Әрине, аспан серісін қолға үйрету, оны дегеніне көндіру, қалағанын алдыру екінің бірінің қолынан келе беретін өнер емес. Көп уақытты, еңбек пен қажырды қажет етеніні белгілі. Сондай еңбектенген бүркітшілердің алғашқы кезеңде еңбегі еш кеткен жоқ. Тек түстен кейінгі ұйтқи соққан Қарауыл желі жарыс жолына соңына ала шыққан құстарға қиындық тудырғанын айта кеткен ләзім. Тіпті үдей соққан жел қолдан шыққан құстың бағытын өзгертіп жіберген кездері де болды. Мұны қатысушылар «маңдайымызға жазғаны сол» деп қабылдады.

Екінші кезең – «Еркін ұшыру». Көрермендерден алыстау аумаққа барған құсбегі құсын аспанға ұшырады да, басқа жерге қондырмастан өзіне шақыру керек. Қолдан тіленіп ұшқан қыранның жер бетінен жем іздейтінін ескерсек, бұл – ең қиын кезеңдердің бірі. Содан болса керек, құсбегілердің көбі осы кезеңде сан соғып қалып жатты.

Үшінші кезең – «Шырғаға салу». Аң терісін сүйреткен әлдебіреу атпен шаба жөнеледі де, тұрғыда тұрған бүркітші томаға тартады. Тіленіп ұшқан құс салт аттының соңындағы шырғаны бүріп түсуі керек. Бұл көрермендер үшін ең қызықты кезеңдердің бірі болатын. Сонымен, бірінші күннің үш кезеңінің қорытындысы бойынша ертеңгі қоян мен түлкіге салатын кезеңге 12 қыран өтті.

Алыс-жуықтан келген барлық қонаққа дастархан жайған аудан әкімі бүркітшілерге алғысын айтып, ішіндегі ақсақалдары мен Ерасыл сынды жеткіншектерге арнайы құрмет көрсетті. Мұндай құрметке бөленгендердің қатарында өз ортасында «Шәкәрім қажы» атанып кеткен қарағандылық Темірәлі Төлегенұлы да бар. Ғұламаның бүкіл болмысы мен ұстанымына адалдық танытқан бүркітші, шынында, Шәкәрімнен аумайды екен.

Көрермендер үшін қызықтың көкесі екінші күні басталды. Тайлы-таяғына аяқ артқан үлкенді-кіші Қарауыл төбеге жиылды.

Қолына смартфонын ұстаған жұрт аңдар тиелген машинаның маңайына құмырсқадай қаптады. Бұл жерде не жоқ дейсің?! Құлағын жымырып, көзі жәудіреп қоян жатыр, айбарын шегіп қарсақ тұр, алпыс екі айласын жасырып түлкі ырылдаса, қамалған тордың арматурасын азу тісімен қарш-қарш шайнап қасқыр жатыр. Шыны керек, бұдан бұрынғы осы өңірде өткен жарыстарда бірлі-жарым түлкі болғанымен, азулы арланды ұстап әкелуге ешкімнің айласы мен батылы жетпеген. Оның үстіне, қасқырдың қолға үйретуге келмейтін жалғыз түз тағысы екенін ескерсек, бұл жолғы ұйымдастыруға сүйсінбей тұра алмайсың. Аңның саны да көп. Қысқасы, түсетін бүркіт болса, аңнан таршылық көрмейді. Бұл аңдардың табылуына Шығыс өңірінде құсбегілікті дамытып жүрген үржарлық Тәттімбет Кәпұлы мен Ерзат Байқадамовтың еңбегін айта кеткен жөн.

Сонымен, жартылай жеңіске жеткен 12 қыран қоянға түсті. Бұл жерде үй қояндарының кейбірі бүркітті алдап қашып құтылса, кейбірі жатқан жерінен қозғалмай, қыранға жем болды. Негізінен, бүркіттің бабынан гөрі, бағы көбірек сынға түсті деуге болады.

Осы кезеңнен суырылып шыққан төрт қыранды түлкіге салды. Нұр-Сұлтаннан келген Серікбек Күнтуғанұлының өткен жылы Барқытбел баурайында топ жарған қыраны осы сында мүлт кетті де, қалған үш қыран түлкіні тырп еткізбей таңынан ілді. Үш қыранның да ұпайы түгел, тепе-тең. Енді қайтпек керек?! Ақыры, ұйымдастырушылар ақылдаса келе, үш қыранды 700 метрден қолға шақырып, уақытпен жеңімпазды анықтады.

Қыран мен арланның айқасы

 Сонымен, I орын мен II орынды Алматы облысынан келген Ермұхан  Байетбай мен Алмас Сейтжан иеленсе,  III орын Атырау қаласынан келген Арман Кошқаровтың қанжығасында кетті.  Жиылған көптің көңілінен шығу үшін бүркітшілердің біразы қарсаққа томаға тартса, қасқырға салуға дәті бармады. Олар «қасқыр алды» деген атақтан гөрі, құсының амандығын көбірек ойлады. Бұл тәуекелге тек екі бүркітші ғана барды. Үржарлық қос бүркітші Тәттімбек пен Өмірбек Нұғымұлы арланға томаға тартқан. Бала бүркітшінің құсы қапы кетпеді. Бір аяғымен қасқырдың тұмсығын қысқан қыран екінші аяғымен таңнан іле бүріп, апыл-ғұпыл айқасып кетті. Міне, қыран! Ел есі кете айғайлады. Иесі жүгірді. Бүркіті қасқыр алыпты деген аңызға жақын әңгіме естігенімізбен, тап мұндай жақын жерден «тағыны жетіп қайырған» аспан серісінің ерлігін кім көрген?!

«…Сегіз найза қолында көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,

Адам үшін батысып, қызыл қанға.

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға…» – демеуші ме еді Абай. Ал мына қыранның киелі жерде арланның өзіне түскенін қайтесің?! Ел махаббаты жүлделі құстарға емес, қасқыр алған  қыранға ауып жатты…

Ал қаршыға мен ителгі сайысында қолға шақыру, далбайға салу, кептер мен қоянға салу сынды кезеңдерден іркілмей өткен елордалық Серікболсын Жалғасұлының қаршығасы топ жарса, тараздық Бабажан Бақдәулеттің ителгісі бірінші орынды жеңіп алды. Жарыстың ең жас қатысушысы Ерасыл Серікбекұлының қаршығасы үшінші орынға ие болды.

Бүркітшілерді арнайы барып құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабатұлы жүлдегерлерге ақшалай сыйлық тапсырып, Абай тойының мән-маңызын түсіндірді.

Осы айдарда

Back to top button