«Қанипа күні» апталығының жеңімпаздары анықталды
«ЮНЕСКО-ның қазақстандық ұлттық клубтары федерациясының мүшесі Қ.Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасы – оқушы-субъект дамытудағы ғылымның қайнар көзі» атты ғылым күніне арналған мектепішілік «Қанипа күні» апталығының қорытынды кеші өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Апталық аясында алтыншы сынып оқушылары Нұрасыл Ғалымбек пен Еңлік Қайратова «Қ.Бітібаеваның киім кию стилі мен талғамы», Әсем Кеңесханова «Қ.Бітібаеваның ақыл-нақыл сөздерінің ағылшын тіліндегі баламасы» деген тақырыпта ғылыми жобаларын қорғады. Сонымен қатар, Жанетта Берікқызының «Қ.Бітібаеваның сүйікті тағамдарының адам ағзасына пайдасы», Шұғыла Тоқанованың «Қ.Бітібаева өскен өнегелі отбасы», Нұрайым Бағдатованың «Қ.Омарғалиқызының «Егіз өрім» еңбегіндегі ұстаз бейнесі» атты жобалары жұртшылықтың қызығушылығын оятқанын айта кеткен жөн.
Айтпақшы, аталмыш апталық барысында Өскемендегі дарынды балаларға арналған «Восток» дамыта оқыту ғылыми-зерттеу арнайы мектеп-кешен-орталығының екінші сынып оқушылары Анна Емельянова мен Алексей Волохиннің қорғаған «Битибаева Канипа Омаргаливна – «учитель-легенда» деген жобасы көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды. Сондай-ақ, бұл іс-шараға Семей мен Глубокое ауданынан келген оқушылар да белсене атсалысты
Аталмыш шараны ұйымдастырушы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының ғылыми инновациялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаеваның айтуынша, апталықтың негізгі мақсаты – осы білім ордасында тәрбиеленіп жатқан оқушылардың ғылыми инновациялық, әдістемелік-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру арқылы оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын оятып, ұстаз еңбегін насихаттау болып табылады екен.
– «Қанипа күніне» орай жарияланған апталығымыздың әр күні Қанипа Омарғалиқызын дәріптеуге, еске алуға, зерттеуге арналды. Мұғалімдер Хан-апаның «Ой салу, ойланту, ойлау» технологиясына негізделген шеберлік сыныптарын өткізді. Сонымен қатар, алтыншы және екінші сынып оқушылары арасында ғылыми жоба қорғау сайысы ұйымдастырылды, – дейді Бақытгүл Ауғанбаева.
Апталықтың қорытынды кешінде Қ.Нұрғалиев атындағы колледжінің орыс тобында оқитын студенттері Қ.Бітібаева арнап жазған жыр шумақтарын оқып, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.
Апталықтың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімі мен оқушылардың барлығы бірінші орынға лайық деп танылды. Жүлделі орынға ие болған балаларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ажар Сағатбекова