Білім

Қанипа БІТІБАЕВАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН америкалықтар да жоғары бағалайды

Қанипа БІТІБАЕВАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН америкалықтар да жоғары бағалайды
Өскемендегі НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебінде Елбасымыздың «Сапалы білім – мемлекет пен жастардың негізгі капиталы» деген қағидатты сөзін басшылыққа ала отырып, мәні де, мақсат-мүддесі де үлкен танымдық шара өтті.
Ол «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваның ұстаздық қызметінің 45 жылдығына арналған «Жаһандану жағдайында тіл мен әдебиетті оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция еді. Онда аты алысқа кеткен ұстаздың тілді оқыту тәжірибесін қабылдап, өздеріндегіні бөлісуге келгендердің арасында еліміздің Астана, Алматы қалаларымен қатар, Қарағанды, Павлодар облыстарының гуманитарлық пән-дер мұғалімдерінен өзге Орталық Америка-ның Ямайка мемлекетінен Джордж Палмер, ұлыбританиялық Пол Бутройд, Түркияның Измир қаласындағы мектепте ағылшын тілінен дәріс беретін Мұстафа Ильхан, көршілес Алтай өлкесінің өкілі Сапарбек Маусымбаев және басқалар болды. Болып қана қойған жоқ, әсіресе, сырттан келген қонақтар ұлағатты ұстазға жарқын пейілдерін білдіріп, өздеріндегі тілді оқыту үдерістері жайында да әңгімеледі.

Әсіресе, осынау игі шараның пленарлық отырысының модераторы, «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаевтың «біз тегінде Қанипа апамыз сынды тұлғаларды мақтамай, онымен мақтануымыз керек дегім келеді. Өйткені, сонау Америкадан бастап, талай елге қазақтың кім екенін, қазақ тілінің ересен бай екенін, сол арқылы Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды ұлыларымызды тірілтіп, олардың рухын бүгінгі шәкірттеріне дарытып жүрген жан қандай құрметке де лайық. Бүгін Қанипа апайға оның атаулы лабораториясы біздің «ЮНЕСКО» клубы болып саналатын ғылыми орталықтың қамқорлығына алынғаны жөніндегі сертификатты тапсырғым келіп тұр» деп ұстазға «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Лидер образование» атты медалін тапсырды.

Одан соң сөз алған түркиялық М.Ильхан-ның «Қазақтың Қанипасын» қазақ тілінде құттықтағаны ерекше әсер қалдырды. Ал ресейлік өкіл Сапарбек Маусымбаев сөзін әріден бастағаны бар.

– Алдымен Қанипа апай мына мерекеңіз құтты болсын. Әманда жарық күннің шапағаты мен терең біліміңізді ардақ тұтатын адамдардың қолдауынан арылмаңыз, – деді ол. – Жақында сіздің облысқа Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин келіп қайтқанын білесіздер. Сонда ол «бізде қазақ мектебі мен ауылы бар» деп айтқан көрінеді. Содан міне, Алтайдағы өлкелік оқу департаментінің ұсынуымен, Өскемендегі білім бөлімінің арнаулы шақыртуымен Қанипа апайымыздың халықаралық конференциясына келіп қалдық. Қанипа Омарғалиқызын сырттай естуім болмаса, көрмеген едім. Енді танысып, білісіп жатырмыз. Өзім Благовещенск ауданының Байғамұт деген 35 үйлі қазақ ауылындағы қазақ орта мектебінде директор болып жұмыс істеймін. Бізде бар-жоғы 21-ақ оқушы болса да, мектепті жауып тастамай, ұстап отырған ресейлік басшылардың кеңпейілділігіне күніне мың мәрте тәубе етеміз. Бір қуанарлығы, біздің мектепті бітіргендер түгелімен Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Біздің жүрегімізде қандастарымызға деген сағыныш пен қазақтың ән-күйіне, кітаптары мен газеттеріне шөліркеу бар. Өзім бұл жақтан ауылдастарыма қазақша әндердің таспаларын, қазақ тіліндегі көркем туындыларды ала кетпекпін. Жалпы, мен бұл жаққа екінші мәрте келіп отырмын. 2004 жылы Евдокимов губернатор болып тұрғанда 30 адамдық делегацияға жалғыз қазақ деп мені кіргізгенде алғаш келгенмін. Қазір Өскемен тамаша болып кетіпті. Соған қуанып, туыстарымды көргендей марқайып тұрмын.

Конференцияның пленарлық кезеңінде өз атына бағытталған құттықтауларды Қанипа Омарғалиқызының өзі қорытындылаған.

– Мен 40-тан аса оқулық жаздым. Оның бәрі қарагөз қазақ баласының қамымен, ана тілімнің мерейі өссін деген мақсатта өмірге келді. Өз басым бір кітапты бір айда жазып шығушы едім. Бүгін алдарыңызда тұсауын кесейін деп отырған жаңа «Егіз өрім» атты педагогикалық эсселер жинағымды үш жылдан астам уақыт жаздым. Жалпы, бүгінгі конференция менің ғана емес, өзім өмірімнің асқары деп санайтын қазақ тілінің бір мерейлі мерекесі дер едім. Сол тілді құрметтеп келген барлығыңызға ерекше алғыс айтамын, – деген ұстаз одан соң ел алдында тұсауы кесілген кітапты қонақтарға таратып берді.

Басқосуға қатысушылар түс ауа «Қазақ тілі – рухани өзегіміз», «Қазақ әдебиеті және фольклорды оқыту мәселелері», «Ұлттық құндылық, мәдени мұра негізінде құзыретті тұлға қалыптастыру» және «Көптілділік – білім беру ісінің жаңа сатысы» тақырыптары бойынша өткен секцияларда жұмыс істеді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button