Қоғам

Қанипа Бітібаева тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды

Қанипа Бітібаева тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды

Кеше қазақтың Қанипасы атанған, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, барша шәкірттерін Абай тілімен сусындатқан ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваның арамыздан кеткеніне қырық күн толды. Осы күні марқұмның өмірінің соңғы жылдары тұрған үйінде мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Қазақтың қара домалақ балаларын Абайдың поэзиясымен сусындатып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барын салған ардақты ұстазды еске алуға қарақұрым халық жиналды. Оларға жауып тұрған жаңбыр да кедергі болмағандай. Жиынды Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов ашты.
– Бүгін ұлағатты ұстаз, өнегелі өмір жолының иесі Қанипа Бітібаевадан айырылғанымызға қырық күн толып отыр. Бұл – үлкен қаза. Қанипа Омарғалиқызы қазақтың ұлттық және көркем әдебиетін жастарға оқытуда, оларды тәрбиелеуде көп еңбек сіңірді. 32 кітаптың, жүзден астам ғылыми еңбектің авторы, көптеген шәкірттері филология ғылымдарының кандидаттары мен докторлары болып отыр. Шәкірттері мен оқушылары халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Біз жұртшылықпен және Қанипа апамыздың туған-туыстарымен ақылдаса отырып, өзі кейінгі күндерін өткізген осы үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатуды хош көрдік. Мен қала жұртшылығы атынан осы бастамаға атсалысқан ақсақалдарға, Қанипа Омарғалиқызының туыстарына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Қанипа апамыздың есімі мәңгілік жүрегімізде сақталады,– деді жиында Темірбек Қасымжанов.
– Қарапайым мұғалімдер арасынан аты аңыз болып тараған, дәуірдің дара ұстазы атанған Қанипа ападан білім алғаныма өзімді өте бақытты санаймын. Қазір мен ұстазымнан алған білімімді шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Біздің мектебімізде Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбы мен атаулы зертханасы жұмыс істейді. Хан апа, сіздің рухыңыз өлген жоқ, өйткені, ісіңізді жалғастырар мыңдаған шәкірттеріңіз бар, – деп толғанды №3 көпбейінді мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қанипа Омарғалиқызының шәкірті Бақыт Ибраимова.
Туыстары атынан сөз алған, Қанипа апаның Павлодар қаласынан келген күйеубаласы Еркін Боздақұлы мерейлі ұстазды ұмытпай, оны еске алуға жиналған қауымға алғысын білдірді.
– Ең алдымен апамызға арналған жиынға қатысқандарыңыз үшін бәріңізге көп рақмет. Шығыс елінде апамызды мәңгілік есте сақтау үшін игілікті шаралар қолға алынуда. Осының бәріне қолдау көрсетіп жүрген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА, басқа да азаматтарға туған-туыстары атынан ризашылығымды жеткізгім келеді. «Жақсының қасиетін жақсы ғана біледі» деген сөз бар. Қазақтың ұл-қыздарынан келешекте Қанипа апамыздай тілін сүйген тамаша мұғалімдер шығады деп сенеміз.
Бұдан кейін естелік тақтаны облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен қала әкімі Темірбек Қасымжанов ашты. Жиналғандар марқұмның рухына тағзым етіп, тақта алдына гүл шоқтарын қойды. Өскемендегі үлкен мешітте марқұмға үлкен ас берілді.
… Осыдан қырық күн бұрын, артында өшпес із қалдырған, «ұлағатты» ұстазды жер қойнауына берген кезде жаңбыр жауып тұрған еді. Кеше де табиғат-ана аяулы қызын қимағандай, халқымен бірге жылап тұрды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button