Қанипа Бітібаева атындағы бас жүлдені ақтөбелік оқушы иеленді
Өскеменде 20-23 мамыр аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада өтті. Облыстық білім басқармасы мен өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырған халықаралық олимпиада қорытындысы облыс орталығындағы НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебінде белгілі болды. 5 шет мемлекеттен және елорда мен еліміздің бірқатар облыстарынан келген оқушылар екі айналымда жазбаша және ауызша сынақтан өтті.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткен зияткерлік сайысқа Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан-Американдық еркін университетінің ғалымдары мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Нұр Отан» ХДП филиалының қызметкерлері қазылық етті.
Үш күндік олимпиада бағдарламасының қорытындысы бойынша барлығы 87 оқушы жүлдегер атанды. Ең жоғарғы ұпайға Ақтөбе облысының 9-сынып оқушысы Темірлан Жаноразов ие болды. Оған Қ.Бітібаева атындағы бас жүлде, диплом және теледидар берілді.
Сондай-ақ, олимпиаданың үздік қатысушылары білім беру гранттарын жеңіп алды. Мәселен, Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің грантын Алматы облысының О.Жандосов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Маржан Өкен, Қазақстан-Американдық еркін университетінің грантын Жамбыл атындағы облыстық мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Балжан Сәрсембаева иеленді. ҚХР Құлжа орта мектебінің оқушысы Айгүл Манап, Оңтүстік Кореяның «Достар» орта мектебінің 9-сынып оқушысы Канг Ё Ин, Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің 10-сынып оқушысы Гүлзар Осатаева, Қырғызстанның №53 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Эдиль Сапралиев және отандастарымыз бар, барлығы он оқушы «Нұр Отан» ХДП дипломдарымен марапатталды.
Олимпиада қатысушылары облыстық мұражайға, «Жастар» саябағына, сонымен қатар, «Восток-Тур-Драйв» туристік базасына саяхат жасап, НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебінде «Үміт» балалар үйі тәрбиеленушілерінің мерекелік концертін тамашалады.