Аң патшасына күніне сегіз келі етті қайдан табамыз?
Алматы қаласына жақын ауылдардың бірінде арыстан жүргенін хабарлап едік. Қазір ол Алматы қалалық зообағына алынды.
– Мамандар анықтағандай, «аң патшасын» бір адам қолында асыраған. Кейін көшеге тастап кеткен. Қазір ол адамның мәселесін полиция қарап жатыр. Шара қолданылады, – деп жазды Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.
Бірақ зообақта арыстанды өз балансына алғанша, үш-төрт ай тамағына қаражат жоқ. Уақытша табиғат жанашырлары қамтамасыз етеді. Оған күніне жеті-сегіз келі ет керек. Бір келісі – 2000 теңге. Ал бақ ішінде арыстанға жеке қоршау жасақтауға тағы бөлек қаражат жиналмақ. Шамамен, үш миллион теңге.
– Иә, көбіміз жануарларды еркіндікке жіберіп, зообақты мүлде жабуды армандаймыз. Бірақ бұл мүмкін емес… Сондықтан екі аяқты ағайындарымыздың қателігін өзіміз түзейміз, солай емес пе? – дейді белсенді Наталия Сульжик.
Тасқын Болатұлы