Ауыл шаруашылығыЖан-жануарҚоғам

Жайылымға деген қажеттілік азайып келеді

Бір жыл ішінде өңір халқының мал жайылымдарына деген қажеттілігі бір миллион гектарға қысқарды. Бұл туралы халықты мал жайылымдарымен қамтамасыз ету жайында баспасөз мәслихатын өткізген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис хабарлады.

Қазіргі таңда облыста 19,9 млн. гектар жайылым болса, оның тең жарымы  шаруаларға бекітіліп берілген. Сонымен қатар елді мекендер жерлерінде 2,6 млн. гектар есепке алынып, 6,5 млн. гектардың мемлекеттік меншіктегі жайылым екені анықталған.

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Бас прокуратурамен бірлесіп, бос және ұтымсыз пайдаланылатын жайылымдарды қайтару және оларды ауыл халқына пайдалануға беру жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында былтыр облыстың аудан, қала әкімдерімен бірлесіп осы бағытта жұмыстар жүргізілді. Жалпы, өткен жылдың бірінші ақпанында облыс халқының жайылымға деген қажеттілігі 1,43 млн. гектарды құраған болатын. 2021 жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өкімімен құрамына ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария, жер инспекциясы сынды уәкілетті органдардың өкілдері мен аудан, қала әкімдері кірген жұмыс тобы құрылды, – дейді Надежда Михейлис.

Оған қоса, халықтың жайылым алқаптарына қажеттілігін азайту жөнінде іс-шаралар бағдарламасы әзірленіп, облыс басшысы ай сайын аудан, қала әкімдерінің есептерін тыңдау және жұмыс тобы мүшелерінің өңірлерге шығуы тәжірибеге енгізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жайылымдарға деген қажеттілік бір миллион гектарға дейін қысқарып, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 146,2 мың гектарды құрады.

– Жайылымға қажеттіліктің азаюына негізінен пайдаланылмаған жайылымдарды қайтару, елді мекендер шекарасына қосымша жайылымды енгізу, елді мекендер жерінде мал жаюды,  шалғайда жайылымдар ұйымдастыру, орман қоры жерлеріндегі алаңдарда мал жаю және өнімділігі төмен егістіктерді жайылымға ауыстыру сияқты жұмыстар өз септігін тигізді, – дейді Надежда Михейлис.

Басқарма басшысының хабарлауынша, бүгінгі күні жайылымға жеген қажеттілік Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласында ерекше сезіліп тұрған көрінеді. Дей тұрғанмен, алдағы екі жыл көлемінде  Глубокое ауданында  545 гектар,  Бесқарағай ауданында  15,6 мың, Бородулиха ауданында  55,2 мың, Ұлан ауданында  73,7 мың, Өскемен қаласында  1,2 мың гектар пайдаланылмай жатқан жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілмек.

 Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button