Мәдениет

Қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз

Қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз


Соңғы кездері қоғамның жиі талқысына түсіп, қызу пікірталас тудырып отырған мәселенің бірі – үштілділік. Әсіресе, үштілділікті білім беру жүйесіне енгізуді жақтаушылар да, даттаушылар да жетерлік. Бірі «үштілділік ұшпаққа шығармайды, алдымен мемлекеттік тілімізді жарылқап алайық» десе, екіншілері «үштілділік – бәсекеге жол ашады» дегенді негізге алады. Қоғам бұл мәселені жан-жақты талқылап жатқанда, біздің облыс мұғалімдері үштілділікті дамыту бойынша кешенді жоспар жасап, іске кірісіп те кетті.

3400 мұғалім тантылды

Тәуелсіздік алғалы еліміздің білім саласының реформадан көз ашпағаны шындық. Әр келген жаңа министр жәй келмей, өз «жаңалығын» алып келеді. Еліміздің білім беру саласының басына өткен жылдың ақпан айында келген Е.Сағадиев та өзінің тың жаңалықтарымен жұртшылық назарын өзіне тез аударды. Соның бірі – үштілді білім беру жүйесіне көшу мәселесі. Бұл мәселе қоғамда әлі де талқылаудың өзегіне айналып отыр.

Ал біздің өңірдің педагогтар қауымы облыс басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен «Үштілділікті дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жасап, жүзеге асыруға кірісіп те кеткен болатын. Үш кезеңді қамтитын кешенді жоспардың алғашқы кезеңі 2015-2016 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2017-2018, үшінші кезеңі 2018-2019 жылдарға арналған. Осынау кешенді жоспарды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген. Кешенді жоспарды жүзеге асыруға 3400 тілдік пән мұғалімдері қатысатын болса, оның 1200 оқытылуы қазақ тілді емес мектептердегі қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, 900 оқытылуы қазақтілді мектептердегі орыс тілі пәнінің мұғалімдері, 1300 ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері. «Шығыс» өңірлік орталығының директоры Мұңлық Асанованың айтуынша, үш кезеңді қамтитын кешенді жоспардың алғашқы кезеңінде тілдік пәндердің мұғалімдерінің барлығы диагностикадан өтіп, сапалық құрамы анықталыпты. Ал 2016 жылдың тамыз айынан бастап тіл пәндері мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Бір атап айтарлығы, біліктілікті арттыру курстарына шетелдік мамандар, яғни, тілді тасымалдаушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, профессорлар, деңгейлік оқулықтардың авторлары тартылуда.

Арнайы курстан өткен ағылшын тілі мұғалімдері әлемдік деңгейдегі ТКТ (teaching knowledge test) емтиханын да тапсырған.

– Жалпы алғанда, мұғалімдеріміздің деңгейі жаман болған жоқ. Ең жоғары деңгейге 21 ағылшын тілі пәні мұғалімі ілікті. Сондай-ақ, олардың арасында екі модульді де төртке тапсырған мұғалімдер бар. Ол мұғалімдерге арнайы марапаттау болады. Әкімнің сыйақысына ұсыну үшін жаңағы 21 мұғалімнің өздерін ғана емес, оқушыларын да диагностикадан өткіздік, – дейді М.Асанова.

Сол 21 мұғалімнің ішінде оқушылары да ағылшын тілінен жоғары деңгейді көрсеткендер бар екен. Нәтижесінде, ағылшын тілінен жеті мұғалім, орыс мектебіндегі қазақ тілі бойынша жеті мұғалім облыс әкімінің сыйақысына ұсынылмақ.

Оқулықтар мәселесі шешілген

Үш тілді білім беруді енгізудің шешуші факторы – оқулықтар мен әдістемелік құралдар екені белгілі. М.Асанова бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ екенін айтады. Өткен жылы Шығыстағы барлық білім беру мекемелері 1-11 сынып оқушыларына арналған «Cambridge University Press» баспаханасының кітаптарымен қамтамасыз етіліпті. Бұл мақсатқа 509 млн. теңге жұмсалған. Сондай-ақ, өткен жылы қазақ тілді емес мектептердегі оқушылар үшін профессор, филология ғылымдарының докторы Ф.Оразбаеваның, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі оқушылар үшін профессор Е.Хамраеваның орыс тілі пәні оқулығы сатылып алыныпты.

– Жаңа оқу жылына жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 2, 5, 7 сыныптарға арналған оқулықтар алуды жоспарлап отырмыз, – дейді М. Асанова.
Оның айтуынша, биыл барлығы 2500 мұғалімді арнайы курстан өткізу жоспарланып отырған көрінеді. Тендер өткізіліп, оны «Астана білім ордасы» деген компания жеңіп алыпты. Тамыздың 1-інен бастап тілдік пәндердің мұғалімдеріне арналған курс басталмақ. Ағылшын тілінен Англияның өзінен мұғалімдер, яғни, тіл тасымалдаушылары келіп оқытады деп күтілуде.

Облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының директоры М. Асанова үштілділікті дамытуға арналған кешенді жоспардың 2017-2018 жылдарға арналған екінші кезеңін жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 497 миллион теңгенің бөлінгенін жеткізді. Оның 320 миллион теңгесі қазақ, орыс, ағылшын тілдері мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған курстар өткізуге бөлінсе, 177 миллион теңгесі мұғалімдердің іс сапар шығындары үшін бөлінген.

– Мұғалімдердің барлық жағдайын жасап отырмыз. Мұғалімдердің іс-сапар шығындарына да, қыркүйек, қазан, қараша айларында курстық дайындықтан өтетін мұғалімдердің орнын ауыстыратын мұғалімдерге де бөлек қаражат қарастырылған, – дейді М. Асанова.

Бұл арада біздің облыс үштілділікті білім жүйесіне енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске асырып отырғанын да ескеруіміз керек. Егер қанатқақты жоба сәтті жүзеге асатын болса, облыс мектептерінің тәжірибесі алдағы уақытта республикаға кеңінен енгізілетіні де аян.

Олай болса, үштілділікті білім жүйесіне енгізу мәселесі қоғамда неге талас тудырып отыр? Кейбір зиялы қауым мүшелері үштілділікке неге үрке қарайды? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген жоқ па?

Қалай десек те, ендігі жерде ағылшын тілінен бойымызды аулақ ұстап, қашқақтаудың әсте қажеті жоқ. Аягөз ауданы, Мамырсу аулындағы С.Ғаббасов атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бақытгүл Асылханова осылай дейді.

Қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз

– Үштілділікке үрке қарауға болмайды. Өйткені, көп тіл білген баланың таным көкжиегі кең болады. Ағылшын тілі баланың қазіргі заманда жан-жақты дамуына жол ашады. Оның үстіне қазір ақпарат заманы екенін ұмытпайық. Ғаламтордағы ақпараттың 50-55 пайызы ағылшын тілінде. Сондықтан да ағылшын тілінің артықшылығы көп екенін мойындауымыз керек. Ағылшын тілі – ғылым мен бизнестің тілі. Бұл тілде әлемдегі 1,5 млрд. адам сөйлейді. Десе де, ана тілімізге де үлкен көңіл бөлу керек. Мен осы ағылшын тілі пәнінің тәжірибелі мұғалімі ретінде бір құпияны ашайын, бала неғұрлым өзінің ана тілін жетік білген сайын ағылшын тілін де жылдам меңгереді. Ал өз тілін білмей тұрып ағылшын тілін меңгерем деу бос сөз. Өткен жылдан бастап біз ағылшын тілі пәнін Кембридж оқулығы бойынша оқып жатырмыз. Жаңа оқулықтың артықшылығы көп. Баламен қарым-қатынас жасауда, оқушының білімін бағалауда жаңалықтары бар, – дейді тәжірибелі ұстаз.

Бақытгүл 1990 жылы Өскемен педагогикалық институтын бітіріпті. 27 жылдық тәжірибесі бар. Өткен жылы ТКТ (teaching knowledge test) емтиханын тапсырғанда екі модульдан да 4/4 алған мақтаулы мұғалімдердің де бірі осы Бақытгүл.

Тілдік лагерьлер жұмыс істейді

Тілді меңгеру үшін, әрине, тілдік орта керек. Осы орай облысымызда былтырдан бері мамандандырылған тілдік лагерьлер жұмыс істей бастады. Өткен жылы 5 мыңға жуық бала жаз бойы демалыс пен білімді ұштастырып, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйренсе, бұл үрдіс биылғы жазда да жалғасын табуда.

– Оқушылардың жазғы демалысы биыл да тілдік, шығармашылық, экологиялық-туристік, еңбек секілді бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда, – дейді бұл туралы облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының директорының орынбасары Бейбітгүл Базанқызы. – Үш тілде білім беруді дамытудың кешенді жоспары аясында облыстың үш ауданында тілдік лагерьлер жұмыс істеуде. Әр лагерьде 150 бала, яғни, барлығы 450 бала қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуде. Үржар ауданындағы «Үржарайым» лагері ағылшын тілін тереңдете оқытса, Күршім ауданындағы «Балдәурен» лагерінде орыс тілінде білім алатын балалар үшін қазақ тілін, Өскемен қаласы әкімдігінің «Жігер» лагерінде мемлекеттік тілде оқитын балаларға орыс тілін үйретеді.

Қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз

Кейбір деректерге қарағанда, ағылшын тілін меңгерудің халықаралық рейтингі бойынша Қазақстан 63 елдің арасында әзірге 54-ші орында тұр. Десе де, қазақстандықтардың әлі де жаһандық тілді меңгеруде алға шығып, ағылшындардың өзін жаңылдыратын деңгейге жететініне сенім мол.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button