Спорт

Анасының арманын орындады

Спортшыны күтіп алуға Өскемен әуежайына жиналған жанкүйерлер гүл, шар, плакаттарын дайындап, өзара ұйымдасып жатыр.

– «Құттықтаймыз!» деп, бәріміз бірауыздан үш мәрте айғайлаймыз, жарай ма? – деді жиылған көпшілікке бас болып жүрген ағай.

– Мен төрт рет айғайласам қайтеді? – деді бір кішкентай қолдаушы.

– Мейлі, сен төрт мәрте айғайлай ғой, – деп, жымиды ағай.

Жанкүйерлер сағатқа бір, есікке бір қарап, елеңдеп тұрғанда қалың жолаушының ішінен шаңғышы қыз Анастасия Городко да көрінді. Ол Алматыда өткен фристайлдан әлем чемпионатында параллеьлді могуль сынында қола жүлде алған болатын. Жарыс барысында жерлесі Юлия Галышева мен канадалық Софьян Ганьоннан басым түсіп, сенсация істегені әмбеге аян.

– Анастасия 15 жаста. Кіп-кішкентай бола тұра ересектер арасында қолаға қол жеткізуі – ғажап нәтиже. Ол – біздің фристайл командамаздың мақтанышы. Өңірімізде шаңғы спорты жақсы дамыған. Осы жолда жанын салып, аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларға зор алғыс, – деді облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары Эльдар Жәкежанов.

Анастасияның өзі ерекше әсерде екенін айтады.

– Мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Өзім де аң-таңмын. Басқа не айтарымды білмеймін. Ал жарыстың өзіне келсек, еліміз аз уақыттың ішінде шаңғышылар жолын дайындап үлгеріп, әлемдік доданы жоғары деңгейде өткізе алды деп ойлаймын, – деді спортшы.

Оның толқып тұрғанын білген анасы сөзді ары қарай жалғады.

– Әлбетте, бұл таңғалдырарлық жетістік болды. Дегенмен, мен қызымды мақтан етемін. Оны осы спортқа өзім бағыттаған едім. Жас күнімде өзім де шаңғышы болуды армандағанмын. Мен шықпаған биікке қызым шықты бүгін, – деді Елена Городко.

Журналистердің сұхбаты тез аяқталуын асыға тосып тұрған жанкүйерлер шаңғышы қызды қаумалап суретке түсе бастады.

Тасқын Болатұлы,

Сурет авторы: Ануар Тюлюбаев.

Осы айдарда

Back to top button