Мәдениет

Аналарға барлық құрмет лайық

Аналарға барлық құрмет лайық


Халқымыз ананы айрықша құрметтеген. «Алып анадан туады» деп, барлық ұлы ғұламалар мен батырларды құрсағы алтын аналар дүниеге әкелетіндігін, оған барлық құрмет лайық екендігін айтып өткен.

Асыл дініміз исламда да «Жәннат – ананың аяғының астында» дейді. Яғни, бұл аналарға құрмет бәрінен биік болсын деген сөз.
«Ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бірде бір адам келіп:

– Уа, Алланың Елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» – деп сұрапты. Ол:

– Анаңа, – деді. Ол кісі қайта сұрағанда, тағы да «анаңа», үшінші рет сұрағанда да, «анаңа» деп жауап бергеннен кейін ғана ең соңында:

– Әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа, – деп жауап берген екен», дейді имам Бухар имам Муслимнен жеткен хадистерде.

Осыған қарап адамның ана алдындағы перзенттік парызының қандай биік болатындығын бағамдауға болады. Адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анаға жақсылық жасау, құрметтеудің маңыздылығын осылай тағылым еткен.

Ананың көңіліне көлеңке түсірмеу туралы ислам тағылымдары мен ұлтымыздың ұлы ғұламалары көптеген өсиеттер қалдырады.

Ондағы ең басты жайт әйелін анасынан жоғары қоймау болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: «Әйелін анасынан жоғары тұтқан адамға лағнет болсын! Оның парыз болған және басқа да ғибадаттары қабыл болмайды» (Шира) деген. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыры ол ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: \”Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине, мен бой ұсынушыларданмын\” деді.

Яғни, ер-азамат үшін әйелінің орны белгілі деңгейде маңызды болса да, анасынан биік қоюға болмайтындығын осы тағылымдардан білеміз.

«Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Біз адам баласына ата-анаға жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтереді. Емшектен екі жылда шығарады. Сондықтан оған: «Маған және ата-анаңа алғысыңды білдір, – деп бұйырдық» делінген.

Бұл туралы мынандай да хикая айтылады. Бірде Әбу Бәкірдің қызы Әсмә былай дейді: «Бір күні әлі мүшрік (дінсіздік белгісі) болған анам қасыма келді. Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Анам келіп тұр, менімен сөйлескісі келеді, онымен жақсы қатынас жасайын ба?», – деп сұрадым. «Иә, оған құрмет көрсет», – деп жауап берген-ді.

Анаға құрметтің, перзенттік парыздың аса жоғары екендігін осыдан білуге болады. Осыған байланысты қасиетті Құранның Мүмтахина сүресінің 8-аятында Алла Тағала былай деген: «Дін үшін сендермен соғысып, сендерді ел-жұрттарыңнан қуғындамағандарға жақсылық жасап, әділдікпен қатыс жасауларыңа Алла Тағала тыйым салмайды. Расында, Алла турашылдарды жақсы көреді» дейді.

Аналарға барлық құрмет лайық. Ол – Ұлы Алла Тағаланың өсиеті.

Бауыржан қажы Нығызбекұлы,
Өскемен қалалық орталық мешітінің бас имамы

Осы айдарда

Back to top button